Әкімдер есебі

Әлеумет сауалы — әкім жауабы

Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлының аудан орталығындағы есепті кездесуі санитарлық талаптарға сай əлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы тікелей эфирде өтті.

Әуелі Мәртөк ауылдық округінің әкімі Аслан Аймағамбетов былтыр атқарылған жұмыстарды баяндап, алда тұрған міндеттермен бөлісті.

— Мәртөкте биыл құрылыс саласы бойынша бірқатар жұмыстар жоспарланып тұр. Алдағы үш жылда екі пәтерлі 39 коммуналдық үй салынады. Жоба құны — 1 миллиард теңге. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.  Мердігер компания анықталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Құрылыс аяқталған соң кезекте тұрған 78 адам баспаналы болмақ. Ал тұрғын үй салуға жер учаскесіне 2800 адам кезекте тұр, — деді округ әкімі А.Аймағамбетов баяндамасында. Одан әрі әлеуметтік желілер арқылы қойылған тұрғындар сауалына жауап берді. Қазан ауылы мен аудан орталығы арасындағы көпірге қатысты сұраққа округ әкімі жөндеу жұмыстары былтыр басталғанын, биыл бұл өткелдің бетондалатынын жеткізді.

Тұрғындардың бірі 2007 жылдан бері Мәртөк ауылынан жер алу үшін кезекте тұрғанын, қашан берілетінін сұрады. А.Аймағамбетов инфрақұрылым желісі тартылған соң жер учаскелері берілетінін айтты.

Мәртөктегі Иван Пономаренко көшесіне жарық шамдарын орнату жөніндегі сауалға округ әкімі: «Биыл ескі шамдарды жаңасына ауыстырамыз, жарықтандыру картасы дайын» деп жауап берді.

Ауылдан азық-түлік дүкенін ашқысы келетін, ол үшін қайда баруға болатынын сұраған Құмсай ауылының тұрғынына округ әкімі мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп бастауға болатынын, ол туралы кеңірек білу үшін әкімдікке баруға кеңес берді.

Тағы бір тұрғын бизнес ашуға жер алғысы келетінін айтты, оған да әкімдікке барып, жер қатынастары бөліміне өтініш қалдыру керектігі айтылды.

Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлы әлемді әбігерге салған короновирус індеті әлі де барын, алайда аудандағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екенін айтып, «Алихан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының медицина қызметкерлерінің мінсіз еңбегіне алғыс ретінде аурухана жанына «Мейірімді жүрек» композициясын орнатқанын тілге тиек етті. Одан әрі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын әр сала бойынша баяндады.

Аудан әкімі тұрғын үй құрылысын салуға ниетті 5 мыңдай адам жер телімдерін алуға кезекте тұрғанын, инфрақұрылым желілері тартылған соң, жер учаскелері берілетінін айтты. «Биыл Мәртөк ауданына қатысты облыстық мәні бар Мәртөк-Қобда және ауыларалық жолдар Мәртөк-Вознесеновка, Мәртөк-Родниковка-Қаратоғай жолдарына да жөндеу жұмыстары басталады», — деді аудан әкімі Е.Кенжеханұлы. Сондай-ақ аудан әкімі былтыр аудан орталығында денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілгенін, енді мыңнан астам тұрғыны бар ауылдар да осындай кешенмен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Есебін баяндап болған соң аудан әкімі әлеуметтік желілер арқылы қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сарыжар ауылының тұрғыны қаражаты болмай, кезекте тұрып алған жерін үш жыл ішінде игере алмағанын айтты. Бұған аудан әкімі: «Берілген жер үш жыл ішінде игерілуі тиіс, яғни үй салыну керек. Үйдің іргетасын салып қойып, жерді игеріп жатырмын деуге болмайды», — деді.

Тағы бір тұрғын Қаратоғай ауылынан шыға берістегі көпірдің қашан жөнделетінін сұрады. Ермек Кенжеханұлы бұл көпірдің құрылысына қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенін, оған қажет қаражат 1 миллиард теңгеден асатынын, құрылыс жұмыстары енді басталатынын, күрделі құрылыс болғандықтан, облыс басшысының бақылауында тұрғанын айтты.

Құмсай ауылының тұрғыны алдағы уақытта оқушыларды оқыту қалай шешілетінін сұрады. Аудан әкімі халық санының артуына байланысты Құмсай ауылына екі қабатты мектеп пен шағын орталық құрылысын бастауға лицензия алғандарын, құрылыс жұмыстары алдағы уақытта қолға алынатынын жеткізді. Әзірге бұл ауылдың балалары аудан орталығындағы мектепке арнайы автобуспен қатынап жүргенін білдік.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button