Мәдениет

Азат — біздің бильярдшы

Ақтөбелік Азат Түменов — бильярд спортының жаңадан танылып келе жатқан шебері. Ол 15 жасында Шымкент қаласында ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, республикадағы бильярд спорты бойынша үздік сегіздік қатарына енді. 18 жасына дейін жасөспірімдер арасында Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды, екі рет күміс жүлдеге, бірнеше рет қола жүлдеге ие болды. 2008 жылдан бастап ҚР спорт шебері.

Азат қазір 19-да. Еуропа, Азия, Қазақстан, әлем чемпионаттарына қатысып жүр.

Жақында ол бильярд спорты бойынша Қазақстан Республикасының абсолютті чемпионы атағын алу үшін Алматыға барып, еліміздегі үздік сегіздікпен текетіресті. Сегіздіктің қатарында бұрынғы әлем чемпионы Эмиль Мударисов, 2009 жылғы әлем чемпионы Әуес Елубаев, 2010 жылғы әлем чемпионы Ернар Чинбаев, әлем чемпионатының қола жүлдегері Әлібек Омаров, т.б. мықтылар бар. Азат Э.Мударисовтен басқасының барлығынан оқ бойы озық шықты. Бірақ, ойын шарты бойынша, партия ерекшеліктеріне сәйкес Азат Ә.Елубаев пен Э.Мударисовтен кейінгі үшінші орынға табан тіреді.

Азатқа бильярдтың не екенін үйреткендер көп, бірақ нағыз кәсіби ұстазы да, жаттықтырушысы да жоқ. Ақтөбеде бильярд клубтары көп болғанымен, кәсіби тұрғыда сабақ алатын жер тағы жоқ. Азат қаламыздағы «777» бильярд клубында дайындалады.

— Аталған клуб басшысы Алтынбек Омаров Азатқа кешкі сағат алтыға дейін бір столды тегін береді. Бұл — алғысқа лайық іс. Жалпы, қаламыздағы жақсы бильярдшы жігіттер әдетте осы клубта кездеседі. Азат жыл сайын әлемнің түрлі елдерінде ұйымдастырылатын халықаралық коммерциялық турнирлерге жиі қатысады. «777» клубының басшысы, ойыншылар да Азатқа ылғи қолдарынан келгенше көмек көрсетеді. Соңғы турнирлерге Асылбек Құлмағамбетов басқаратын облыстық спорт және туризм басқармасы тарапынан көмек көрсетілді. Атасы Қазақстанның құрметті байланысшысы Жолдыбай Түменов те үнемі демеушілік көрсетеді. Осы азаматтардың барлығына балам дән риза, — дейді Азаттың әкесі Есет Түменов.

Тағы бір мәселе — жаттықтырушымен бірге бильярд спортында аса қажетті серіктес ойыншының болмауы. «Ақтөбеде жақсы ойыншылар бар, бірақ қаржының жоқтығына байланысты чемпионаттарға бара алмайды. Қасында бірге жүретін ойыншы болса, Азат бұдан да жақсы нәтижелерге қол жеткізер еді», — дейді әкесі.

Енді Азат Ресейдің Ульяновск қаласында өтетін Ресей бильярд федерациясы президентінің кубогіне арналған халықаралық коммерциялық ашық турнирге жол жүреді. Жеңіспен оралғай!..

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button