Тарих

Өнегелі өмір иесі

Тағзым

Тәуелсіздікке қол жеткізу саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени өмірімізге зор өзгерістер әкелгені белгілі. Әсіресе, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарда, оның ішінде тарих ғылымында жаңа бір серпін пайда болды. Күн тәртібінде тарихтың, әрине, тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа теориялық-методологиялық негізін қалыптастыру, осы жолда тарихымыздың бұрын жабық жатқан «ақтаңдақ» беттерін толтыру, тың деректер мен материалдарды ғылыми айналымға тарту арқылы кеңестік тарихтағы оқиғаларды жаңаша зерделеу, кезінде «халық жауы» ретінде жалған айыпталған, жазаланған ұлт өкілдерінің тыйым салынған еңбектерін қайта жариялау, т.б. сияқты мәселелер тұрды.

Еліміздің тарихшы-ғалымдары осы мәселелерге белсене араласты. Отан тарихы мәселесін бұрынғы стереотиптік көзқарастардан арылтып, жаңа парадигмалық ұстанымдарды негіздеу жолында М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков сияқты ғалымдарды ерекше айтып өтуімізге болады.

Міне, осындай ғалымдардың ішінде жерлесіміз, профессор, тарих ғылымдарының докторы, биыл туғанына тоқсан жыл толған  Әбу Тәкеновтің өзіндік орны болған еді.

Әбу Сақтағанұлы Тәкенов 1930 жылы 20 ақ­панда Ақтөбе облысының Темір қаласында дүниеге келді. Орта мектепті аяқтағаннан кейін  қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Оқуын үздік дипломмен бітірген жас маман Ақтө­бе облысы Қобда ауданына жолдамамен жұмысқа жі­беріледі. Аудан орталығы Новоалексеевка се­лосында орта мектепте мұғалім, оқу ісінің мең­герушісі, директор болып бес жыл жемісті қызмет атқарады. Жалпы, айта кететін жай, ғалымның өмір жолы, қызметі жайында кезінде ұзақ жылдар бойы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде қызмет істеген ғалымның шәкірттерінің бірі, тарих ғылымдарының кандидаты Б.Құрманбеков жан-жақты жазған еді және материалдары баспасөз беттерінде жарық көрді. Біз мақаламызда ол мәселелерді қайталамай, ғалымның ғылым жолындағы, әсіресе, тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы қызметтеріне, яғни ұлт тарихын зерттеу, оқып-игеру бағытындағы істеріне тоқталып өтуді жөн көрдік.

Ғылымға деген құштарлық 1959 жылы Ә.Тәкеновті өзі білім алған оқу ордасына оралтады. Ғылыми зерттеу жұмысына атақты ғалым Ермұқан Бекмаханов жетекшілік етеді және осы оқу ордасында 40 жылға жуық уақытқа созылған ұстаздық қызметі басталады. Ол 1964 жылы кандидаттық, 1988 жылы докторлық   диссертацияларын қор­ғайды. Зерттеу жұмысының тақырыптарына байланысты түрлі ғылыми мақалаларын есептемегенде жекелей және авторлық бірлестікте бірқатар еңбектері және жарық көреді.

Жалпы профессор Ә.Тәкеновтің ғылым жолындағы қызметі екі кезеңнен тұрады деп айтуға болады. Бірінші кезеңі — кеңестік дәуір. Екінші кезеңі — тәуелсіздіктен кейінгі жылдар. Екі жүзден аса түрлі деңгейдегі ғылыми, ғылыми-танымдық мақалалар мен бірнеше зерттеу еңбектері авторының осы тәуелсіздік жылдарындағы қызметі жаңа бір қырынан көрінді.

Профессор Ә.Тәкенов тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ ұлт тарихының жаңаша мазмұндалуына ерекше еңбек сіңірді.

Әрине, ел тарихын зерделеудің жаңа теориялық-методологиялық тұжырымдамасын жасақтау деректер мен материалдар қорының кеңдігіне де байланысты. Әсіресе, коммунистік партия мен кеңестік биліктің өктемдігімен қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт өкілдерінің еңбектерін қайта баспадан шығару ғалымның ел тарихын жаңа мазмұндағы сапалық деңгейге көтерудегі баға жетпес үлесі болып табылмақ және оған ешкімнің таласы жоқ деп ойлаймыз.

Баршаға аян, ғалымның бастамасымен, тікелей араласуымен (алғы сөздерін, негізінен, өзі жазған) Е.Бекмахановтың (1992 ж.,1994 ж.), С.Асфендияровтың (1993 ж.), М.Шоқайдың (1993 ж.), М.Тынышпаевтың (1993 ж.), С.Қожановтың (1994 ж.), Т.Шонанұлының (1995 ж.),т.б. еңбектері жарыққа шығып, халқына қайта оралды.

Профессор Ә.Тәкенов түрлі ғылыми журналдарда, мерзімді басылым беттерінде тың деректер мен материалдар негізінде мақалалар жариялап тұрды.  Әсіресе, ғалым үшін ғылыми ортада жаңа мазмұнды ұлт тарихының жаршысы бола білген «Қазақ тарихы» журналының орны айрықша болды. Жарыққа шыққан кезінен бастап (1993 ж.) журналмен тығыз байланыс орнатты, Ақылдастар кеңесінің құрамына қабылданды.1993 жылы жарық көрген алғашқы нөмірінен бастап өмірінің соңына дейін, яғни 1997 жылға дейін журнал бетінде ғалымның ғылыми құндылығы жоғары, тағылымды, тәлімді мақалалары жиі-жиі жарияланып тұрды. Жарық көрген мақалалары арқылы тарихшылар, қалың оқырман қазақ тарихының түрлі кезеңдері, М.Шоқай, Е.Бекмаханов, сондай-ақ Зәки Валиди, Баймырза Хайт сияқты тарихи тұлғалар жайында алғаш рет тың мәліметтермен танысты. Ол мақалалардың құндылығы мектеп мұғалімдері, орта арнаулы, жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін Қазақстан тарихын жаңа мазмұнда оқыту жолында таптыртпас материалдар болғандығына шүбә жоқ.

Сөзіміз дәлелді болу үшін ғалымның кейбір мақалаларына тоқталып өтсек, артық болмас деп есептейміз.

Жалпы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кеңестік тарихнамада объективті деңгейде талданбады. Оның себебі айтпаса да түсінікті. Көтерілістің басшылары төңірегіндегі мәселелер, көтеріліске қатысты ұлттық интеллигенцияның ұстанымы, қара жұмысқа тартылған қазақтар саны, т.б. жаңа бағасын алуы қажеттілігі туындады.

Ғалымның «Қазақ тарихы» журналының алғашқы нөмерінде (1993 ж.) жарияланған «Он алтыншы жылғы ойран» мақаласында ұлт-азаттық көтерілістердің жай-жапсары тың деректер арқылы талданады. Ғалымның өзі көрсеткендей «…қанды оқиғалардың белгісіз, ескерусіз жақтары», «коммунистік идеологияның нұсқауымен бір жақты, субъективті, үстірт бағаланып кеткен мәселелер» көтеріліске жаңаша көзқарас қажеттігін тудырғаны анық. Ә.Тәкенов көтеріліс болған аймақтарының жекелей басшыларының сайланғандықтарын, патша әкімдері оларды әдетте «хан» деп атағандарын, ал ол, негізінен, «басшы», «көсем» мағынасында болғандығын ескертеді және кеңестік зерттеушілер осы мәселенің мәніне бармай, оларды феодалдық құрылысты көксеушілер қатарынан қарастырғандығын келтіреді. Мақалада сондай-ақ қазақ зиялыларының көтеріліске қатысы мәселесі, тыл жұмысына алынған қазақтар саны жөнінде де айтылады. Бірінші жағдайда қазақ зиялыларының көтерілісті қолдамауы патшаға жағынудан емес, керісінше, қауқарсыз қалың бұқараның бос шығынға ұшырамауын ойлағаннан туындағаны дәлелденсе, келесі жағдайда бұрыннан белгілі 100-150 мыңның орнына қара жұмысқа алынғандар саны 250-300 мыңдай болғаны жөнінде мәліметтер келтіреді. Ғалым мақаласына еліміздің, Мәскеу, Балтық жағалауы елдері мұрағаттарының деректерін кеңінен пайдаланған.

Баршаға белгілі, азамат соғысы кезінде Қызыл Армияға көмек ретінде 1918 жылы «Әскери коммунизм» саясаты, кейін, соғыс аяқталған соң, 1921 жылы «Жаңа экономикалық саясат» қабылданған еді. Жасыратыны жоқ, осы екі саясаттың жүргізілуі кеңестік тарихнамада бірыңғай дәріптеліп келді, қайшылықты жақтары айтыла бермеді. Бұл жағдай, әсіресе, осы саясаттардың негізі болып саналған азық-түлік саясатына қатысты болды.

Ғалымның авторлық бірлестікте жариялаған «Кеңес өкіметінің Қазақстандағы азық-түлік саясаты (1920-1922 жж.)» мақаласында (Қазақ тарихы,1995, №2) тың деректер негізінде аталмыш саясаттың Қазақстан халқына тигізген ауыр зардаптары жан-жақты ашып беріледі. Сонымен қатар мақалада елден азық-түлік жинау диктаторлық жолмен жүргендігі, билік орындарынан жергілікті жерлерге «…репрессиялық шаралар қолданыңдар, қаруланған азық-түлік отрядтарын дайындаңдар,…салғыртты күштеп орындатудан тайсалмаңдар» деген нұсқаулар беріліп отырғаны келтіріледі. Ғалым 1920 жылы астық жинаудың тым ретсіз жоспарынан Қазақстан бойынша меже 20 млн пұт кем орындалғанын, 1921 жылы қабылданған жаңа экономикалық саясаттың өзі еш жеңілдік әкелмегенін, керісінше осы жылы 1920 жылы алынбай қалған 20 млн пұт астықты жинап алу міндеттелгенін көрсетеді. Сондай-ақ мақалада билік орындары алдына қойған міндеттерін қалай да болса жүзеге асыру үшін 1921 жылғы аштыққа байланысты азық-түлік салығынан босатылған аудандардың берілген жеңілдіктерін жойып, оларды ет салығын тапсыруға мәжбүрлегендігі айтылады. Сөйтіп, мақалада Кеңес өкіметінің азық-түлік саясатының қолға алынуы, жүрісі, нәтижелерінің қайшылықтары жан-жақты әшкерленеді.

Профессор Ә.Тәкенов Қазақ тарихын оқыту мәселесіне де көңіл аударған. Журналдың 1996 жылғы №1 санында «Қазақ тарихының зары» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақаланың жазылуына себеп тәуелсіздік алғанмен қазақ тарихын оқытуда байқалған келеңсіз жағдайларға байланысты болған еді. Сондықтан да қазақ тарихына деген ұстаным, көзқарас мәселесі ғалымды зор толғанысқа түсіргені анық. Ғалым әлемнің бірқатар елдерінде мемлекет басшылары өз елдерінің арғы-бергі тарихына қаншалықты көңіл аударғанын келтіре отырып, осы мәселенің республикада әлі де болса сын көтермей отырғандығын ашық айтады және «бұл тек бір министрдің құзырындағы кезектегі жай мәселе емес, мемлекеттік маңызы бар іс» деп көрсетеді. Шынымен де, солай екендігі айтпаса да түсінікті. Яғни ғалымның өз сөзімен айтқанда «…еш мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайды және идеология тарихты жазумен, тарихты оқытумен тікелей байланысты» болады. Ғалым тәуелсіздік кезеңінде еш кедергісіз шешілуі тиіс Қазақстан тарихын оқытуды ұйымдастыру, оқыту, маман дайындау жолында кеңестік кезеңдегі проблемаларға арнайы тоқталып өтіп, әлі де болса қайшылықтарының болып отырғанына қынжылыс білдіреді. Қазақстан тарихын оқып-игерудегі қиыншылықтарды шешу үшін өз ұсыныстарын да айтып өтеді. Ұсыныстарында Қазақстан тарихының міндетті түрде дербес пәндік мәртебесі болуы керектігі, пәнді нағыз мамандар жүргізуі тиістігі, басқаша жағдайда мамандану үшін біліктілік көтеру, қайта даярлау курстарынан өту қажеттігі сияқты мәселелер көрсетіледі. Білім министрлігінің назарына арнап жазылған осы мақала мектеп мұғалімдерінің, жоғары оқу орындарының оқытушылары тарапынан қолдау тапты, журналдың кезекті нөмірі беттерінде талқылаулар болды, жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнінің жүргізілуі барысы, проблемалары жайында кездесулер жүргізілді, проблемалары талқыланды. Мақала кезінде белгілі бір дәрежеде Қазақстан тарихы пәніне деген көзқарастарға өз ықпалын тигізе алды деп айтуға болады.

Өзінің естелігінде курстасы, досы, ғылымдағы әріптесі, академик Ма­наш Қозыбаев Ә.Тәкеновтің  көп жақсы қасиеттеріне тоқталып, ұстазға, шәкіртке деген адалдығын, соғыстан кейінгі ауыр жылдары жоғары білім алып, алға қойған арманына жету үшін мойымай әрекет еткен қарапайым ауыл баласының ғылым жолындағы өткен белестерінің елге, халыққа үлгі боларлық іс екендігін айта келіп, «Әбу өмірі — өнегелі өмір» деген еді.

Ендеше, қасиетті топырағынан талай атақты адамдар шыққан өңіріміздің тағы бір айтулы тұлғасы, тарих ғылымына, оның ішінде кейінгі жылдары отандық тарих ғылымының жаңа деңгейге көтерілуіне ерекше еңбек сіңірген, ғылыми ортада өзіндік орны бар тарихшы-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Ақтөбе» энциклопедиясын шығару туралы идеяның авторы және осы энциклопедияның тұңғыш ғылыми бас редакторы болған Әбу Тәкенов Ақтөбе жұртшылығының мақтанышы, кейінгі ұрпаққа өнегелі өмір иесі болып қала береді деп ойлаймыз.

Ұзақбай ИСМАҒҰЛОВ,

тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарих және дінтану кафедрасының профессоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button