Әлеумет

Аң аулау — өз еркің, тәртіп бұзбау — міндетің

Қазір күзгі аңшылық маусымының қызып тұрған шағы. Бұл күндері аңшыларға қаз, үйрек, қарақұр, шіл секілді жабайы құстарға тұзақ құрып, атып алуға рұқсат берілген. Алайда саятшылық құратындардың барлығы бірдей қарапайым заңды ережелерге мойынсұна бермейді.  Мұны құзырлы органдардың жоспардан тыс рейдтік шаралары көрсетіп отыр.

Айыппұл салынды, сотқа тартылды…

Облысымыздың аңшылары күзгі саятшылық құруды жылдағы дәстүр бойынша қыркүйектің 1-нен бастады.

Облыс аумағы 32 аң аулайтын алқапқа бөлінген. Бұл алқаптарға 11 аңшылық шаруашылық қадағалау жасайды. Күзгі аңшылық маусымы басталғалы 4 заңбұзушылық дерегі тіркелді. Саятшылыққа шыққан адамдар қарапайым ережелерді сақтамайды. Яғни аңшының қолында аң аулайтын рұқсат қағазы немесе аңшылық шаруашылық беретін жолдамасы болмайды. Тіпті атуға  тыйым салынған түз тағыларын оққа байлағандар да бар. Заңбұзушылыққа барғандарға 5 айлық есептік көрсеткіштен бастап әкімшілік айыппұл салынады, — дейді облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Қуаныш Аязов.

Үстіміздегі жылдың өткен он айы ішінде инспекция мамандары браконьерлікке қарсы күрес ұйымдастыру бағытында 86 рет рейдке шығыпты. Нәтижесінде өсімдік  және жануарлар дүниесіне залал келтірген тәртіп бұзушыларға 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұдан тыс 29 түрлі заңбұзушылық және анықталды. Мысалы, облыс аумағында заңсыз 6 киік атқан екі дерек тіркеліп, іс сотқа жолданыпты.

Куәліктің құны — 5920 теңге

Бүгінде облыста 5628 адамның қолында аңшы куәлігі бар. Ал сол құжаттың жоқтығынан заңсыз әрекетке баратындар не істеуі керек? Бұл туралы Қуаныш Сәрсенұлы былай дейді:

Облыстық аңшылық және балықшылық шаруашылығы біздің мекемемен келісім-шарт жасасты. Әуелі адамдар осы мекеменің базасында  36 сағат оқиды. Мамандар оларға аң аулаудың тәсілдерін үйретеді. Бұл үшін олар 5920 теңге төлейді. Арнайы сертификат алғаннан соң олар біздің инспекцияда комиссия алдында емтихан тапсырады. Аңшылық куәлігін алғаннан кейін 142 теңге мөлшерінде мемлекетке салық төлейді. Бұл салықтың мөлшері жыл сайын өзгеріп отырады. Тұрғылықты жеріне байланысты бөлінген аңшылық шаруашылықтан арнайы рұқсат қағаз бен әр аңға тиесілі жолдама алғаннан кейін ғана аңшының аң аулауға мүмкіндігі бар. Аң аулауға берілетін жолдаманың бағасы әр аңшылық шаруашылықта әртүрлі. Аң аулау үшін пайдаланатын қаруға біз жауап бермейміз. Дегенмен аңшының қаруы ішкі істер органдарында тіркелуі тиіс.

Су құндызының сұрауы бар ма?

Ақтөбе қаласына қарасты Пригородный елді мекені маңында су құндыздары көбейіп кетті. Бұл — жергілікті халықты алаңдатып отырған басты мәселе. Өйткені кеміргіштердің бұл түрі Қарғалы өзені бойындағы жасыл желектерді түбірімен кеміріп, су арнасын кеңейтіп үлгеріпті.

Ал облыстық орман және аңшылық  шаруашылығы аумақтық инспекциясының мамандары су құндыздарының бұлайша күрт көбеюін аңшылар тарапынан сұраныстың төмендеуімен түсіндіреді.

Қазір Пригородный елді мекені аумағын біздің инспектор мамандар тексеруге алды. Бұл жайдан бізді ауыл тұрғындары хабардар етті. Кеміргіштің бұл түрін рұқсатсыз аулаған адам 21 мың теңге айыппұл төлейді. Су құндызының еті де, терісі де жарамсыз, пайдаға аспайды. Сондықтан бұл кеміргішті аулауға аңшылар тарапынан сұраныс жоқ, — дейді инспекция мамандары.

Биыл Ақтөбе облысы бойынша небәрі 8 су құндызын аулауға рұқсат берілген. Инспекция өкілдері қорықшыларға кеміргіштің бұл түрінің нақты санын анықтауға тапсырма беріпті.

Орман отын емес, алайда…

Облыс бойынша 7 орман шаруашылығы жұмыс жасайды. Бұдан өзге теміржол бойында орналасқан ормандарға қадағалау жасайтын тағы да 6 мекеме бар.

— Биылғы жаз маусымында тілсіз жау облыс аумағының едәуір бөлігін шарпыды. Ресей жерінде де қалың өрттің орын алғаны бәрімізге белгілі. Сол аумақтың өртінен қашқан тұяқты жануарлар ұзақ уақыт Мәртөк ауданы территориясын мекендеді. Бұл жануарларды қорғау үшін құзырлы органдарға қатаң тапсырма берілді.

Ал орман шаруашылығына қатысты заңбұзушылықтар жыл сайын көбейіп барады. Биыл орман ағаштарын заңсыз кескен 5 дерек тіркелді. Заңсыз әрекетке барғандардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыста көгілдір отыны жоқ ауылдар әлі де баршылық. Отын үшін орман ағаштарын заңсыз кескендіктен тұрғындар  әкімшілік жауапқа тартылып жатады, — дейді Қуаныш Сәрсенұлы.

Биыл сәуір айында облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Ақтөбе облыстық филиалының жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңеспен бірігіп, жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі біріккен іс-шаралар жоспарын бекітіпті. Осы жоспар аясында инспекция мамандары мен нұротандықтар «Ойыл орман шаруашылығы», «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемелеріне тексеру жүргізіпті. Бірлескен рейдтер облыстың өзге де аймақтарына жүргізілген. Нәтижесінде Алға, Қобда аудандарының аумағында заңсыз аң аулаушылардың 2 дерегі тіркеліп, табиғат қорғау заңнамаларының талаптарын бұзушылар әкімшілік жазаға тартылған.

Осы мақсатта инспекция мамандары «Нұр Отан» партиясының ғимаратында қоғамдық қабылдау ұйымдастырып жүр. Бұл орайда олар тұрғындарға аң аулау ережелері, өсімдік қорғау, орман алқаптарындағы тәртіп, ерекше қорғауға алынған табиғат алқаптары туралы жан-жақты түсінік береді. Бүгінгі күнге дейін инспекция басшылығы атына 330 жеке адам мен 54 заңды тұлғалар тарапынан талап-тілектер түсіпті.

Биылғы жылдың лимиті:

Қоян — 200

Түлкі — 15

Қарсақ — 10

Қаз — 100

Шіл — 500

Қасқалдақ — 500

Үйрек — 500

P.S.  Күзгі аңшылық маусымы желтоқсан айының соңында аяқталады. Жыл сайын мемлекет әрбір аң-құсқа лимит береді. Сондай-ақ 1 қараша мен 31 желтоқсан аралығында аңшыларға қарсақ пен түлкі аулауға рұқсат етіледі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button