Тәуелсіздік — 30

Бірлік пен татулық мекені

Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Шатлык» татар және башқұрт этномәдени бірлестігінің мерекелік іс-шарасы өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын кеңінен атап өту арқылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту мақсатында ұйымдастырылған салтанатты шараның шымылдығы Л.Сафинаның орындауындағы «Туған жер» әнімен ашылды.

Мерекелік шара барысында «Шатлык» татар және башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілдері бірлік пен татулықтың мекеніне айналған Қазақстан тарихына кеңінен тоқталып өтті. Тәуелсіздік құрдастары М.Құпжанов пен А.Имамбаева жастарды білім алуға ұмтылып, өз елінің шынайы патриоты болуға шақырды. Бұдан әрі ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Қорғанбаева залға жиналған қонақтарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ шарада «Шатлык» этномәдени бірлестігі жанындағы «Ақ калфак» әйелдер клубының мүшелеріне облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, ел бірлігі мен ұлттар татулығын дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хаттар табысталды. Марапатқа ие болғандардың қатарында А.Хасипова, З.Зилятдинова, Н.Исхакова, Д.Масягутова, Р.Надрышина, Г.Иванова, Р.Мухамедьярова, Г.Зейнетовалар бар.

Мерекелік шарада шығармашылық ұжымдардың орындауында «Мереке», «Бақытты бала», «Чак-чак», «Гүлназира», т.б. әндер орындалды. Сонымен қатар Мәртөк ауданынан арнайы келген «Умырзая» халықтық ансамблі де әннен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button