Спорт

Азияның алтыны

Жақында Тәжікстанда өткен Орталық Азия ойындарынан ақтөбелік самбошылар олжалы оралды. Байрақты бәсекеде жерлестеріміз екі алтын, бір қола медаль иеленді.

Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Қазақстан және тағы басқа елдердің самбошылары бас қосқан мұндай турнир алғаш ұйымдастырылып отыр.  Қазақстан құрама командасынан барған 20-ға жуық самбошының  арасынан ақтөбелік 3 палуан ел намысын қорғап, жеңіске қол жеткізді.

Азия чемпионы, бірнеше ірі жарыстарда олжа салған Раиса Байлиева бұл жолы алтын медальмен оралды. Тартысты өткен бұл кездесуде самбошы қыз тәжік пен  өзбектің палуан қыздарының жауырынын жер иіскетті.

Қандай жарыста да жеңіс оңайлықпен келмейді. Алдымен өз-өзіңе сенім, содан соң мықты күш қажет. Менің қуанатыным, біз өздерін мықты санайтын өзбек, тәжік, түрік самбошыларынан оқ бойы озық тұрдық, – дейді ол.

С.Бәйішев атындағы колледж оқытушысы Бақтияр Төлеуовтің де осы біріншілікте бағы жанды. Жас палуанның қарсыластары да осал болмапты.

Тәжікстан елінде өткен спорт сайысына көптеген белді палуандар жиналды. Мен бірінші кездесуде Тәжікстанның, содан кейін Түрікменстанның, ал финалда Қырғызстанның азаматымен күрестім, – дейді Бақтияр.

Ал ел ішінде өткен жарыстарға жиі қатысып жүрген Күзет полициясы қызметкері Индира Шакратованың шетелдік сайысқа алғаш қатысуы екен. 22 жастағы самбошы қыз боз кілем үстінде Өзбекстан мен Түрікменстан палуандарынан басым түскенімен, ақтық сайыста оған тәжікстандық самбошыны жеңу қиынға соғыпты. Бұл жарыста  қола медальды қанжығасына байлаған Индираның алда талай жүлде алатынына сенімі мол.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button