Рухани жаңғыру

Қазақтың қайсар қызы — Сапура

Дөңгелек үстел

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Cапура Мәтенқызы — аты аңызға айналған тарихи тұлға» атты дөңгелек үстел өтті. Шара С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылды.

Сапура Мәтенқызы — азаттық үшін күрескен батыр қыз. Ол XVIII ғасырда, нақтылап айтар болсақ, 1753-1776 жылдар аралығында өмір сүрген. Қобда өзені бойын мекендеген Мәтен батырдың отбасында дүниеге келген. Батыр қыз Пугачев бастаған көтерілстен соң 1775-1776 жылдар аралығында Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан. Сапура бастаған  қазақ сарбаздарының уақытша орда құрған жерлерінің бірі — Қобда өзенінің Елекке құяр тұсы. Бұл жерлер Досалы, Сейдалы сұлтандардың да жайлау қоныстары ретінде тарихта белгілі. Қобда ауданындағы Жиренқопа, Көк үй ауылдары және тағы басқа тарихи жерлер үлкен ғылыми зерттеуді қажет етеді. Көктемір атанған Сапура Мәтенқызы қозғалысты 1775 жылдың қыркүйек айында бастаған деген дерекке сүйенсек, биыл қозғалысқа 245 жыл толды. Дөңгелек үстел басында белгілі ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы, ақын Нұрлыбек Қалауов батыр қыздың тарихтағы рөлі туралы әңгімеледі. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Мақсұтқызы жыл басынан бері батыр қызды ұлықтауға  және зерттеуге арналған бірнеше шара өткенін айтты. Зерттеу нәтижесінде Орынбор архивінен Сапура Мәтенқызы туралы құжат табылған. Ескі орыс тілінде жазылған құжатты аудару үшін басқарма  Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтына хат жолдайды. Институт басшылығы көмек көрсетуге әзір екенін айтқан. Жанар Мақсұтқызы Сапура батырдың ерлігін насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға  басқарманың Алғыс хатын табыс етті. Жиында облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі Бақытгүл Сынабаева басылым беттерінде жарияланған мақалаларға шолу жасады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Алмагүл Сарыбай слайд арқылы атқарылған  шараларды көрсетті. Қобда аудандық бөлімінің меңгерушісі Гүлбаршын Ерғалиева кітапханаға Қобда энциклопедиясын тарту етті.

Сапура Мәтенқызының қозғалысы 1776 жылдың жаз айында аяқталған соң, ол өз ауылдастарын ертіп, Қобда бойынан Қиыл өзенінің бойына қоныс аударады.  Ал Ойыл ауданының аумағында «Мәтентөбе» деп аталатын жер оның әкесі Мәтен батыр есімімен тікелей байланыстырылады. Мұнда ескі қабір орындары, тастағы ру таңбалары сақталған. Дөңгелек үстел басына жиналғандар осы және өзге де деректерді айтып, әлі де зерттеуді қажет ететін жерлердің көп екенін жеткізді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button