Әлеумет

Жер телімін алдың ба?

Тұрғындарға жер телімін беру уақытша тоқтатылды. Және жарияланған мораторий екі-үш жылға созылатын секілді. Бірақ әр адамға  тиесілі 10 сотық жерді аламын деушілердің арыздары қабылданып, кезекке тіркеле береді. Жер теліміне қатысты және қаланың Бас жобасына енгізілген өзгертулер жайында тиісті мекемелермен хабарласып, мән-жайға қаныққан едік.

Жер беру уақытша тоқтатылды

Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Нұрлан Наурызбаевтың айтуынша, жеке үй салуға жер телімін беруді уақытша тоқтату «Жер кодексінің»  44-бабының 8-тармағына сәйкес жасалып отыр. Бұл тек Ақтөбеде ғана емес, жалпы республика бойынша жүргізіліп жатқан көрінеді.

— Осыған дейін жер телімін кезек бойынша беріп келдік. Бірақ берілген жерлердің көбіне коммуникация жүйесі болған жоқ. Сол себептен де тұрғындардың арасында түсініспеушілік туындады. Олар тиісті жерлеріне үйлерін тұрғызғаннан кейін «су, жарық, жылу керек» деп байбалам салуды шығарды. Тағы да осындай жағдайға душар болмас үшін, мәселенің алдын алып жатырмыз. Ең алдымен бұған дейін берілген жерлердің барлығына коммуникация жүйесін жүргіземіз. Болашақта жарық, жылу, су жүргізіп болған соң ғана халыққа жер үлестерін беруді бастаймыз. Өзіңіз көріп жүргендей, қазір қала маңындағы көптеген үйлерде  коммуникация жүйелері жоқ. Қазірде бұл мәселені шешуге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тағы бір айта кететін жайт, болашақта қалаға жақын жерден жер телімдері берілмейді. Қаланың бас жоспарына өзгерістер енуіне сәйкес, Сазды, Блогодарный секілді қашықтау елді мекендерден бөлінетін болады. Қаламыз Оңтүстік-Батыс, Хромтау аудандарына қарай кеңімек, — дейді Нұрлан Шыңғысұлы.

Қазір жер телімін алуға 70 мың адам кезекте тұрған көрінеді. Мораторий аяқталғанға дейін бұл сан 100 мыңға жетпесіне кім кепіл?!

Ақтөбеде жаңа қалашық салынады

Ақтөбе қаласының Бас жобасына енгізіліп жатқан өзгертулер жайында қаланың бас архитекторы Бөкей Біртайға хабарласқанбыз.

— Қаланың Бас жобасы 2006 жылы бекітілген еді. Бұл 2015 жылға дейін қала халқының саны 350 мыңға жетеді деп есептеліп жасалған жоба болатын. Соңғы мәлімет бойынша қала халқының саны қазір 400 мыңнан асты. Сондықтан бүгінгі күні  Бас жобаға өзгерістер енгізу қажеттігілі туындап тұр. Қолданыстағы  жобада қаланы Оңтүстік-Батыс, Хромтау ауданына қарай кеңейту көзделген болатын. Осы жобаның орындалуы қазіргі таңда іске асырылуда. Оңтүстік Батыс бағытында көп қабатты үйлер, ғимараттар бой түзуде. Хромтау бағытында Заречный-3, Рауан, Қызылжар, елді-мекендерінде әлі де жеке тұрғын үйлер салынып жатыр. Олардың барлығына коммуникация жүйесін жүргізу  қолға алынды.  Бірқатар  қиындықтар да болды. Бірінде  газ, екіншісінде, жарық, су болмай жатты. Сондықтан, қазіргі таңда жер телімін беруді уақытша тоқтатып, ендігі жерде көп қабатты үйлер салуды тиімді деп тауып отырмыз. Оларға коммуникация тарту да ыңғайлырақ. Алдағы уақытта заман талабына сай, архитектурасы келіскен, бірыңғай үлгідегі  көп қабатты үйлер салынады, — дейді Бөкей Бақытжанұлы.

Бас жобаға енгізілген басты жаңалықтардың бірі — Орск тас жолы мен Хромтау ауданына баратын жолдың арасындағы бос алаңға салынатын «Ақтөбе-Сити» қалашығы.

— Әр кезеңімен мың гектардай жерге қаланың үштен бір бөлігі сыйып кететіндей үлкен жаңа қалашық тұрғызылмақ. Бұл алаңға тек қана көп қабатты үйлер, ғимараттар салынады, — дейді ол.

Сондай-ақ қаланың батыс  бөлігінде де шағын аудан бой түзейді. Облыстық МАИ ғимараты орналасқан жолдың қарсы жақ бетінде тоғыз қабатты үйлер тұрғызылатын болады. Қазірдің өзінде сол маңға коммуникация жүйелері тартылып жатыр.

Саяжайлар туындатқан қиындық

Бұрын саяжайлардың барлығы тек бау-бақша егу үшін пайдаланылса, қазір тұрғын үйлерге айналды. Үй арасының тым жақындығына, тіпті, көшелерінің жоқтығына қарамай, ауылдан келгендер зәулім-зәулім үйлер, тіпті қос қабатты коттедждер салып жатыр. Бірақ мұндай үй иелері құжат дайындауға келгенде біраз қиыншылыққа кезігеді.

— Біз оларға құжатты саяжай үйі деп береміз. Салынған үйлердің көпшілігінің  сәулетіне, қоршауына мән береміз. Ол қаланың көркіне сай келуі керек. Мәселен, әуежай маңындағы, сондай-ақ қалаға жақын жерлердегі саяжайларда салынған үйлер көркем әрі қоршаулары болуы керек. Тұрғындардың көпшілігі үйді өз қалаулары бойынша салып алған соң ғана құжатын рәсімдеуге кіріседі. Олардың көбі біздің талабымызға сай болмай жатады. Тұрғын үй салу үшін алдын ала құжатын, сызбасын дайындап алулары керек, — дейді бас архитектор.

Көгілдір отын мен электр қуатына қарық боламыз…

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бұған дейін берілген барлық учаскелерге коммуникация жүйесі өткізілмек. Бүгінде жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. «Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі» ММ бастығы Бақұзақ Дариннің айтуынша, қала маңындағы көптеген ауылдарға жарық, көгілдір отын, су жүйелері тартылуда. Жұмыстың басым бөлігі жылдың соңына дейін толығымен аяқталмақ.

— Биыл Украинка, Қызылжар-1, 2, Жаңақоныс поселкесінің «А» және  «Б» бөліктеріне, Рауан елді-мекеніне электр жарығы өткізілді. Ақжар-2 селосының 60 пайызына газ тартылды.  Қалған 40 пайызы келесі жылдың үлесіне қалды. Мұнда өткен жылдары  су құбыры мен жарық өткізілген болатын. Алдағы жылы  сол жұмыс тиянақталатын болады. Сонымен қатар, 41-разъездегі суқоймасы маңына су құбыры тартылып, Ясный-2 ауылына газ жүргізіліп жатыр. Ол жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі.  Қурайлы стансасына да газ құбыры тартылып,  тұрғындар жақын арада көгілдір отынның игілігін көрмек.

Мәселен, биыл Заречный-3, Оңтүстік-Батыс-2,  Елек ауылдарына су жүргіздік. Ал, «Жастар» ауданына су құбыры алдағы жылы  тартылмақ.

Және алдағы жылы Заречный-4, Ясный -2-ге су жүргізіліп, Қызылжар -1,2 ауылдарына, К.Нокин ауылына газ өткізуді жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, Сазды-2, Ақжар, Өрлеу, Заречный-4, Лесное  41-разъезіне электр қуаты тарту және  Заречный-3, Бауырластар-1,2, Рауан, Бірлік, Құрашасай ауылының «А» кварталына, Өрлеу, Ақшат, Лесное ауылдарындағы жаңадан салынып жатқан құрылыстарға көгілдір отын тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Қазір сметалық құжаты әзірлену үстінде, — дейді ол.

«Ақжар-2» ауылы маңында салынып жатқан ПС-220 1103510 Кв  электр стансасының құрылысы  келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Ол  елді-мекендер мен қаланың біраз бөлігін жарықпен қамтамасыз ететін болады.

Бұйырса, келесі жылдың соңына дейін бірсыпыра жер  учаскелеріне коммуникация жүйелері тартылып, ауыл тұрғындары жылу мен жарыққа кенелмек.  Оқырмандарды толғандырып жүрген тағы бір сұрақтың жауабын алдық. К.Нокин ауылының негізгі «бас ауруына» айналған электр жарығы мәселесі де шешілетін болды. «Астана» аталып кеткен ауылдың тұрғындары кеш болса, жарықтың өшіп қалуынан жапа шегетін. Бұл ауылдың біраз бөлігіне электр сымдары тартылып жатыр. Қалғаны келесі жылы жалғасатын болады.

Р.S. Тағы бір белгілі болған жайт,  үш жыл бойына мүлдем қолданылмаған жер телімдерін мемлекетке қайтарып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Иелері жеке үй салуға алған жерлеріне қолының ұшын да тигізбей, сол күйінде ұстап келгені анықталса, тізімге алынады. Кейін оны мақсатты іске асыруы керектігі жөнінде ескерту жасалады. Одан кейін де сол күйінде қала берсе, мемлекет қайтып алады. Бірақ, жер үлесін қоршап, үй салуға құжаттарын әзірлеп, іргетасын қалап қойғандарға тиіспейтін көрінеді. Жерлеріңіз болса, тиімді пайдалануға асығыңыздар. Әйтпесе, айырылып қалуыңыз мүмкін…

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button