Әкімдер есебі

Көгілдір отынның жоқтығы мен интернеттің жылдамдығы толғандырады

Темір ауданының әкімі Жолдас Батырхан, ауылдық округтердің әкімдері өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарлар туралы халықтың алдында есеп берді.

Кездесулер коронавирус инфекциясына байланысты екі түрлі форматта жүргізілді: тұрғындар саны көп округтерде онлайн жүргізілсе, басқа елді мекендерде барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, дәстүрлі форматта өткізілді.

Алғашқы есеп беру кездесу Қайыңды ауылдық округінде ұйымдастырылды. Өткен жылы округ орталығына кіреберіс 8 шақырым жол жөндеуден өткізіліп, Бабатай елді мекенімен байланыстырып тұрған көпірдің құрылысы жүргізілген еді. Сол жұмыстар тілге тиек етілген жиында тұрғындар газдандыру мен интернет жылдамдығын арттыру туралы мәселелерді көтерді.

Бұл сауалдар көршілес орналасқан Алтықарасу округіндегі кездесу барысында да айтылды.

Аудан әкімі өз сөзінде аталған мәселелер күн тәртібіне қойылып, алдағы жылдары шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Ал көгілдір отын тарту мәселесі Ақсай ауылдық округі мен Ойыл ауданының ауылдарын байланыстыратын газ трассасын жүргізу барысында шешілмек.

Сонымен қатар Алтықарасу округінің орталығы мен Еңбекші ауылына ауызсу тарту осы жылдың жоспарына еніп отыр. Кездесуде атқарушы билік өкілдері өткен жылы аталған округтің орталығына кіреберіс жолына асфальт төселіп, Еңбекші ауылында жаңа медициналық пункт ашылғанын еске салды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button