Мәдениет

Қазанғаптың 25 күйі кітап болып жарық көрді

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында күй кеші өтті. Кеште күй өнерін насихаттап, қазақ мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген бір топ домбырашы бас қосты.

Кешті жүргізіп отырған мәдениет саласының ардагері Нұрлыбек Қалауов бабалар аманат еткен күй өнерінің құдіретіне тоқтала келе, әдемі кешке арқау болып отырған Асылбек Кенегесовтің жақында ғана жарық көрген «Қазанғап. Өмір жайлау» кітабын таныстырып өтті. Кеш шымылдығын күйші, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов Қазанғаптың «Өмір жайлау» күйімен ашты. Одан әрі күйші, қазанғаптанушы Жайлау Асылханов, Шалқардан осы кешке арнайы келген Қазанғап өнер мектебінің оқытушысы Оразғали Көшімов, Мәртөкте тұратын, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының I курс студенті Шабай Әзірбаевтар Қазанғап күйлерін шебер орындады.

Күймен өрілген кеште Қазанғап атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері, бүгінгі таңда Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық қызметте жүрген Асылбек Кенегесов сүйінші хабарымен бөлісті.

—Ақтөбеге жақсы жаңалықпен келіп тұрмын. Жаңалығым — қазақтың әйгілі күйші, композиторы Қазанғап Тілепбергенұлының 25 күйі кітап болып жарыққа шықты. Бұл еңбек Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми кеңесінен өтті. Отыздан астам профессор, ғылым докторларының алдынан өтіп, түзелді, оннан астам пікір жазылды. Пікір жазғандардың арасында Айтжан Тоқтағанов, Ерболат Оспанұлы, Абдулхамит Райымбергенов, Мұрат Әбуғазы, Нұрболат Жанаманов сияқты елімізге белгілі өнер зерттеушілері бар, — деді зерттеуші, қазанғаптанушы Асылбек Кенегесов.Одан әрі ол осы ғылыми ізденіс барысында кездескен тың деректермен бөлісті.

— 2019 жылы мені Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияға  оқытушылық қызметке шақырды. Сол кезде Консерватория архиві, Радиоқоры, Ұлттық архив, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының архивтерінен Қазанғап шығармашылығына байланысты мәліметтер қолыма көптеп түсті. Құнды деректердің бірі — 1963 жылы профессор Тмат Мерғалиевтің экспедиция барысымен Шалқарға келіп, Қазанғаптың шәкірті Қадірәлі Ержановтан жазып алған сұхбаты. «Шалқар» радиосының алтын қорынан табылған бұл экспедиция жазбалары осы күнге дейін ешбір жерде жарияланған жоқ. Сондай-ақ жиналған күйлерді нота жүйесіне түсіру  барысында Қазанғап күйлерінің нұсқа жағынан көптігі бірден көзге түсті. Тіпті, кейбір күйлердің 10-15-тен аса нұсқасы табылды. Көп күйдің аты әртүрлі болғанымен, негізі бір күй болып шықты. Оның бәрін, әрине, кітапқа енгізу мақсат болған жоқ. Менің негізгі мақсатым — кітапқа әуені тың жаңа күйлерді қосу ғана болды, — деді кітап авторы.

Сонымен қатар бұл кітап бұрын еш жерде жарияланбаған Әлмұрат Өтеғұлов, Жақан Арызғұлов, Бұрхан Какенұлы, Қожагелді Аманов, Исағали Базарбаев сияқты күйшілердің енуімен құнды.

— Мысалы, күйші Әлмұрат Өтеғұлов— Құрманғазы атындағы оркестрдің негізін қалаушылардың бірі. Зерттей келе, Әлмұрат Өтеғұловтың туған жері Ақтөбе облысы Темір ауданы Қалмаққырған ауылы екені белгілі болды. Дәулескер күйшінің шығармашылығын зерттеп, есімін ұлықтау — алдағы күннің еншісінде. Шаң басқан архивтерде Ақтөбе мәдениетіне қатысты көптеген материал бар. Әсіресе, аты аталмай кеткен жыраулар, әнші, күйшілер табылып жатыр, — деді зерттеу жұмыстарына қызығушылықпен кіріскен Асылбек Кенегесов.

Зерттеуші ғылыми ізденіс кезінде Санкт-Петербург қаласындағы көне фонограф қорыменде танысыпты. Сондай-ақ ол1930 жылдарыАхмет Жұбановтың алғаш рет фонографты Ақтөбе жеріне алып келіп, осы өңірдің күйші, әншілерін жазып алған валиктерімен танысып шыққан. Үлкен бір ғылыми жаңалыққа негіз болатын тың дүниелерді жарыққа шығаруды мақсат еткен Асылбек Кенегесов бір еңбекті биыл Ахмет Жұбановтың 115 жылдығына арнамақшы.

Кеш барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Алмас Сүлеймен, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің директоры Аманжол Исмағұлов, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония директоры Елубай Кенжалиевтер Асылбек Кенегесовтің ғылым жолындағы ізденістеріне сәттілік тіледі. Ал күйші Жақан Арызғұловтың күйеу баласы Марат Алдашов атасының кітапқа енгеніне ризашылығын білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button