Рухани жаңғыру

«Рухани жаңғыру»: кітап оқитындар қуанышы

Өңіріміздегі байырғы мәдениет мекемелерінің бірі — облыстық халық шығармашылығы орталығы ән-биге ғана емес, сөз өнерін де насихаттауға барынша үлес қосып келеді. Оған мысал ретінде жыл басынан ұйымдастырылып жатқан түрлі әдеби шараларды айтуға болады. Бұлардың дені республикалық «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында қолға алынған.

Оқырмандарға базарлық

Айталық, жоғарыда аталған өнер ұжымы Ақтөбе қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітап қорына «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбомды салтанатты жағдайда тапсырды. Былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы бірлесіп шығарған арнаулы жинақты құнды еңбек деуге толық негіз бар.

— Музыкалық альбомның басы-қасында Қазақстанның жетекші ғалымдары, тарихшылар, белгілі өлкетанушылар, этнографтар, музыка зерттеушілері болып, әрқайсысы өз үлесін қосты. Жалпы редакциясын басқарғандарға тоқталсақ, идея авторы — облыс әкімі Оңдасын Оразалин, жобаның жетекшісі —  атақты жырау, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмасбек Алматов.

Өз тарапымыздан Михаил Ломоносов атындағы қалалық орталық кітапханасы оқырмандарына «Ер Едіге — Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомының таныстырылымын жасадық. Оқырмандарға музыкалық альбомды таныстырып қана қоймай, Сақтаған Бәйішев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, едігетанушы Жұманазар Асан сөз сөйлеп, Едіге би тұлғасының зерттелуі мен ұлықталуы, қазақ ғалымдарының едігетануға қосқан үлесі төңірегінде әңгіме өрбітсе, ал Сақтаған Бәйішев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасыковоркинг орталығының жетекшісі, ақын Талғат Тілеулесов қазақ халқының жыршылық өнері жайлы айтты, Едіге батырға арналған өлеңін оқыды. Кейіннен сол кітапхананың директоры Құралай Райымбаеваға «Ер Едіге — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбомның 7 данасын табыс еттік, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.

Айта кетейік, музыкалық дастан екі бөліктен тұрады. Алғашқы кітапта «Қырымның қырық батыры» және «Едіге батыр» туралы тарихи мәлімет, жырды бізге жеткізген жыраулар, еліміздің әр өңірінен сол мұраларды жырлаған жыршы-жыраулардың өмірбаяндары, қазақ, орыс және ағылшын тілінде берілсе, келесі кітапшаның ішінде жыр жазылған 10 диск орналасқан.

«Жырлайды жүрек»

Сондай-ақ биыл 60 жылдығын атап өткелі отырған облыстық халық шығармашылығы орталығы бірқатар ақындардың мерейтойларын ескерусіз қалдырып жатқан жоқ. Мәселен, тірі болса биылғы ақпан айында 90 жасқа толатын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың атаулы датасына орай әдеби-сазды шаралар өткізіліп жатыр. Бір ерекшелігі, бұл 9 ақпан — мұзбалақ ақынның туған күнінде ғана емес, тұтас ай бойы қала мен аудандардағы Мәдениет үйлерінде жалғасады. Сондай шаралардың бірі — «Жырлайды жүрек» атты әдеби-музыкалық концерті.

Мәдени шараның шымылдығын ашқан жүргізуші Әлима Айтмағамбетова ақынның өмірі мен оның шығармашылығы турасында ой толғап, концерттік бағдарламаны Бағдат Балмағамбетова «Керемет күн» әнімен ашты. Мұқағалидың көптеген өлеңдеріне әндер жазылғаны белгілі. Осы кеште солардың бірқатары орындалды. Айталық, «Жас қайың», «Есіңе мені алғайсың», т.б. Сондай-ақ шараға дәстүрлі әнші Құралай Әленова, Нұргүл Рамазанова, Аслан Мұханбетжан,

Жайнаргүл Мырзабековалар атсалысты. Арасында ақынның өлеңдері де оқылды.

— Одан кейін облыстық халық шығармашылығы орталығы мен Қобда аудандық Мәдениет үйі бірлесіп «Ән жырым саған, туған ел!» атты концертті ұсынды. Мұнда да Мұқағалидың әндері шырқалып, қобдалықтар бір серпіліп, ақынның өзімен сырласқандай әсер алды. Бірегей ақынның мерейтойына арналған шаралар жыл бойы жалғасын табады, — дейді Гүлнар Сейталина.

Он жас айтыскер өсіп келеді…

Облыстық халық шығармашылығы орталығында жас айтыскерлер үйірмесі де жұмыс істейді. Жастарды халық ауыз әдебиетінің осы түрі һәм синкретті өнерге баулитын үйірме ақысыз негізде ұл-қыздарды қабылдайды. Мұнда,негізінен,мектеп оқушылары, студенттер ақындық өнердің қыр-сырын меңгеріп жүр.

— Орталық өкілдері оннан астам жас айтыскерді тәрбиелеп, оларды республикалық, облыстық додаларға қосып келеді. Мысалы, қазіргі таңда Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Менің пірім — Сүйінбай» айтысына осы үйірменің 4 бірдей мүшесі қатысып жатыр. Олар — Самғар Орынбай, Қайырхан Жұбаниязов, Нұрбол Жауынбаев, Шынарбек Тұрсынұлы. Ақтық кезеңге солардың үшеуі өтті. Жақсы хабар күтіп отырмыз…

Ақын Марат Ахметов жетекшілік ететін жас айтыскерлер үйірмесі балаларды ақысыз қабылдайды. Тек ынтасы болса жеткілікті. Үйірме балалармен әлеуметтік желілерде де «жұмыс жасайды». Сол арқылы да ақыл-кеңесін беріп, жазған өлеңдерін қарап отырады. Әсіресе, пандемия кезінде осы әдіс қарқын алды. Біздің ұжым қазағымыздың мәдени мұрасын өскелең ұрпақ арасында насихаттау, жас ақындарға қолдау көрсету жұмыстарын тұрақты жалғастырып келеді, — деп атап өтті әңгімелесушіміз.

Айта кетейік, аталған үйірме 2014 жылдан бері жұмыс істейді.

P.S. Облыстық халық шығармашылығы орталығының әдеби-мәдени шаралар жоспарына сүйенсек, алда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ақын, драматург, композитор, жерлесіміз Бәкір Тәжібаевтың 95 жылдығына арналған «Театр —өнердің ұлы көші» атты республикалық театрлар фестивалі өтпек. Сондай-ақ биыл Ақтөбеде «Тұғырлы Тәуелсіздік» деген атаумен республикалық ақындар айтысы шымылдығын түргелі отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button