Білім

22 ақпан күні облыстық олимпиада өтеді

«Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық (қалалық), облыстық кезеңдерін өткізу туралы». Өңірлік коммуникациялар қызметінде осындай тақырыпта брифинг өтті. Шараға облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Сүлейменова қатысты.

8 ақпаннан бері жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының ІІ аудандық (қалалық) кезеңі өткізіліп жатыр. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты биылғы олимпиада 5 күнге созылуда. Шара бүгін қорытындыланады.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің рұқсаты алынды. Шара барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының кестесіне сәйкес ұйымдастырылуда, — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Облыс бойынша  5601 оқушы аудандық (қалалық)  кезеңге қатысып жатыр. Оның 3679-ы ауыл балалары.

Өз сөзінде ол биылғы шараның өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды.

Тапсырмалар «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының сайтында жарияланады. Сайысқа қатысушы олимпиада басталғанға дейін алдын ала сілтеме алады. Бұл платформа олимпиада басталғанға дейін 10 минут бұрын тапсырмаларды жүктеу және бір жүйеден тапсырмаларға бір уақытта қол жеткізу үшін қолданылады (тапсырма бір рет жүктелген соң, екінші рет жүктеуге мүмкіндік жоқ).

Олимпиада барысында оқушылардың басқа ресурстарды қарауына жол бермеуі үшін жарыс арнайы бейнебақылаумен жабдықталған кабинеттерде  өтуде.

Қатысушы тапсырмаларды алдын ала басып шығарылған жеке жауап парақтарында орындайды. Жекелеген жағдайда ғана дәптерде орындауға рұқсат етіледі.

Олимпиада аяқталғаннан кейін барлық қатысушының жұмысы сканерленіп,  Google Forms-ке арнайы сілтеме бойынша жүктеледі. Сондай-ақ оқушының жұмысы жеке кодтармен шифрланады, — деді Гүлназ Сүлейменова.

Олимпиаданың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық ұйымдардың, арнайы мониторингтік топ, облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті мен қоғамдық кеңес өкілдері, ата-аналар тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысуда.

Үздік нәтиже көрсеткендер жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысады.

P.S.

Республикалық олимпиаданың ІІІ  кезеңі (облыстық ) 22 ақпан мен 1 наурыз аралығында офлайн форматта , «U-Study» орталығында өткізіледі деп жоспарланып отыр.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button