Білім

Үздік шыққан үшеу

Байқау

Кеше облыстық әкімдік ғимаратында «ҚР колледждерінің топ 100 студенті» жобасында жеңімпаз атанған ақтөбеліктерге құрмет көрсетілді. Биыл аталған байқауға өңірімізден 16 жігіт пен қыз қатысқан-ды.

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған республикалық жобаның мақсаты — техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын үздік, талантты жастарды анықтау, оларды ынталандыру. Әуелі колледж ішінде, сосын облыстық және республикалық деңгейде өткізілген байқау бас-аяғы 3 кезеңнен тұрды.

Пандемияға байланысты еліміз бойынша алдыңғы шептен көрінген білім алушылардың барлығы алысқа ұзамай, өз өңірлерінде ұлықталды. Біздегі жеңімпаздар — Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжі атынан қатысқан Бекқожа Төлепберген, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің атынан бақ сынаған Әлішер Төлегенов пен Жасұлан Қожамұратты облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева құттықтап, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Алғыс хаты мен медальді, сондай-ақ ақшалай сыйлықтарды табыстады.

— Тұңғыш Президент күні қарсаңында сіздерді осынау марапаттарыңызбен құттықтаймын. Бұл — үлкен жетістік, ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың мерейі. Болашақ — сіздердің қолдарыңызда. Осы алғашқы жеңістеріңіздің жалғасы бұдан да мықты болсын! Оқуды ойдағыдай тәмамдап, жақсы маман иелері болуыңызға тілектеспін, — деді басқарма басшысы.

Салтанатты шара барысында Хромтаудағы оқуын енді аяқтағалы отырған екі жігітке Дөң тау-кен байыту комбинатының «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы филиалына жұмысқа шақыру жолдамасы және ұсынылды. Мұнымен бірге облыстық кезеңге қатысқандарға Алғыс хат тапсырылды.

Жеңімпаздардың атынан сөз сөйлеген Жасұлан Қожамұрат ұстаздары мен жобаның ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, замандастарына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, былтыр аталған жобада 8 жерлесіміз үздік шыққан еді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button