Ауыл

Қалада қысыласың, ауылда ысыласың, жас маман!

Мектеп қабырғасында жүргенде жоғары сынып оқушылары өздері сүйіп оқитын пәндері бойынша болашақ мамандықтарына қарай икемделе бастайды. Әрине, әрбір түлектің арманы — жоғары оқу орнына түсу. Бұдан он шақты жыл бұрын елдің бәрі балаларын заң, мұнай саласына оқуға түсіретін. Өйткені бедел, абырой жинау үшін, тіпті «менің балам осындай мамандықта оқиды» деген сөзге бола қаласын, қаламасын, ақылы бөлімге сүйреп әкелетін.

Қазір қоғам талабы өзгерді. Жастар сұранысқа сай мамандықты таңдауды үйренді. Бірақ бұл да мәселені толық шеше алмай отыр. Оқу орындары үкілеп ұшырған түлектердің негізгі тобы ауылға қайтпай қалады. Себебі айқын. Ауылшаруашылық саласына сай мамандық болмағандықтан, оларға ауылда жұмыс та, орын да жоқ. Солардың ішінде қала, ауыл деп бөлінбейтін мамандықтар — мұғалімдік пен дәрігерлік қана. Бұл екеуіне сұраныс ешқашан тоқтамайды. Ал жұмыс болса, жастардың келе қоюы да екіталай. Сол себепті облыстың көптеген ауылдары жас мамандарға зәру.

Сондықтан үкімет ауылға баратын жас мамандарға көтерме ақы, тұрғын үй беріп жатыр. Осыдан 5-6 жыл бұрын жастар шалғай ауыл түгілі аудан орталығының өзіне бармайтын еді. Қазіргі таңда аудан орталықтарында ондай мәселе жоқ. Жастар да, мамандар да жеткілікті. Неге?

Облыстың барлық аудан орталықтары көгілдір отынмен, интернетпен, ауызсумен қамтылып, жол қатынасы да жақсарды. Бұрындары ауылдағы ағайын бірден қалаға көшсе, қазір аудан орталықтарын қолайлы көреді. Қай жерге барсаң да, үйлер қаптап салынып жатыр. Өркениеті дамыған жерден жастар да қашпайды. Бар мәселе ауылдық округтер мен елді мекендерде болып тұр. Газы мен интернеті жоқ жерде жастар тұрғысы келмейді.

Әрине, бес саусақ бірдей емес. Дегенмен, қалай болғанда да, қолына диплом тиісімен, алғашқы еңбек жолын ауылдан бастаған жас мамандар — ауылдың көркі. Шалғайдағы елді мекендерге жан бітіріп, жаңалықты ала келетін де солар. Ауылдың тұрмысынан тартынбай, керісінше, басқа ауыл болса да, сіңісіп кеткендер бар.

Ықылас ырысқа бастайды

Бүгінгі күні барлық аудан ақ халат киген мамандарға зәру.

Бұрын бұл жағдай аудан орталығына тән болатын. Гинеколог, хирург мамандары кейбір аудандарға уақытша ғана барып, жұмыс істеп жүрді. Неге түпкілікті қалмайды?

Сөздің шынына келгенде, олар көптеу төлейтін ақшасы үшін барады. Бір жыл, әрі кетсе үш жылға дейін аудандарда жұмыс істеп, кейін облыс орталығына тұрақтайды. Олардың аудандағы орнын келесі адам басады.

Міне, қазір осы жағдай реттеліп келе жатқандай. Бұған дейін осындай тәсілмен жұмыс істеп келген Ойыл аудандық орталық ауруханасы биылдан бастап бұл мәселені шешіпті. Ауданның бас дәрігері Сәндібек Нұрбаевтың айтуынша, гинеколог пен хирург мамандарын шақырып, тұрғын үймен қамтамасыз еткен.

Олар ауданда кемінде үш жыл тұрақты жұмыс жасайтын болады. Одан әрі қаламын десе, құба-құп. Аудан орталығына келетін мамандар көп. Проблема орталықта емес. Мәселе ауылдарда болып отыр. Бізге жалпы тәжірибелі дәрігерлер керек. Қарап отырсақ, әр ауылда медицина саласын бітірген жастар көп. Солардың өзі ата-анасының үйі болса да, туған ауылдарына келмей отыр. Тұрғын үй салу керек, газ болуы шарт. Ал кейбір ауылдар бұған дайын емес қой. Осыны жастарға  түсіндіріп көр. Тұрғын үйді шешкенімізбен, газы жоқ ауылда жастардың қалғысы келмейді, — дейді Ойыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері С.Нұрбаев.

Ол былтыр Саралжын ауылдық округіне келген жас маман Ақтоты Жакияеваға ризашылығын білдіріп отыр.

Ақтоты Жакияева — Саралжын дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері. Атыраудың қызы сол ауылға келін боп түскен. Жолдасымен екеуі ауылда тұрамыз деп шешіпті. Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін бітіріп, педиатор мамандығын алып шығады. Ауылға қажеттісі де сол педиаторлар.

— Жұмыс істегеніме бір жылдай болды. Саралжын ауылы маған ұнады. Ең бастысы, мамандығым бойынша елге қызмет етемін деген арманым мен антым бар. Ауылда газ жоқ. Бірақ бұл жұмысыма ешқандай қиындық келтірмейді. Бәріне үлгеруге болады. Жас маман болғандықтан кейбір нәрселерді түсінбей, қиналып қалам. Сондай кезде  ұжымның қолдауын сезіндім.  Ауыл адамдарының ықыласы мен пейілі кең, түсіністікпен қарайды. Өз істерін жақсы атқаратын ұжымдағы апайлар бастапқы кезде маған көп көмектесті. Оны айтпай кетуге болмайды. Алғысымды білдіремін. «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша барғасын маған 280 мың теңге көтермеақы берді. Одан кейін облыстан тағы 1 миллион 500 мың теңге көтермеақы алдым. Тұрғын үймен де қамтамасыз етіп жатыр. Мемлекет мұның бәрін елге қызмет етсін деп беріп жатыр. Шамам келгенше бар күшімді ауыл тұрғындарының саулығы үшін жұмсаймын, — дейді Ақтоты Жакияева.

Жас маман Жандос Сағынадинов — қазір Ырғыз аудандық орталық ауруханасының  дәрігері. Шалқар қаласында туып, орта мектепті бітірген ол М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 2020 жылғы түлегі атанды. Оған қалада бірнеше жерден жұмыс табылғанымен, өзі еңбек жолын аудандардан бастағанды жөн санапты.

— Университет бітірерде әр жақтан жұмыс ұсынушылар болды. Мен Шалқар мен Ырғыз ауданын таңдадым. Ең бірінші ұсыныс Ырғыз ауданына түскенде, ойланбастан тартып отырдым. Өйткені бәрін төменнен бастағым келді. Ауылдық жерден тәжірибе жинасам деймін. Тумасыз, таныссыз өзімнің қай жерге дейін бара алатынымды көргім келді. Мен жас мамандарды аудан, ауылдарға баруға шақырамын. Ауылды жақсартпасақ, ауылды көркейтпесек, ауылдың тұрмысы төмен болса, қала да ілгері баспайды. Осыны түсінуіміз керек. Сонымен бірге мемлекеттің беріп жатқан көмектеріне де ие болдым. Көтермеақы, тұрғын үй берді. Жұмысқа алаңсыз кірісіп кеттім. Карантин кезінде ауылдық жерлердегі жастардың белсенділігі өте жоғары болды. Өзім жұмыс істейтін Ырғыз аудандық орталық ауруханасының жастары бірігіп, «Мейірім» еріктілер тобын құрдық. Көмекке мұқтаж жандарға барынша көмек көрсетуге тырыстық. Сол сын кезеңде жастардың көп болғаны қандай жақсы! Еңбегіміз еленіп, ауданның, облыстың ықыласына бөлендік. Елге қызмет деген — осы. Жастар халыққа қызмет етіп, олардан тек алғыс қана алуы керек, — дейді Жандос Сағынадинов.

Бас маманға баспана бар

Жас маман Гүлмира Еламанова Шалқар қаласында екі жылдай жұмыс істейді. Одан кейін тұрмысқа шығып, Тоғыз ауылына келін боп түседі.  Қазіргі таңда Тоғыз ауылындағы №7 орта мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі.

Жолдасым екеуміз Ақтөбеде бірге оқыдық. Ол қазір ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Бір қызымыз бар. Мен бақытымды ауылдан таптым деп ойлаймын. Адам өмірі газ немесе интернетке тәуелді емес қой. Шалғай ауылда тұрсақ та, бәріне қол жеткізіп жүрміз.  Қалада бар нәрсе ауылда да бар. Ақшасы да қалаға қарағанда көптеу. Жалақымызға 25 пайыз қосылады. Негізінде, алғашқы еңбек жолымды ауылдан бастағаным дұрыс екеніне көз жеткізе түстім.

Мемлекеттік қолдаулар, көтермеақы, тұрғын үй секілді көмектері бар. Сөйтіп, қор жинап, тұрмысыңды түзеп алуға болады. Әрине, тұрмыстық жағдайды жеңілдету үшін газ, ауызсу — бәрі керек. Қазіргі кезде көгілдір отынды асыға күтіп жүрміз, — дейді Гүлмира Еламанова.

Тоғыз ауылдық округінің әкімі Бекболат Ідірісовтің айтуынша, биыл округке қарасты елді мекендер түгелімен ауызсумен қамтылады. Ал газ құбырын тартуға құжаттары дайындалып жатыр. Аудан орталығынан 80 шақырым жерде орналасқан Тоғыздың үстімен теміржол өтеді. Теміржолда ауылдың 70-80 пайызы жұмыс істейді екен. Округ әкімінің өзі де жасы 30-ға толмаған жастардың бірі. Диплом алғаннан кейін қалада әр салада жұмыс істеп, кейін ауылға қызмет етуді жөн көріпті.

— Қазір округ орталығында 80 үй бар. Бұрындары 200-ге жуық үй болатын. Жартысына жуығы кетіп қалған. Туған ауылым болғандықтан, жанымыз ашиды.  Осы ауылды көркейтуге, жастарды тұрақтандыруға күш салмақ ойым бар. Әзірге нәтижесіз емеспіз. Мектепте 70-80 мұғалім болса, оның 30-дайы жастар. Өткен жылы дәрігерлік амбулаторияға жас маман — қыз бала келді. Учаскелік инспекторымыз да жас жігіт. Жалпы, ауылда қай саланың да тізгіні жастардың қолында. Маған да бас маман керек. Егер келіп жатса, тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Жас мамандарға арнап салынған екі үйіміз бар, — дейді округ әкімі.

P.S. Қазір ауыл мен қаланың тұрмысы теңесті. Тіпті ауылдың тіршілігі артық деуге болады. Ауыл тұрғынының қала жұртынан несі артық? Қорасындағы бірді-екілі малы артық. Жыл сайын бірнеше ауылға газ барып жатыр. Ал ауызсу, интернет, ұялы байланыс мәселелері шешілді. Әрине, мұғалім немесе дәрігер болу міндетті емес. Тек ауылдың сұранысына қарай мамандық таңдасаңыз, қай жерде де сізді күтеді. Қалада қалсаң қысыласың, ауылға барсаң ысыласың. Ендеше, ақ жол, жас маман!

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button