Білім

Балдырған

Қанаттылар әлемі

75 жыл жасайтын санитар

Әуелден жақсы атағы жоқ құстардың бірі — құзғын. Құзғынды мақтаған әдеби шығармалар да жоқ. Сонда бұл қандай құс?

Құзғын — кәдімгідей ірі құс. Оның дене тұрқы 66 сантиметрге дейін жетеді. Қауырсын жүні тығыз және жып-жылтыр қара түсті болып келеді.

Құзғынның жемейтіні жоқ: ол жемісті де, ұрық-дәндерді де, әртүрлі көкті де жейді. Сонымен қатар ірі шағалалардың ұясын талқандап, жұмыртқасы мен балапанын ұрлайды. Қоянның жас көжектері мен кейбір кемірушілерді құртады, өлекседен де жиіркене қоймайды.

Құзғын дыбысты жақсы естиді, көзі де керемет қырағы. Ол солтүстікте де, ыстық жақта да, шөлде де, биіктігі 4 мың метрден асатын климаты қатал таулы үстіртте де қыбын тауып тіршілік ете біледі.

Бұрынғы кезде арабтар құзғынды мәңгі өлмейтін құс десе, бізде оны мың жыл жасайды деп есептеген. Ал ақиқатына келгенде ол 70-75 жылға дейін өмір сүреді.

Құзғындар өмір бойы жұп болып, бір ғана жерде тіршілік етеді. Тек көне ұясына жақын етіп қайта-қайта жаңа ұя жасайды. Бұл өзі жылы ұяның жұмсақ төсенішіне қаптап кеткен әртүрлі паразиттерден құтылудың тәуір тәсілі болып табылады.

Құзғын — аса сақ құс, сондықтан адамнан аулағырақ жүреді.

Құзғын кемірушілерді өте жақсы аулайды, өлекселер мен ауру хайуандардың көзін жойып, нағыз санитарлық қызмет атқарады. Амал қанша, ол енді сирек құсқа айналып кетті: Еуропаның көптеген жерлерінде оны мүлде құртып жіберді.

Қазір құзғын — қорғауға алынған құс.

Елорда

Астананы армансыз араладық

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов ұсынған «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты жастар марафон-эстафетасының қорытындысы бойынша Астанаға саяхаттауға жолдама алғандардың бірі мен едім. Астанаға екінші рет жолым түсті. Жазда ата-анаммен бірге қыдырып қайтқам.

Біз Қобда ауданы бойынша 40 оқушы болып жолға шықтық. Жолшыбай Мұғалжар және Мәртөк аудандарының оқушылары қосылып, пойызға жүзге жуық оқушы болып міндік. Астанаға 26 сағат жүріп отырып жетіп, «Абай» қонақүйіне тоқтадық. Біз үшін бар жағдай жасалған екен. Өзімізді ханзада мен ханшайымдай сезіндік.

16 қазан. «Думан» ойын-сауық орталығына барып, кинотеатрға, мұхит аралдарына және, ең қызықтысы, «Джунглиге» кірдік. «Джунглиде» тамаша да қорқынышты жан-жануарлар толып жүр. Кинг-конг та, динозаврлар да бар. Одан соң автобуспен түнгі Астананы араладық. Жолбастаушы көргендерімізді тартымды етіп түсіндірді.

17 қазан. Әйгілі музейге келдік. Бұл жерде Нұр-атамыз Ақ орда салынбай тұрған кезде отырған. Бұл жерде небір келелі мемлекеттік мәселелер шешіліп, маңызды кездесулер өткен. Президентімізге сыйға берілген талай асыл заттар осы жерден табылады.

Міне, «Бәйтерекке» жеттік. Көз тоймас сұлулығын тамашаладық. Алтын «Аялы алақанға» қолымызды қойып, тілек айттық.

18 қазан. Пирамидадамыз. Бірінші қабаты қара түсті, яғни «Жер асты». Жоғары көтерілдік. 1557 орындық концерт залына кірдік. Пирамиданың ұшар басынан күн сәулесі түскенде залдың іші нұрланып кетеді екен. Екінші қабат — «Жер беті».  Дөңгеленген шеңбердің ортасында тұрып тілек айттық. Арнайы «Қысқы бақ» арқылы ең жоғары қабатқа көтерілдік. «Аспан әлемі» деп аталатын бұл жерде 130 көгершін бейнеленген, бұл 130 ұлт пен ұлыстың бірлігін білдіреді.

Астана ажарының бірі «Нұр Астана» мешітіне барып, аруақтарға құран бағыштаған соң жаңадан ашылған ойын-сауық орталығы «Хан шатырға» келіп жеттік. Кең, жарық ғимараттың ішінде қысы-жазы бірдей 25 градус жылылық сақталады екен. Армансыз араладық.

Астанаға бару — әр қазақстандықтың арманы. Осындай ертегідей қаланы біз үшін көркейтіп жатқан Елбасына, сол шаһарға барып саяхат жасауға жағдай жасаған Елеусін Сағындықов ағамызға айтар алғысым шексіз. Ендігі біздің міндетіміз — саналы тәрбие алып, білім нәрімен сусындап, қазақ халқына адал еңбек етіп, Қазақстанның көркеюіне атсалысу.

Перизат САТЫБАЙ,

Қобда гимназиясының оқушысы.

Қобда ауданы.

Біздің сынып

Досымжан алматыға барады

Мен Талдысай орта мектебінің үшінші сыныбында оқимын. Біздің сынып өте тату. Мектептегі іс-шараларға белсене қатысамыз. Сонымен қатар суреттер саламыз, сөзжұмбақтар құрастырамыз.

Сынып жетекшіміз Гүлжан апай жұмыстарымызды жинастырып, баспаға жіберіп отырады. Сыныбымызбен «Айгөлек» журналына жазылып, әр санын асыға күтеміз. «Ақтөбе» гезтінің «Балдырған» бетінде де оқушыларымыздың суреттері, сөзжұмбақтары шығып тұрады.

Жақында сыныбымызда күтпеген оқиға болды. Сыныптасымыз Досымжанға Алматыдан, «Айгөлек» журналынан фестивальға шақыру келді. Біз, апайымыз, балалар, қатты қуандық. Досымжан оқу озаты, күрес секциясына барып жүр. Ылғи да көңілді жүреді. Сыныптағы тәрбие сағаттарында ән айтып, би билейді. Енді Досымжан мамасымен Алматыға баруға дайындалып жүр.

Біз сыныбымызда осындай оқушы бар екендігіне мақтанамыз және Досымжанға сәт сапар тілейміз.

Диляра БАХТИЯРОВА,

Талдысай орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Туған жер

Шөбі майса,

Ауасы жайсаң,

Суына қанып

Бір іше тойсаң.

Топырағы — май,

Көңіліңе жай.

Жаныңа сай —

Туған жер!

Ана

Нағыз достық жыры — сен,

Нағыз ақын сыры — сен!

Ниет еткен оң жолды,

Даналықтың үні — сен!

Гүлсаян ӨКСІКБАЕВА,

Черновод орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button