МәдениетТәуелсіздік — 30

600-ге жуық туынды енгізілген антологиялық жинақ жарыққа шығады

Биыл Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын іске асыру мақсатында облысымызда «Ақтөбе өңірінің фольклорлық музыкасы» антологиялық жинағы жарыққа шығады. Сондай-ақ облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан «Едіге» жыр мектебі ашылмақ.

Біз облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы  Алтынай Юнисовамен әңгімелесіп, осы және өзге де жаңа жобалар туралы сұраған едік.

— Бүгінгі күні «Ақтөбе өңірінің фольклорлық музыкасы» антологиялық жинағы жинақталып жатыр екен. Осы жинақтың ерекшелігі, бағыттары туралы айтып берсеңіз.

— Өздеріңізге белгілі, осыдан бес жыл бұрын облыста «Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» атты ән-күй жинағы (CD-диск) жарыққа шыққан болатын. Ал өткен жылы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасын іске асыру мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен «Ақтөбе өңірінің фольклорлық музыкасы» антологиялық жинағын шығару қолға алынды. Бүгінгі күні антологияның бағыттары кеңейтіліп, оны USB-флешка сақтау құрылғысында аудиожазбалармен және заман талабына сай QR-кодпен толыққанды мазмұнда жарыққа шығару жоспарлануда. Аталған еңбекті жинақтауда  ізденіс жұмыстары өткен жылдың аяғында басталды. Жоспарға сәйкес жинақ биылғы жылдың күзінде тыңдармандарға жол тартпақ.

Бұл жинақтың ерекшелігі — онда өңірімізге белгілі тұлғалармен қатар ел арасында шығармалары ұмытыла бастаған, толық зерттелмеген, бұрын жарияланбаған бірқатар күйші, жырау-жыршылардың аудиожазбалары (орындаушылардың алғашқы түпнұсқалары) қамтылған. Оларды кез келген адам QR-код арқылы тыңдай алады.

Ал антологиялық жинақтың бағыттарына келсек, ол өңіріміздің музыкалық мұрасын жан-жақты қамтитын бес бағыттан тұрады: «Айтыс», «Күй», «Жыр-дастан, терме-толғау», «Жұбановтар жауһары» (классикалық музыка) және «Ақтөбе әуендері». Бүгінгі күні осы бес бағыт бойынша 600-ге жуық шығарма жинақталып, олардың аудионұсқалары әзірленуде. Мәселен, жинақта «Айтыс» жанры бойынша өткен ғасырда өмір сүрген белгілі тұлғалар мен олардың шығармаларынан басқа бірқатар тың деректер, осы уақытқа дейін таныс емес немесе халық жадынан ұмытыла бастаған өнер адамдарының есімдері қамтылған. Олардың қатарында киелі Ақтөбе топырағында жыршылық, жыраулық, айтыс өнерінде шашасына шаң жұқпаған, қарасөзден қаймақ айырған Сарышолақ Боранбайұлы, Кердері Әбубәкір, Нұрпейіс Байғанин, Әкімәлі Қаржауұлы, Ақтан Керейұлы, Шернияз Жарылғасұлы, тағы да басқа ұлт мәдениетінің тұлғасына айналған дүлдүлдер бар. Сондай-ақ бұл жанр бойынша жинақта айтыс түрлерінің бірнеше үлгілері — сүре айтыс, діни-имандылық бағытындағы айтыс, тұрмыстық айтыс, жұмбақ айтыс, қыз-жігіт, ерлі-зайыптылар, қайнаға-күйеу, тағы басқа айтыс түрлері жинақталып, 33 жұп (66 ақын) айтыскердің айтыстары берілген. Ал «Күй» жанры бойынша жинаққа 150-ден астам күй және оның орындалған аудиожазбалары енгізілген. Оның ішінде халық күйлері, Боғданың 5 күйі, Қазанғаптың 70-ке жуық күйі, Ахмет  Жұбановтың «Би күйі», т.б. бар. Бұл күйлерді Молдағали Балымбетов, Нәжімедин (Машалақ) Мәмбеталин, Бақыт Басығараев, Құдайберген Тілеубаев, Сәдуақас Балмағамбетов, Жәлекеш Айпақов, Момын Байғанин, Жұмабай Жансүгіров, Абдулхамит Райымбергенов, Тұрар Әліпбаев, Нұрболат Жанаманов, Жайлау Асылханов, Талап Хамзин, Асылбек Кенегесов, Құрманғазы Асылханов, т.б. белгілі күйші-орындаушылар орындаған.

«Жыр-дастан, терме-толғау» жанрында Ақтөбе өңірінде өмір сүрген батырлар туралы халық арасында ауыздан-ауызға таралған «Барақ батырдың жыры», «Табын Бөкенбай батыр», «Ерназар-Бекет», «Тама батыр», «Ер Едіге» жыры, Н.Байғаниннің «Нарқыз», «Ақкенже», Ақтан Керейұлының «Ер Қармыс» жыр-дастандарымен қатар, Ырғыз, Шалқар, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Елек, Қобда өзендерінің бойларында өмір сүрген Мөңке Тілеуұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Ақтан Керейұлы сияқты абыздар мен жыр дүлдүлдерінің жалғасы Молдабай Тәңірберлі, Нұрпейіс Байғанин, Қызыл Тұрдалыұлы, Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлы, тағы да басқа тұлғалардың 90-ға жуық жыры енгізіліп отыр.

Сондай-ақ антологияда «Жұбановтар әуені» жанры бойынша қазақтың тұңғыш кәсіби музыканты, музыка зерттеушісі, ұлағатты ұстаз, белгілі дирижер, кәсіби композитор Ахмет Жұбанов пен сазгер, Қазақстанның және КСРО-ның халық артисі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ғазиза Жұбанованың 70-ке жуық  шығармасы жинақталса, «Ақтөбе әуендері» жанры бойынша Ақтөбе өңірінен шығып, шығармашылығы бүкіл республикаға мәлім болған кәсіби композиторлар мен ел арасынан шыққан дарынды тұлғалардың халықтың ықыласына бөленген туындылары  насихатталады. Атап айтсақ, олардың ішінде Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағынан» бастап, Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Ұмытылмас күн» әніне дейін жазылған барлығы 45 сазгердің 200-ге жуық туындысы бар.

  • Бәрекелді! Жинақтың таралымы және оның жарыққа шығуына атсалысып жүрген азаматтар туралы да айта кетсеңіз.

— «Ақтөбе өңірінің фольклорлық музыкасы» антологиялық жинағы 1500 дана таралыммен шығады деп жоспарлануда. Бұл еңбекті шығаруда облысымызға белгілі  мәдениет және өнер саласының өкілдері, жоғары оқу орындарының мамандары, өнертанушы ғалымдар, ақын-жазушылар, сондай-ақ аудан әкімдіктері үлес қосуда. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері — Абдулхамит Райымбергенов, Еркін Құрманбеков, Нұрлыбек Қалауов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мейірхан Ақдәулетұлы, Сақтаған Бәйішев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұма-Назар Асанов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жайлау Асылханов, «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин, «Aqtobe» телеарнасының директоры Мирас Мұқаш, журналист Ардақ Қонақбаева, Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінің директоры Аманжол Исмағұлов, мәдениет саласының үздіктері Орал-Қосай Байсеңгір, Елубай Кенжалиев, Ләйлә Омарова, тағы басқа азаматтар бар.

— Өткен жылы төл өнеріміз  —  жырды дәріптеу, оны жастарға насихаттау мақсатында облыс басшысы бастама көтеріп, соның нәтижесінде Ноғайлы дәуірі жырларының антологиясы жарыққа шыққаны белгілі. Жуырда елордамызда «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алдағы уақытта осы жоба аясында қандай жұмыстар қолға алынбақ?

— «Едіге батыр» эпосы — түркі халықтары арасында ең көп тараған жырлардың бірі. Өткен жылы Едіге батырға Мәртөк ауданында көрнекті етіп белгітас, Ақтөбеде еңселі ескерткіш орнатылды. Бүгінгі күні батыр есімін ұлықтауда филология ғылымдарының докторы, профессор Жұма-Назар Асанов бастаған бір топ азаматтар өңірде ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Осы орайда биылғы жылы облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан «Едіге» жыр мектебін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл бастаманың талантты жастарды өнерге баулуда, оның ішінде жас ұрпаққа жыршылық өнерді насихаттауда маңызы зор.

Сондай-ақ облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өңірде жыр кештері және белгілі тұлғалармен кездесулер де өткізілмек.

— Биылғы жылы облыстың мәдениет саласында тағы қандай жобалар жүзеге асырылады, қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?

— Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай биыл облыста бірқатар мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, Ақтөбе өңірінің перзенті, ақын, термеші Әбубәкір Кердерінің 160 жылдығына орай «Бес ғасыр жырлайды» атты жыр кеші, Ахмет Жұбановтың 115 жылдығына орай А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті, ақтөбелік ақын, сазгер Бәкір Тәжібаевтың 95 жылдығына арналған «Бәкір аға» атты облыстық филармония ұжымының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Ленинградтық өренім» атты ақын өлеңдерін жатқа оқудан облыстық байқау, «Жамбыл боп сөйле, бөгелме!» облыстық ақындар айтысы, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің «Әлем ақыны» атты концерті, мәдениет, өнер мекемелерінде көрмелер, кештер, конференциялар, тағы басқа түрлі бағыттағы шараларды өткізу жоспарлануда. Ал қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай биыл облыстық кітапханалардың ұйымдастыруымен «Ұлы даланың дара ұстазы — Ыбырай Алтынсарин» атты оқырмандар конференциясы өткізіледі. Сонымен қатар облыстық кітапханалар Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасымен бірлесіп, бірқатар әдеби кештер, кездесулер ұйымдастырмақ.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай биыл «Рухани жаңғыру», «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобаларын жүзеге асыру мақсатында «Ұлы дала театры» атауымен облыстық драма театрының ұжымы облысымыздың аудандары мен елді мекендеріне гастрольдік сапарларға шығады. Сондай-ақ биылғы жылы облыста «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Хромтау және Мәртөк аудандарында жаңадан ауылдық клубтар бой көтереді. Одан бөлек, облыстық архив пен кітапханаға, Темір, Алға, Хромтау, Мәртөк аудандық архивтері мен музейлеріне типтік ғимараттар салынады. «Алақай» қуыршақ театры мен облыстық халық шығармашылығы орталығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Әңгімелескен Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button