Әкімдер есебі

Жарқамыста амбулатория мен спорт кешені салынады

Аудан әкімі Қайрат Отаров Жарқамыс, Қызылбұлақ ауылдық округтерінде өткен халыққа есеп беру кездесулеріне қатысты.

Жарқамыс ауылдық Мәдениет үйінде өткен кездесу санитарлық нормаларға сай, әлеуметтік арақашықтық сақтала отырып ұйымдастырылды.

Жиын барысында ауылдық округ әкімі Асылхан Жұбаналин Жарқамыс ауылдық округінің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндап, 2021 жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, округте 58 шаруа қожалығы бар. Оның төртеуі жыл басында ашылған. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында Жарқамыс ауылдық округінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Асылбек» шаруа қожалығы — 30 млн теңге, «Құлагер» шаруа қожалығы 18,2 млн теңге көлемінде несие алған. «Еңбек» бағдарламасы аясында «Ілияс», «Айболат», «М.Алшағыров», «А.Тілегенов» шаруашылықтары 4 млн теңгеден несие алып, өз кәсіптерін дамытуда. Өткен жылы округтен басқа өңірлерге 164 ірі қара, 469 қой-ешкі, 3 түйе, 86 жылқы экспортталған.

  • Білім саласы бойынша үш елді мекенде 2 мектеп, 2 балабақша қызмет жасап тұр. Биылғы жылы Жарқамыс орта мектебі күрделі жөндеуден өтіп, бейнекамералармен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Карантин шараларына сәйкес балабақшаларда 30 баладан тәрбиеленсе, мектептер қазіргі таңда дәстүрлі түрде білім алуда.

Өткен Еріктілер жылында белсенді жастардан құрылған «Нұр-Шапағат» тобы жыл басында жалғызбасты қарияға үй алып беріп, көпке үлгі бола білді. Бұдан басқа ауыл азаматтары да пандемияға байланысты әлеуметтік жағынан жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетті. Сондай-ақ Қаражар, Жарқамыс ауылдарына KCELL, BEELINE байланыс желілері мен жоғары сапалы интернет жүйесі қосылды, — деді округ әкімі.

Кездесуде аудан әкімі Қайрат Отаров биылғы жылы ауылға орталық амбулатория, спорттық кешен салынып, орталық көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап Қарауылкелді-Жарқамыс тасжолының құрылысын жүргізу кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады.

Жиын соңында ауыл тұрғындары аудан әкіміне жайылымдық жерлерді бөліп беру, ауылішілік көшелерге жарық шамдарын қондыру, т.б. мәселелерге қатысты өз сауалдарын қойды. Қаражар ауылының тұрғыны Әлібек Дербісов ауылдағы ауызсудың ішуге жарамсыз екенін айтты. Бұл мәселеге назар аударған аудан әкімі алдағы уақытта нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.

Бұдан кейін аудан әкімі Қызылбұлақ ауылдық округінде өткен есеп беру кездесуіне барды.  Жиын барысында округ әкімі Жалғас Талдықов Қызылбұлақ ауылдық округінің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.

Оның айтуынша, бүгінде округтегі ауылдардың көпшілігі мал бағумен айналысады. Өткен  жылы округте жаңадан 4 шаруа қожалығы ашылып, қожалық саны 37-ге жеткен. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы «Ди-Нұр» шаруа қожалығы 7,480 млн теңге несие алып, 250 бас қой және асылтұқымды 10 қошқар сатып алған. Ал «Бейбарыс» шаруа қожалығы 40 млн теңге несие рәсімдеп, 1000 қой сатып алыпты.

Сонымен қатар Кемерши ауылының тұрғыны Шайнулла Рамазан «Бастау» бағдарламасы арқылы 4 млн теңге несие алса, «Нұрталап» шаруа қожалығы 15 млн теңге несие алып, 50 бас ірі қара өсіруде. «Көркем» шаруа қожалығы Ресейдің Пермь қаласынан герефорд тұқымды 120 бас аналық сиыр мен 5 бас бұқа әкелген.

  • Жыл басынан бері аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 21 адам маусымдық жұмысқа, 9 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ақылы қоғамдық жұмысқа 52 адам жолданды. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек бойынша 11 отбасыға жәрдемақы тағайындалды. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 4 жас уақытша жұмысқа орналасты. Бүгінгі күні округте 3 мектеп, 1 балабақша бар. Барлық оқушылар дәстүрлі форматта білім алып жатыр. Қазір округте 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, — деді Жалғас Талдықов.

Өткен жылы қызылбұлақтықтар «Үммет» еріктілер тобын құрып, округтегі мешітке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ауылдағылар карантин кезінде 400-ден астам бетперде

тігіп, тегін таратқан.

Кездесуде аудан әкімі Қайрат Отаров Қызылбұлақ ауылының тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мәселен, тұрғындар аудан әкіміне Кемершиге амбулатория салу керектігін айтып, ұсыныс жасады. Ал ауыл тұрғыны Маңдайлы Мұңалова ауданда мал сатудың, ет өнімін басқа көршілес аудандарға тасудың қиындығын тілге тиек етті.

Бұл сауалға жауап берген аудан әкімі алдағы уақытта округтерде мал бордақылауға көңіл бөліну керектігін айтты.

— Кәсіп бастай алмай жүргендерге мал бордақылауды үйретсек, аудан тұрғындарына  көп көмегі болар еді. Осы мәселені ауыл әкімдері қолға алуы керек, — деді Қ.Отаров.

Қуат ДОС,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button