Әкімдер есебі

Құмнан құтыламыз, сыннан ше?

Ауыл әкімдерінің дәстүрлі халықпен есеп беру кездесуі Ойыл ауданының Саралжын, Қайыңды ауылдарында жалғасты. Есептік кездесулерде санитарлық талаптар сақталып, ауыл адамдарының қатысуына мүмкіндіктер жасалды.

Есеп беру жиынына облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ербол Кенжалы мен аудандық мəслихаттың хатшысы Сәкен Займолдин қатысты.

Алдымен Саралжын ауылдық округ əкімі Абат Мүбараков ауылдың тыныс-тіршілігі мен əлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндама жасады.

Ауданның  қақпасы саналатын Саралжын ауылдық округінде көптеген игі істер жасалған. Округ әкімі өткен жылғы ауыл тұрғындарына есеп беру кездесулерінде айтылған ұсыныстар мен қозғалған мәселелер тышқан жылында кезең-кезеңімен шешімін тапқан.

Батыс өңірлік телекоммуникация директоры Абай Қадыралиевтің демеушілігімен Тайсойған негізгі мектебіне және фельдшерлік пунктке оптикалық талшықты интернет желісін тарту жұмыстары жүргізілді. Тайсойған ауылдық клубының жылу жүйесі газға қосылды. Сонымен қатар өткен жыл ақкемерліктер үшін қуанышты жыл болды. Өйткені бұл ауылға ауызсу беріліп, ұялы байланыс орнатылды. Еске түсірсек, Саралжынға дәрігер керектігі жиын сайын айтылатын. Былтырдан бастап Саралжын дәрігерлік амбулаториясына жас маман бас дәрігер келді. Округке қарасты Шиқұдық елді мекенінің де дәрігері бар, — деді округ әкімі Абат Мүбараков.

Есеп беру жиынына арнайы қатысқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев тұрғындардың арыз-шағым, ұсыныстарына көңіл бөлініп, жұмыстардың дені халықтың талап- тілегі бойынша жасалғанын айтты. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, шағын және орта бизнесті дамытуға шақырды. Биыл Саралжынның 4 көшесі мен кіреберістегі жолына асфальт төселеді. Бірақ Саралжын құмды ауыл. «Құм басқан ауылдың көшелерін асфальттау қаншалықты тиімді?» дегендерге аудан басшысы ауылдарды абаттандырып, ағаш отырғызу жұмыстары жыл сайын жалғаса берсе, құм көшкінін тоқтатуға болатынын айтты. Ауыл тұрғындары округтегі мал сою бекеті жұмыс жасамай тұрғаны қиындық тудырып отырғанын жеткізді. Ауыл тұрғыны Айсабек Таубатыров құм басып қалған үйін тазалауға көмек сұраса, Қабидолла Мұханбетқазиев малдың терісі мен жүнін өңдеу шараларын қолға алу керектігін айтып, Шиқұдықтың жол қатынасы көктемде қиындық тудыратынын жеткізді.  Кездесуде қозғалған сауалдарға жауап берген аудан әкімі тұрғындардың ең күткен мәселесі — көгілдір отын тарту таяу арада шешілмейтінін жеткізді. Әйтсе де ауылдарды көгілдір отынмен қамту мәселесі күн тәртібінен түспейді.

Қайыңды ауылдық округінің əкімі Ырғызбай Қосдаулетовтің есеп беру жиынында  ауыл тұрғыны Дархан Өтегенов  бас дәрігердің қызметін сынға алып, ауылға жедел жәрдем көлігі керектігін жеткізді. Сондай-ақ ауылдағы электриктердің де жұмысына көңілі толмайтындығын, ауыл маңындағы шаруа қожалықтары әкімшіліктің жерінде отырғандығын айтты.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға аудан əкімі  жауап беріп, бөлім басшылары мен ауылдық округ əкімдеріне тұрғындар көтерген мәселелерді реттеуге тапсырмалар берді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button