Әкімдер есебі

Жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылып жатыр

Өткен сенбіде Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиевтің аудан тұрғындары алдындағы есеп беру кездесуі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай онлайн режимінде өтті.  

Аудан басшысы өткен жылы  өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2021 жылдың міндеттемелері туралы баяндамасын жасады. — Есепті мерзім ішінде аудандық бюджеттің кірісі 128 пайызға орындалса, ал бюджет шығысының орындалуы 100 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі — 11 миллиард 832 миллион теңге. Бұл — 2019 жылмен салыстырғанда 182,2 пайыз. Аудан экономикасы ауыл шаруашылығына негізделгендіктен, инвестициялардың басым бөлігі осы салаға тартылды. Атап айтқанда, инвестиция материалдық-техникалық базаны нығайтуға, жаңадан техника алуға, инновациялық жобаларды жүзеге асырып, құрылысқа бағытталды, — деді А.Жүсібалиев.

Былтыр ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 3 миллиард 380 миллион теңгеге жеткен. «Ауданымызда қиыршық тас өндіретін кәсіпорындар бар. Осындай компаниялар өндіріс көлемін артығымен орындауға ықпал етті. Сонымен қатар есепті кезеңде  «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қайта өңдеу цехтары 256 миллион теңгенің өнімін өндірді. Бұл — 2019 жылмен салыстырғанда 134 пайызды құрады», — деген аудан басшысы өз сөзінде өңірде былтыр италиялық «ARM Wind» компаниясы қуаты 48 МВТ жел электр станциясын салып, сәуір айында іске қосқанын атап өтті. Жоба құны — 33 миллиард теңге. Оның айтуынша, аталған жобаны 2018-2020 жылдары жүзеге асыруға  300 адам жұмысқа тартылған. Былтыр қыркүйекте  «ARM Wind» компаниясы жобаның екінші кезеңін іске асыруға кіріскен. Жобаның құны — 37 миллиард теңге.

Биыл ол жерде барлығы 100 адам жұмыс жасайды. Соның 30-ы — жергілікті тұрғындар. Қазіргі кезде ауыл тұрғындары жұмысқа қабылданып жатыр, — деді А.Жүсібалиев.

Аудан әкімі есепті баяндамасында әрбір салада атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті. Атап айтсақ, өткен жылы ауыл шаруашылығы құрылымдарының барлығында ет, сүт өнімдерінің көлемі артқан. Ауданда мал басын көбейту, малды асылдандыруға байланысты нақты шаралар қолға алынған. Мәселен, былтыр 600 асылтұқымды ірі қара алу жоспарланғанымен, бұл бағытта алыс-жақын шетелдерден 800-ге тарта мал жеткізілген.

Есепті кезеңде егін шаруашылығында да түсім жоғары болыпты. Онлайн кездесуде тұқым сақтау, тұқымның сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан шаруалар да сөз болды.

Сондай-ақ ол суармалы жерлерді игеру, жол салу, кәсіпкерлік саласы, халықты жұмыспен қамту, оларға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды.

Аудан әкімінің есепті кездесуінде тұрғындар ватсап мессенджері әлеуметтік желісі арқылы сауалдарын жолдады. Жергілікті тұрғындар Кемпірсай, Степное  ауылдарындағы көше жолдарын жөндеу, аббаттандыру мәселесін көтерді. Бұл сауалдарға аудан әкімі: «Кемпірсай — жол бойында орналасқан шағын ауыл. Ауыл көшелері асфальтталмағанымен, демеушілердің көмегімен жолға қиыршықтас төсеп, биыл жөндеп береміз. Қазіргі таңда Степное ауылындағы көше жолдарын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Жоба құны — 100 миллион теңге. Бүгінде біз облысқа ұсыныс бердік», — деді.

Сонымен қатар ауылдықтар аудан әкімінен Степное және Қайрақты ауылдары арасына жол салу мәселесін де көтерді. «Былтыр екі ауылдың арасында жол құрылысы басталды. Сегіз шақырым жол салынды. Қазіргі күні тағы 15 шақырымға жобалық-сметалық құжат жасалды. Биыл бұл бағытқа республика деңгейінде қаражат бөлінеді деген ойдамын. Егер қаржы бөлінсе, бұл жұмыстар жалғасын табады», — деді А.Жүсібалиев.

Қазір ауданның Ащылысай ауылдық округінде ветеринар маманы жоқ. Бұл жағдай ауылдықтарды алаңдатып отыр. Асқар Жүсібалиев жақында ғана Ащылысай ауылында болып, халық алдында есеп бергенін, бұл мәселенің сол кездесуде де көтерілгенін айтып: «Ветеринар маманы бар. Бір айдың көлемінде бұл мәселені біз шешеміз», — деді.

Аудан тұрғындары бұдан өзге жеке және әлеуметтік мәселелерге қатысты сауалдарын жолдап, нақты жауап алды.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button