Әдебиет

«Жыл басына таласқан хайуандар» ертегісінің танымы

Қар жауды, бұрқасын болды. Осы көріністі қайсыбіреулер әлеуметтік желідегі парақшаларына жариялап жатыр. Жыл сайын ақпанның 18-19-20-ларында қайталанатын құбылыс бұл.

Бала кезімізде қыстыгүні ауылдан жырақтап, ойнап жүріп, аппақ қар жамылған даланың кей тұсынан шығып қалған топырақты көзіміз шалатын. Мән бермеуші ек…

Латиф есімді құрдасым бар. Бірге өскен. Аңшы. Броконьер емес. Заңдастырылған құжаты бар. Соның білмейтіні жоқ. Арнайы уақыт тауып, дала кезіп кетеді кейде. Сол айтады-ау, ақпанның 18-19-20-ларында тышқан інінен бір шығып жатады деп. Егер ол алысқа ұзап, жайылып кетсе күн жылиды. Тым қашыққа бармай ініне қайта кіріп, шықпаса, екі-үш күн қар жауады немесе бұрқасын болады дейді.

Оның бұл сөзінен кейін балалық шағымызда үлкен кісілердің осы айда тышқанның (балпақ) бір шығып жататын кезі деп әңгіме арасында айтып қалатыны жадымызға оралды.

Бұл нақтыланған табиғаттың шындығы екен. Қазақтың «Жыл басына таласқан хайуандар» деген ертегісін жиі тыңдап өсіп ек. Кейін аңдадық, мұнда халықтың этнографиялық, астрономиялық танымы жатқанын…

Атам Кәртен жарықтық шежіреші кісі еді, халық ертегілерін, жұмбақтарын, қисса-дастандарын көп білуші еді. Қойнында жатып, тыңдаушы ем. Ол солардың бірін былай бастайтын-ды: «Бір замандарда хайуандар жылдың басы болуға таласыпты. Сонда жылқы айтыпты дейді:

— Мен алысты жақын қыламын. Күшімді пайдаланады, сүтімді ішеді, қылыма шейін арқан, жіп еседі. Адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл басы мен боламын, — деп.

Түйе:

— Сен адамға жейтін сұлың, шөбің үшін қызмет қылып, құл болып жүрсің. Мына мен сен көтере алмайтын ауырды көтеріп, неше айшылық алыс жерлерге барамын. Аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын. Көде болса, көдені, жусан болса, жусанды қорек етіп, табылса, су ішіп, табылмаса, шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу тек маған лайық, — дейді.

Сиыр:

— Адам егін ексе, менімен егеді, сүтімді ішеді, одан әрі құрт-май істейді, жыл басы болу маған лайық, — депті.

Қой айтады:

— Мен болмасам, қазақ үйін немен жабар еді. Жүнімді алып, киіз басады, жабағымнан киім тігеді, арқан, жіп еседі. Сүтімнен құрт-май алады, шаруаға менен пайдалыларың жоқ.

Ит:

— Мен болмасам, сендерді ұрлап не қасқыр жеп, тауысар еді. Бәріңді күзетіп жүретін сақшыңмын, дұшпан көрінсе үріп, абалап, иеме хабар беремін, — депті.

Тауық айтады:

— Мен болмасам, адамдар жұмысына бара алмай, ұйықтап қалар еді. Ерте тұрып, таң атты деп шақырып, хабар беремін. Кеш болса, жатар мезгіл болды деп тағы шақырамын.

Тышқан не айтарын білмей тұрады да қулық ойлап табады, жиылған көпке:

—  Бұл таластан ештеңе өнбес, одан да жылды бәріміз қарап тұралық. Кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын, — депті.

Түйе өзінің бойына сеніп: «Менен бұрын кім көре қояды?» — деп тышқанның сөзін қостапты. Ал тышқан түйенің өркешіне өрмелеп шығып, жайғасып отырып алады. Өзге хайуандар: «Бірінші мен көремін, жоқ, мен көремін», — деп өзара дауласып тұрғанда, ең биікте отырған тышқан жылды басқалардан бұрын көріп, хабар беріпті дейді. Сөйтіп, ол жыл басы болған екен. Түйе бойына сеніп, жылдан осылай құр қалыпты», — деп аяқтайтұғын.

Бұдан осы ертектің қыс бойы ұйқыға кететін дала жәндіктерінің ішінде тек тышқанның (балпақ) жаңа жыл Наурыз айы енбестен бұрын ерте оянып, табиғатты бір барлап алатын түйсігіне қатысты шығарылғанын пайымдауға болады.

Қазақтың әр қиял-ғажайып әңгімелерінің астарында өмірдің осындай шындығы бар, осыны біліп жүрсек екен.

                                                                                Бөрібай КӘРТЕН,

                                                                                   Ақтөбе қаласы.

      

Басқа жаңалықтар

Back to top button