Білім

Балдырған

Айбалта

Ертеде қазақ батырлары садақ, айбалта, қылыш тәрізді көптеген қаруларды қолданған. Және бұл қаруларды  жасайтын арнайы ұсталары болған.

Ежелгі соғыс қаруының бірі – айбалта. Дерекке жүгінсек, бұл қару бізге шамамен ХІV-ХV ғасырларда тараған. Ұсталар айбалтаның сабын ою-өрнектермен безендіріп, қолға ұстап жүруге ыңғайлы болу үшін қайыстан бау тағатын болған.  Жауынгерлер айбалтаны көбіне белге байлап, жорыққа шыққанда тебінгінің астына қыстырып алып жүреді екен.

Ұлттық киім

Сәукеле

Сәукеле – қалыңдықтың ұзатылу тойына киетін бас киімі. Бұл қымбат бағалы аң терісімен, әр түрлі әшекейлермен, жақұттармен өрнектеліп тігіледі. Бұрын әдемі тігілген сәукелеге қалың малдан бөлек төлем төленген екен.

Ертеден келе жатқан бұл бас киім биік етіп тігіледі. Алдымен жұқа ақ киізді сырып тігеді де, сыртын қызыл матамен қаптап, қымбат бағалы аң терісімен әдемілейді. Алдын, жан-жағын моншақтармен, асыл тастармен безендіріп, төбесіне үкі қадайды, ал бергегіне бетті көлегелейтін желек бекітеді.

Хайуанаттар әлемі

Ондатр

Суда тіршілік етуге бейім аңның бірі – ондатр. Бұл аңның  аяқ саусақтарының арасындағы жүзу жарғақтары шала дамыған, бірақ артқы аяқтарының табанындағы қыры мен саусақтарының шеті түкті келеді. Ондатрдың дене пішіні – 28-35 сантиметр, салмағы 1,5 килограмды құрайды. Құйрығы тықыр, қабыршақты келеді. Ал дене түгі қалың, жұмсақ, су жұқпайды, түсі ашық жирен, қара бурыл.

Ондатр су өсімдіктері бар өзен-көлді, батпақты жерлерде мекен етеді. Көбіне батпақты жерлерді құрғақ шөптерден, өсімдіктерден биіктігі 1 метрден асатын  үйшік жасайды.

Қыс мезгілінде ондатрлар сыртқа шықпай жемін су астынан аулайды. Негізгі қорегі  – су жиегіндегі өсімдіктер, шаян, бақа, балық және басқалары. Бұл аң жылына 1-3 рет ұрпақ береді. Еті жеуге жарамды, қоян етіндей дәмді, ал терісі бағалы, берік келеді. Оның терісінен бас киімдер тігіледі.

Жас қалам

Қазақтың әр баласы батыр

Батыр деген сөзді естігенде біздің ойымызға не келеді? Әрине, күш-қайраты тасыған, екі иығына екі кісі мінгендей, білектері жуан, бойы асқар шыңдай, халқын бауырына тартып, жауын алқымынан алатын ер жүрек тұлға оралады. Және адамгершілік, мейірімділік, ар-намыс, әділеттік қасиеттер де батыр бойынан табылуы тиіс.

Әр елдің өз батырлары бар. Айталық, гректің Геркулесі мен Ахилесі, ағылшынның Артуры, Ланселоты, ал орыстардың богатырьлары. Ал біздің елімізде ұрпаққа үлгі болар батыр тұлғаларымыз көп. Қобыланды, Алпамыс, Бөгенбай, Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Абылай, Исатай, Махамбет, Есет… Батырларымызды жаза берсек, тізбектеле береді.

Тарихқа көз жүгіртсек, батырларымыздың ерліктері жыр-дастан, аңыз болып бізге жетті.  Біздің батырларымыз – Отан үшін от кешкен, елім-жерім деп шырылдап, қасықтай қаны қалғанша жаумен арпалысқан тұлғалар. Олардың басқаларынан ерекшелігі де осында.

…Қазақтың әр қара домалағы батыр бола алады. Ол үшін ерекше күш-қайрат  емес, алдымен жоғарыда айтылған асыл қасиеттер әр бала бойынан табылса, өзін батырмын деп санауына болады.

Аслан ТОҚМЫРЗА,

№2 орта мектептің

4-сынып оқушысы.

Қандыағаш қаласы.

Оқушы ойы

Ел тілегі – бейбітшілік

Ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қайырлы түн» өлеңін оқығаннан кейін бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін білдім. Расында жер бетінде бейбітшілік болса, бірлік, ынтымақ орнап, ырыс-береке мол болады. Балалар аналардың аялы құшағында шаттық күлкіге кенеліп, алаңсыз білім алып, бақытты өмір сүреді.

Қазақ – қай уақытта да бейбітшілікті сақтауға бар күш-жігерін салатын халық. Қаз дауысты Қазыбек би қазақ пен қалмақты табыстырғанда халқымыздың бейбіт, тыныш ел екенін нық шегелеп айтады. Шынында қазақ – ешкімді жатсынбай, өздігінен ешкімге тиіспейтін ел. Қанша көп ұлтты мемлекет болса да бір-бірімен туысқан бауырдай тату. Елімізде бейбітшілік, татулық, бірлік пен ынтымақ үнемі орнаса, біз қандай қиындық болса да жеңеміз.

Халық даналығында: «Бақыт қайда барасың?» – дегенде, «Ынтымағы жарасқан елге», – депті. Әрқашан еліміз тыныш болып, халқымыз бақытты болса екен.

Гүлдана ИМАНҚҰЛОВА,

Төлтай Шанов атындағы орта мектептің

6-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

Оқушы өлеңі

Біздің қала

Біздің қала – бай қала,

Құлпырып тұр айнала.

Қаламыздың көркіне

Қуанбайды қай бала?!

Әсем біздің қаламыз,

Біз бақытты баламыз.

Өсіреді әлдилеп

Әкеміз бен анамыз.

Бексұлтан ЖАКЕЕВ,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының

6-сынып оқушысы.

Бетті әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button