Тарих

Бейбіт күннің қадірі

Ауғанстан жеріндегі 1979 жылдан 1989 жылға дейін созылған көзге көрінбес  майдан қасіреті әлі толастаған жоқ.  Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерін артқа тастап, бейбіт елге оралғанына 32 жыл толды.

Қазақстандық 22 мың жауынгер сол жылдарда ауған жерінде қолына қару ұстап, оқ пен оттың ортасында жүрді. Олардың арасынан өрімдей 700 боздақ елге оралған жоқ.

Бүгінде Ақтөбе өңірінде 982 Ауған соғысы ардагері тұрады. Олар жыл сайын ақпан айының ортасында сол жылдарды еске алып, қарулас достарының ерліктері туралы естеліктер айтады.

Ауған жерінде  интернационалдық борышын адал атқарып, елге абыроймен оралған азаматтардың бірі Айсұлтан Балмұханов сол жылдардың суретін әлі күнге дейін ұмытпайды. Сондықтан да ол бейбіт күннің қадірін жақсы біледі.

1984 жылы әскер қатарына сәуір айында шақырылған ол алғашқы лекке ілінгендіктен әдеттегідей шетелде қызмет ететіндігін болжамдаған. Алайда ақтөбелік он төрт жас жігіт сол кездегі Семей облысының Үржар ауданынан бір-ақ шықты. Бұл жерде Қытаймен қатарлас Мақаншы шекара жасағына қабылданған олар екі жарым айдай уақыт жас сарбаздардың дайындық курсынан өтеді. Мектеп бітіргеннен кейін өндірісте жұмыс істеп үлгерген Айсұлтан бастапқы сәттен-ақ алдыңғы қатардан көрінеді. Одан кейінгі іріктеуде кіші командирлер даярлайтын курсқа қабылданған ол Қырғыз еліндегі Пржевальск қаласына жол тартады. Мұнда сержанттар даярлайтын мектеп жас жауынгер үшін кезекті сынақ алаңы іспетті болады. Ол жарты жыл бойы теориялық білімін жетілдірумен бірге, денешынықтыру, жауынгерлік түрлі әдіс-тәсілдерді де меңгерді.        

Ал Мақаншыға қайта оралған кезде танкіге қарсы тұратын взводтың 1-бөлімшесінің командирі болып тағайындалуы оған көрсетілген үлкен сенім еді. Ол қызмет ететін взвод Қытаймен арадағы шекара бекетінде орналасты. Нақ осы тұста Ауғанстандағы жағдай әлі де алаңдатарлық күйде болатын. Мемлекеттер арасындағы келісімшартқа сәйкес кеңес жауынгерлері сол жақта әскери қызмет атқаруды жалғастырып жатты.

Бір қызығы, Кеңес одағы кезінде интернационалдық борышты өтеуге жауынгерлер «өз еркімен» барады. Айсұлтан әскери міндетін атқарып жатқан отряд командирі хабарлама жасағаннан кейін отбасы жағдайымен байланысты өтініш білдірген екі-үш жауынгерден басқасы жорыққа аттануға әзір екендіктерін мәлімдеді.

Көп ұзамай  танкіге қарсы тұратын взвод арнаулы тапсырмамен Ауғанстанға қарай бағыт ұстады. Әуелі Қырғыз еліндегі Ош қаласына табан тіреген олар көп кідірместен Тәжікстан арқылы Ауғанстанға бет алады.

Бұл кезде маусым айы еді. Жауынгерлер Тәжікстан жерінің өзінде-ақ алғашқы сынға тап болады. Алдан кездескен асулардан өтерде жас жігіттердің өзі дем алуы қиындап, жүрістері кідірістей береді. Пяндж өзеніне жеткен кезде бұған дейін алға ұмтылып, жүректері бұлқынған жауынгерлердің көңіл күйлері алабұртқандай болады. Өйткені арындап ағып жатқан асау өзеннің арғы беті Ауғанстан еді. Бұлар бейбіт күннің артта қалатынын енді айқын сезінгендей күй кешеді. Алайда артқа шегінуге жол жоқ.

Ал Айсұлтан взвод командирі болғандықтан өз тобындағыларды жігерлендіріп, тәртіппен ұстаумен бірге, олардың амандығы үшін де жауапты екендігін осы тұста сезінген.

Бұлар келіп қосылған кеңестік гарнизон Таулы Бадахшан автономды округіндегі Гүлхана деген ауылда орналасқан болып шықты. Түн қараңғысында сонда жеткен бұларға ешқандай жеңілдік жасалмайтыны белгілі болды. Алғашқы тапсырма да жедел берілді. Зардев шатқалын жаудан босату керек. Осы  операцияға белсене қатысқан қазақстандықтар белгіленген міндетті ойдағыдай орындауға үлес қосты. Ал топ жетекшісі Айсұлтан Балмұханов «КСРО мемлекеттік шекарасын үздік күзеткені үшін» медалімен  марапатталды.

Қазақ баласы әдетте кішкентайынан батырлық пен ерлік ұғымына етене жақын өседі. Әсіресе, Айсұлтанның қатарластары бала кезден батырлар жырын оқып, бойларын ерекше күш-қуат билеп, өздерін үнемі ат үстінде жүргендей елестететін. Оның бер жағында Ұлы Отан соғысы кезіндегі ел қорғаған батырлар есімдерін де ұстаздар әр сабақ сайын құлақтарына құйып отыратын.

Шұбарқұдық өңірінде туып-өскен бала Айсұлтан да балалық көңілмен талай рет батыр болсам деп армандаған. Сондайда көрші Байғанин ауданында тұратын батыр Қожабай Жазықов туралы біліп, сол кісіні көрсем деп те қиялданатын. Бір қызығы, батырдың өзін көрмегенімен, ол кісінің баласы Темірғалимен әскер қатарына бірге шақырылғанда мұндай сәйкестікке қатты таңғалғаны бар. Екеуі Қытай шекарасында біраз уақыт бірге қызмет етті. Батырдың баласы «Шекара әскерінің үздігі» төсбелгісімен марапатталғанда мұны әке үлгісі деп ұққан.

Айсұлтанның взводында қазақтан жалғыз өзі ғана болды. Сондықтан да бір жағы ұлттық намыс туын жоғары ұстауға ұмтылды. Екіншіден, взвод командирі деген жауапкершілігі және бар.

«Ауғанстан жерінде талай қанды майдан, жорықтарға шықтық. Қауіпті сәттер де болды. Бірақ бойымызды қорқыныш билемепті.

Ал қорқыныш бәрібір кейінірек болды жүректе. Ол бізді елге қайтару туралы жарлық шыққаннан кейін. Оның себебі, Отанға ораламыз деп жинала бастаған кейбір сарбаздар аяқ астынан оққа ұшқан жағдайлар болды. Ал елде бізді ата-аналарымыз асыға күтіп отырған жоқ па?!» — дейді ол сол күндерді еске алып.

Жорық жолдарында әбден шыңдалып келген жауынгер енді жоғары білім алуға талпыныс жасайды. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне құжаттарын тапсырып, алдымен дайындық курсынан өтеді.

Ал  университетті жақсы тәмамдап, қолына дипломын алған соң еңбек жолын Алға аудандық сотының судьясы қызметінен бастайды. Ақтөбе облыстық сотының судьясы, Мұғалжар аудандық сотының, Ақтөбе қалалық №2 сотының төрағасы қызметтерінде болды. Бүгінде Айсұлтан Балмұханов — Хромтау аудандық сотының төрағасы.

…Оның әрбір күні адамдар тағдырымен тікелей байланысты. Біреу жаңылыс басып жатады, қасақана қылмыс жасап, екінші біреудің өміріне қиянат келтіреді. Сондайда сонау алыстағы жылдар тасасында қалған Ауған жеріндегі атыс-шабыстар көз алдына келеді.

Бейбіт күнде адамдарға не жетпейді екен деп ойлайды кейде…

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button