Доңызтаудағы ғажайып ескерткіштер зерттеліп жатыр
Ұлы даланың жеті қыры
2019 жылы Темір өңірінің Ащы Ойыл жазығындағы көне қорғандардың бірінен алтын киіммен жерленген сармат көсемінің қабірі табылды. Жалпы, еліміздің әр аймағында сақ, сармат, ғұн дәуірлерінен қалған қорғандар өте көп, соңғы жылдары олардың бір бөлігі зерттеліп, табылған құнды жәдігерлер, соның ішінде алтын бұйымдар, алтынмен апталған киімдердің қалдықтары ерте заманда қазақ жерінде үлкен өркениеттің болғанын паш етіп отыр. Ал Ұлы даладағы халықтық сәулет өнерінің үлгісі болып табылатын көне кесене-мазарлардың, сан қилы ою-өрнекке, араб тілінің мамандары болмаса, бүгінгі ұрпаққа жұмбақ жазуларға толы құлпытастардың, бір сөзбен айтқанда, бергі ғасырлардағы ескерткіштердің құндылығы да сол сақ-сармат дәуірінен жеткен алтындардан мысқалдай кем емес.
Тарихымызды тану, зерттеу мәселесінде арғы дәуірлердегі қорғандар мен қоныстар орнындағы қазба жұмыстарын жандандырумен қатар, бергі ғасырлардағы ескерткіштерді де назардан тыс қалдырмаудың маңызы өте зор. Сондықтан, біздің облыс әкімдігінің бастамасымен, өткен жылы Доңызтау өңірі ескерткіштерін кешенді зерттеу мақсатындағы батысқазақстандық этноархеологиялық экспедиция іске кірісті. Экспедиция жұмыстары үш жыл бойы, яғни 2019-2021 жылдар аралығында жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл жұмыстарға Ақтөбе өңірінің ескерткіштерін 1979 жылдан бері зерттеп келе жатқан ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали жетекшілік етеді. Сондай-ақ бұл істі ұйымдастыруға облыстық тарихи-өлкетану музейі де атсалысып отыр. Экспедиция құрамында Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының мамандары, облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының, С.Бәйішев университетінің мамандары мен жергілікті және атыраулық өлкетанушылар, т.б. бар.
Профессор Серік Әжіғалидың айтуынша, Доңызтау — өткен күннен қалған ғажап ескерткіштерге бай өлке, соның ішінде ХІХ ғасырдың 30-жылдарында Солтүстік Үстіртте пайда болып, көбісі бүгінге дейін сақталып тұрған діни-тұрғын кешендер басқа жерде кездеспейтін, бірегей ескерткіштер қатарына жатады.
— Арал мен Каспий аралығындағы Үстірт жазығынан бұдан 3-4 мың жыл бұрынғы қоныстардың орны табылған. Орта ғасырларда араб дипломаты Ахмед ибн Фадлан, француз королі ІХ Людовиктің елшісі Гильом де Рубрук өз жазбаларында осы өңірден тастан салынған мазарлар, мұнаралар көргенін жазып қалдырған. Алтын Орда мемлекеті ислам дінін қабылдағаннан бастап, Батыс Қазақстан мен оған жалғас өңірлерде мемориалдық-ғұрыптық құрылыс едәуір жанданған, — дейді Серік Ескендірұлы.
Доңызтауда, әсіресе, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейінгі аралықтағы ескерткіштер — көне мешіттер, кесене-мавзолейлер, тас қашаушы шеберлердің қолынан шыққан құлпытастар — тұнып тұр. Аталған мерзімде Доңызтау Батыс өлке қазақтары үшін ерекше маңызға ие болған, соның ішінде бұл өңірді көбіне табын (негізінен, шөмішті табын), адай және ішінара шекті рулары жайлаған.
— Доңызтау — қазақ тарихындағы ерекше бір тарихи кезең саналатын, көшпенділіктен жартылай көшпенділік-жартылай отырықшылық өмір салтына өту кезеңіне куә болған, сол уақыттың іздері сайрап жатқан өңір. Мұның дәлелі — ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап пайда болған қазақтың тұрақты ауылдары. Бұл — үлкен ауылдар. Оларды ғылымда «діни-тұрғын кешендер» дейміз. Діни-тұрғын кешендер құрамына мешіттер, тұрғын үйлер мен қора-жайлар және қорымдар кіреді, — дейді Серік Әжіғали.
Әрине, бұл тұста өңір тұрғындарының негізгі бөлігі көшпелі өмір салтын үзбей ұстана берген, ал діни-тұрғын кешендерде қысы-жазы ишан-молдалар, олардың шәкірттері мен мал-жайға қарайтын адамдар ғана отырған. Мысалы, Доңызтаудың бүгінде Атырау облысы аумағына қарайтын бөлігіндегі Қайнар — діни-тұрғын кешендердің ішіндегі ірілерінің бірі. Ал Сүлікті — көлемі жағынан орташа кешен, сонымен бірге шағын кешендер де бар. Қайнардағы мешітті Досжан ишан Қашақұлы салдырған. Бұл жерде кем дегенде 20 тұрғын үй, басқа да құрылыстар болыпты.
— Бұл кешендерде бір мезгілде қанша адам тұрғанын нақты айту қиын. Шәкірттердің қасында кемі 10-20 ересек адам болған деп шамалаймыз. Шәкірттердің саны да белгісіз. Мысалы, ертеректе Мәткер Нұрмағамбетов есімді ақсақал ХХ ғасырдың 20-жылдарында Сұлтан ахун діни-тұрғын кешеніндегі медресенің шәкірті болғанын айтты. Сонда ол: «Медресенің 500 шәкіртінің бірі болдым», — деді. 500 шәкірт бір мезетте оқыды дегенге сену де қиын, дегенмен бізге жеткен ауызша деректің бірі — осы, — дейді Серік Әжіғали.
Діни-тұрғын кешендер құрылысына ық әрі шөбі шүйгін, қолайлы жерлер таңдап алынған. Малды қыстан аман алып шығу үшін мол шөп қоры керек. Ал бұл өңірдегі бастауын Мұғалжардан алатын Шаған, Мәнісай өзендері көктем кезінде қатты тасып, жан-жағына біраз жайылады екен. Кейін қайтқан судың орнына қаулап шыққан шөпті бір маусымда 2-3 рет шауып алатын болған.
Ғалым осыдан 20 жыл бұрын Доңызтауда 20 діни-тұрғын кешен бар деп есептесе, ал кейінгі зерттеулер барысында олардың әлдеқайда көп екеніне көз жеткізіпті. Қазір ол: «Мұнда кем дегенде 30 кешен болған», — дейді. Өткен жылы 5 кешен егжей-тегжейлі зерттелген. Биылғы жұмыстар кезінде тағы 5 кешенді зерттеу жоспарланыпты.
— Менің пікірімше, қазақтың халықтық сәулет және тас қашау өнері ескерткіштерін зерттеу — қазіргі күні бірінші орынға қойылуы тиіс іс. Өйткені олар мәңгілік емес, енді аз жылда оларды жоғалтып аламыз. Айталық, арнайы технологиямен, бие сүті, қыл араластырылып соғылған кірпіштен тұрғызылған кесенелердің өзі 200 жылға дейін ғана сақталады. Одан соң мүжіліп, құлай бастайды. Мысалы, далада тұрған мавзолейлердің бәрінің дерлік күмбезі жоқ, қабырғалары да бүліне бастаған. Сондықтан оларды іші-сыртынан суретке және бейнетаспаға түсіріп, жан-жақты әрі толық сипаттап, өлшемдерін алу, қайталап айтайын, бірінші кезектегі іс. Бұлар ата-бабаларымыздың мәдениеті, сәулет өнері туралы біздің қолымыздағы нақты дерек болып қалады. Ертеңгі күні озық технологияларға қолы жеткен ұрпақ сол деректер арқылы көне кесене-мазарлар немесе мешіттерді бастапқы нұсқасында, айнытпай қалпына келтіре алатын болады. Ал қолында ертеректегі дерек қалмаған күнде де қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, бірақ ол кезде бастапқы түрін дәл сақтау мүмкін болмайды. Ондай жағдайда қалпына келтірілген ескерткіштерден сол заманның өзіндік келбеті, рухы сезілмейтін болады, онымен қоймай, Ұлы даланың көне сәулет өнері, мәдениеті туралы қате түсінік-тұжырымдарға жол ашылады, — дейді профессор.
Діни-тұрғын кешендерден бөлек, Доңызтаудағы көне қорымдар да ерекше назар аударарлық ескерткіштерге толы: бұлар — күмбезді тамдар, сағанатамдар, сандықтастар, құлпытастар, сәулет өнері мен тас қашау өнерінің басқа да үлгілері… Мысалы, зерттеушілер шағын ғана Құрсай қорымын қазақтың тас қашау өнерінің музейі деп қабылдауға лайық санайды. Сондай-ақ Үстірттің басқа өңірлерінен гөрі Доңызтауда күйдірілген кірпіштен тұрғызылған ескерткіштер көбірек кездеседі екен.
Зерттеушілердің айтуынша, өткен ғасырларда Доңызтау — жан-жақтағы өңірлермен байланысы күшті, қайнаған өмірдің ортасы болған жер. Екінші жағынан, бұл жерге патша билігінің құрығы жете бермеген. Мысалы, осы өңірге және Махамбетке байланысты қызықты дерек келтіріп отыр. 1836-1838 жылдардағы Исатай-Махамбет көтерілісі жеңілгеннен, Махамбет Өтемісұлы Үстірттегі жұрттың арасын, соның ішінде Солтүстік Үстіртті де біраз паналаған.
Ресейдің Егор Петрович Ковалевский есімді Африкаға, Қытайға дейін барған саяхатшысы әрі дипломаты ХІХ ғасырдың Ұлы дала үшін ең мазасыз 30-жылдарының соңында осы жақтарға келіпті. Орыс деректері бойынша, ол қазақ даласының үстімен Бұқараға өтуі тиіс екен. Өйткені сол тұста Бұқара әмірі орыс патшасынан өзіне «тау-кен шенеунігін» жіберуді өтініпті-міс. Ковалевскийдің экспедициясы Орынбордан 1839 жылдың 30 қазанында Бұқараға бет алған сауда керуенімен бірге шыққан. 7 қарашада Ковалевский Бестамақ өзенінен өтіп, алыстан «Исет батырдың» зиратын көргендерін жазған. Ол өз жазбасында: «Исет батыр — Жәңгір ханға қарсы соғысқан Исетай батыр» деген түсінік беріп, Есет батыр мен Исатай батырды шатастырады. Бұл жерде саяхатшы айтушыларды дұрыс түсінбеді ме, әлде естіген дерегін әдейі бұрмалады ма — ол жағы бізге белгісіз. 17 қарашада ол Үлкен Борсық құмында, өзінің айтуынша, хиуалықтардың қолына тұтқынға түсіп, 20 қарашада қашып шығып, Орынбор жағына қарай кері кеткен.
Ковалевский тұтқында отырған кезінде «Мугамет Евтимишев» деген орыс өкіметіне қылмысты қазақтың кездесуге келгенін, оның өте ақылды адам екенін және өздеріне қашып шығуға көмектеспек болғанын жазады. Көмектеспек болған себебі, сол арқылы өкіметтің кешірімін алғысы келген, үй-ішімен қауышуды көксейтінін, қашып жүруден шаршағанын айтыпты…
… Иә, Доңызтаудағы ғажайып көне ескерткіштер, өткен ғасырлардан қалған сандаған деректер оның бір кезде елсіз-сусыз, жым-жырт жатқан шалғай түкпір емес, халыққа құтты мекен, үлкен мәдениет ошағы, айрықша тарихи оқиғалардың бесігі болған, тарихи тұлғалардың ізі қалған өңір екенін дәлелдейді.
Доңызтау өңіріне аттанған Батыс-Қазақстандық кешенді этноархеологиялық экспедицияның басты мақсаты — осы ескерткіштерді тереңірек зерттеп, көпшілікке кеңінен таныстыру, мәдени айналымға енгізу. Бұл зерттеулердің қорытындысында болашақта ғылыми мақалалар жинағын және «Доңызтау ескерткіштері» деген атпен альбом-кітап шығару көзделген.
Индира ӨТЕМІС.
Сурет Серік Әжіғалидың архивінен алынған.