Бір сәт және тұтас тарих
2018 жылы Тұңғыш Президент күні қарсаңында қаламызда облыстық өлкетану музейінің жаңа ғимараты ашылған болатын. Зәулім ғимараттың ресми ашылу салтанатының құрметіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің тұсаукесері өткізілгені белгілі.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының қалыптасуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі, еліміздің кейінгі отыз жылда жүрген жолы, жетістіктерінен сыр шертетін Елбасы кітапханасының мұрағатынан, кітап, мұражай қорларынан алынған мыңнан астам жәдігер, суреттер мен бейнежазбалар қойылған көшпелі қор көрмесін облыста 120 мыңнан астам адам тамашалаған еді. «Елбасы жолы», «Елбасы феномені», «Әлем таныған Елбасы» және «Елбасы мәртебесі — ел мәртебесі» сынды төрт бөлімнен тұрған көшпелі қор көрмесінің өткеніне екі жылдай ғана уақыт болғанымен, бұл оқиға тарихқа айналып үлгерді.
Еліміздің кейінгі отыз жылының тарихы — тәуелсіз Қазақ елінің алтынмен жазылатын тарихы. Тәуелсіздік пен Елбасы ұғымын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Сондықтан болар, өлкетану музейінің жаңа 10 залының бірі — «Тәуелсіздік жолы» залында ҚР Тұңғыш Президентіне арналған арнайы экспозиция жасақталған.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қазіргі заман тарихын ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Айбек Ертеміровтің айтуынша, «Тәуелсіздік жолы» залында Ақтөбе өңірінің Тәуелсіздік алғаннан кейінгі дамуына қатысты заттай және жазбаша деректер орналастырылған.
— Бұл экспозициялардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі, еңбек жолы мен 1991 жылдан бастап әр жылдардағы біздің облысқа келген сапарлары туралы құжаттар мен суреттер жинағы. Мұндағы әр суреттің тарихи бағасы жоғары. Ақтөбе — еліміздің батысындағы экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ірі өндіріс орталығы. Елбасы өз сапарларында Ақтөбені «ел экономикасының локомотиві», «құтты мекен» деп атады, облыстың ел дамуындағы рөлін жоғары бағалады, өңірдегі маңызды оқиғаларға арнайы келіп қатысып, куә болды. Оған музей қорындағы суреттер дәлел. Мәселен, экспозициядан Елбасының 1997 жылы Жаңажол кен орнына, 1999 жылы Дөң тау-кен байыту комбинатына баруы, 2005 жылы Ақтөбе халықаралық әуежайын қайта жаңарту жобасын талқылау, осы жылы қаламыздағы жаңа 12-шағын ауданның құрылысымен танысу, облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасындағы «Мәдени мұра» көрмесімен танысу, 2009 жылы «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарының ашылу салтанаты сәтіндегі суреттерін көруге болады. Тұңғыш Президент өңіріміздегі ірі өндіріс орындарының, әлеуметтік нысандардың ашылуына да көбіне өзі келіп қатысты. Мәселен, қордағы суреттерден Елбасының Қазақстандағы тұңғыш рельс шығаратын зауыт — Ақтөбе рельс арқалығы зауытына, ферроқорытпа зауытына, мыс комбинатына, заманауи жылыжай кешендеріне, «Дару», «Аяла» сынды медицина мекемелеріне, білім беру, денешынықтыру-сауықтыру кешендеріне барған сапарларын көруге болады, — дейді Айбек Ертеміров.
Ақтөбеде өткен ірі шараларға Елбасының қатысуы бұл шаралардың маңызын арттырғаны белгілі. 2010 жылы болған «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» жастар слеті, 2011 жылы өткен «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» І республикалық марафон-эстафетасы, 2016 жыл ұйымдастырылған «Жастық! Жігер! Еңбек!» республикалық жастар слетіне Елбасының келуі осы шараларға қатысқан мыңдаған жастардың есінде қалған болар.
«Тәуелсіздік жолы» залындағы тағы бір экспозиция Елбасының еңбек жолына арналған.
Сәл кейін шегінсек… 1991 жылғы 1 желтоқсанда тәуелсіз Қазақ елінде алғашқы президенттік сайлау өтіп, еліміз өзінің Тұңғыш Президентін сайлаған болатын. Сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев халықтың зор сенімімен (сайлаушылардың 98,78 пайыз дауысымен) жеңіске жеткен еді. Мемлекет билігін қолға алғаннан бастап ҚР Тұңғыш Президенті атқарған игі істер жетерлік. Ол — мемлекеттік шекарамызды бекітіп, Ата Заңымыздың қабылдануы, төл теңгемізді шығарып, мемлекеттік рәміздеріміздің қабылдануы… бір сөзден айтқанда, мемлекеттіліктің негізін нық қалап, дамудың алғашқы соқпағын салғанымыз.
— Міне, мына суретте 1991 жылы алғашқы сайлауда жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұңғыш Президент ретінде ант беру сәті, 1992 жылы еліміз тәуелсіз ел ретінде әлемдегі ең беделді ұйым — Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы — сол кездегі БҰҰ бас хатшысы Бутрос-Галимен кездесуі көрсетілген. 1993 жылы маусымда мемлекеттік рәміздер қабылданды. Елбасына мемлекеттік тудың үлгісін таныстырып жатқан сурет, Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әніне Елбасының өз қолымен енгізген өзгерістері — ел әнұранының алғашқы мәтінінің суреті (көшірмесі) де тәуелсіз ел тарихының бір парағы ретінде музей қорында сақталған. 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ Совет Социалистік Республикасының мемлекеттік суверенитеті туралы декларация (көшірмесі), Тұңғыш Президенттің Ақмола қаласын Астана деп жариялау туралы Жарлығының көшірмесі, төл теңгеміздің суреттері, Елбасының жазған еңбектері қойылған. Әлемдік діндер сьезі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, діндер мен конфессиялар өкілдерінің съездері, еліміздің 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуі, 2017 жылы елімізде ЭКСПО көрмесінің өтуі — ел тарихындағы аса маңызды саяси-экономикалық оқиғалардың барлығына да мына суреттер куә, — дейді Айбек Ертеміров.
Экспозицияда негізінен суреттер «сөйлейді». Әр сәт — бір сурет, ал әр суреттің өз тарихы бар. Ал бұл тарих — еліміздің екіге бөліп қарауға болмайтын екі ұғым — Қазақстан Тәуелсіздігі мен Тұңғыш Президенті тарихы.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.