Ауыл

Қарғалының кәсіпкерлері

Қарғалы — облыстағы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Ауданның ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлігі саласында ірілі-ұсақты бірнеше жоба жүзеге асырылып келеді. Биылдың өзінде Қарғалыда ауыл шаруашылығы саласы бойынша 17 жобаны іске асыру жоспарланған болса, жыл басынан бері оның 11-і жүзеге асырылған. Оның ішінде жылыжай, сүт-тауарлы фермаларын ашу, мал шаруашылығы, жылқы фермаларын ашу, ауыл шаруашылығына қажетті шетелдік техникалар сатып алу, суармалы алқаптарды дамыту сияқты жобалар бар.

Бірқатарын атай кетсек, осы жобалар аясында «Сапар» шаруа қожалығы Қосестек ауылында 50 бас жылқы фермасын, «Фатима» қожалығы Әлімбет ауылында 100  бас ірі қара фермасын,  «Жаңа тұрмыс» қожалығы, «Велиховка» серіктестіктері сүт- тауарлы фермаларын ашса,  «Айдана», «Пацаев» қожалықтары 40 миллион теңгеден астам қаржыға  суармалы алқаптардың қөлемін арттыру мақсатында фрегат сатып алды.

  • Кәсіпкерлік саласында ауданда 1161 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Биыл жаңадан 82 бизнес субъектісі тіркелді. Ауданда газ құю бекеті, дүкен, шаштараз, шағын жылыжай сынды бірнеше бизнес нысаны ашылды. Нәтижесінде 85 жаңа жұмыс орны пайда болды. Аудан тұрғындарына өзін-өзі жұмыспен қамтуға, яғни кәсіпкерлікпен айналысуға барынша мүмкіндік беріліп отыр. Биылдың өзінде бизнесті дамытуға алынған несиелердің жалпы жиынтығы 1950 миллион теңге болып отыр. Оның ішінде  жаппай кәсіпкерлікті дамыту және нәтижелі жұмыспен қамтудың «Еңбек» бағдарламасы бойынша 54 адам 183,8  миллион теңге алды, — дейді аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жаңылсын Исмагулова.

Ауданда мемлекеттік бағдарламалар да қарқынды жүзеге асырылып келе жатыр. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы»  бағдарламасы бойынша биыл жеті жоба мақұлданған. Оның ішінде «Дилэнд», «ИнтерАгро», «Степное», «Қос-Естек АГРО» тәрізді 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін  25-120 млн теңге көлемінде қаражат алған. Ал «Колос» шаруа қожалығының техника алу үшін 8,5 млн теңге, «Жақсылық» ШҚ-ның 65 бас  асылтұқымды ірі қара мал басын сатып алу үшін 34,0 млн теңге және  «Фатима»-ның трактор және ірі қара мал басын сатып алу үшін  12,0  млн теңге көлеміндегі жобасы мақұлданған.  

Бұған қоса ауданда «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 5 жоба мақұлданыпты. Оның ішінде  жылыжай, наубайхана ашу, шеге өңдеу цехын ашу сынды үш жобаға грант берілген. Тағы бір жоба пайыздық ставканы субсидиялау және кепілдендіру тетігі бойынша мақұлданды.

— Сонымен қатар  жеке кәсіпкер «Коновалова О.И» Халық банк арқылы 50,0 миллион теңге көлемінде  несие алуға құжаттарын толық тапсырды. Жоба – Бадамша ауылында ғимаратқа реконструкция жасап, балалар ойын орталығын және супермаркет ашу. Бұл жоба жыл аяғына қарай жүзеге асырылады. Сондай-ақ жеке кәсіпкер «М.Убайдуллин» Әлімбет ауылында «Б» санаттағы кемпинг салуға кірісті.  Жетіспейтін инфроқұрылымды, яғни 9,5 шақырым электр желісін тарту үшін мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қолдау алу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде кәсіпкер құжаттарын әзірлеп жатыр, — дейді аудандық ауылшаруалық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button