Тарих

Биіктік

Тағзым

Бірде маңғазданған мінезіне ықтиярсыз ұйытатын, бірде ақиқаттың ақ таңындай құлпыратын, бірде жаздың дауылындай соғатын, бірде сазды әуенімен қиялыңды қалықтататын, бірде әуелде құдай аталған сөздің құдіретін маржандай төгетін, бірде сырбаздықтың ауылына жетелейтін қазақтың талай-талай жақсы-жайсаңдарының көзін көріп, олармен ағалы-інілі есебінде сыйласып жақын жүрдім. Сондай мерейлі ағалардың бірі, ел ағасына айналған, Қазақстан Республикасына айрықша еңбегі сіңген дербес зейнеткер, тұғырлы тұлға Сматолла Беркімбаев. Мағыналы өмірінде талай биіктерге көтерілген тұғырлы тұлғаның елге жасаған қызметі, тіршілікте қалдырған ізі айқын, кейінгіге үлгі.

Биылғы шілде айының бесінші жұлдызында Сматолла аға дүниеден өтті деген суық хабарды естігенде төбеден жай түскендей абдырап қалдым. Маусым айының басында өзінен үш мүшелдей кіші ініміз Жәнібек Серғалиұлының бақилық болған асына қатысып, ол туралы тебірене сөйлеп, тума-туыс, ағайындарды сабырға шақырып еді. Жалған дүние біреуге ерте, біреуге кеш деген осы екен. Енді міне сол жалғанды тастап өзі де бақилық өміріне жол тартыпты. Бұл менің қимас ағамен соңғы отырысым екен. Содан бері де, шариғи жолмен айтқанда ағаның рухқа айналғанына төрт айдың жүзі болып қалыпты, уақыт шіркін кірпік қаққандай ғой. Қазір ойға алсам, Сматолла ағамен жақын танысып, арамызда ағалы-інілі сыйластық өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан кейін басталыпты.

1984 жылдың 27 желтоқсанында Шалқар аудандық партия комитетінің пленумында бұған дейін Байғанин, Темір аудандарын басқарған, облыстық партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болған, мол тәжірибелі, партиялық қызметтің қыр-сырына әбден қаныққан Сматолла Беркімбаев бірінші хатшы болып сайланды.

Осы тұс «Қайта құру» бағдарламасына орай жер-жерде әңгіме-дау, арыз-шағым өршіп тұрған кезге сәйкес келеді. Осындай тырнақ астынан кір іздеген «домалақ» арыздың жолы болып тұрған кезде дау-дамайдың ортасына түсіп кетпеу мақсатында қаңтар айының басында бірінші хатшының қабылдауында болып, бір атаның баласы екенімізді, сол себепті басқа жұмысқа ауыстыруын сұрадым. Ол маңғаздана жүзіме барлай қарап, біраздан соң «маған дейін біраз жолдан өткен екенсің, жұмысыңды жасай бер, жүре бара көрерміз» деді. Бірден кесіп айтпай, кісілік, басшылық ілтипатпен қамқорлай айтқан сөзі жүрегімді жылытып жіберді. Тәжірибелі басшымен бір аппаратта жұмыс істейтініме іштей қуандым. Бұған дейін де бұл кісінің қайраткерлігі мен азаматтығынан хабарым болатын, енді басшылық тәжірибесінен мол сабақ алатын болдым деп іштей марқайдым.

Қазір сол өткен шақты еске алсам, ағаның өмір жолы тақтайдай тегіс болмапты. Байлар мен ауқаттыларды тәркілеу заманында өмірге келгенде әкесі Молдаш Ұлы құм бойындағы атақонысы — Қозақты тастап, осы күнгі Хромтау аталып жүрген елге келеді. Бұл жақта да өмір жайлы болмай, Кеңес өкіметінің қолдан ұйымдастырған солақай саясатының бір көрінісі — аштыққа тап болады. Жастық дәурені екінші дүниежүзілік соғысқа келіп тіреледі. Ол кездегі елдің жағдайы көзі ашық қауымға айтпаса да түсінікті. Мектепті өте жақсы аяқтаған бозбала әсем қала Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсуге келеді. Емтихандарды «жақсы», «өте жақсы» деген бағаларға тапсырады. Сол кезде Мәскеудің Пушно-Меховой институтында ұлттық кадрларды дайындау жөніндегі Министрлер кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың қаулысына сәйкес іріктелген он баланың бірі болып, сол жақта оқу бақытына ие болады.

Оқу орнын 1954 жылы ойдағыдай аяқтап, туған елі Қазақстанға, алғашында Шымкенттегі «Казсовхозкаракуль» тресіне, кейін Новоресей ауданындағы «Қопа» кеңшарына бас зоотехник болып тағайындалады. Сматолла ағаның мал маманы ретінде басталған еңбек жолы көп ұзамай партиялық қызметке ауысады.

Сматолла ағаның тұлға болып қалыптасуына жеке басының ерекше қабілеті мен еңбегі әсері болса керек-ті. Кісілік пен кішілікті тең алып жүрген адам біраз биіктерге көтерілетіні бағзыдан белгілі. Солай десек те, ол өз тәжірибесіне сүйеніп, қабілет пен іскерлікке әділ баға мен қамқорлықтың керек екенін ерте түсінген адам. Өзіне қамқорлық көрсеткен, кісіліктің жолына бастаған Новоресей аудандық атқару комитетінің төрағасы Әйтек Сәрсековті, облыстық партия комитетінің әр жылдардағы бірінші хатшылары Шәкір Қарсыбаев пен Николай Иванович Журинді, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы Хайролла Иманалин мен Байғанин аудандық атқару комитетінің төрағасы Бақи Шановты ілтипатпен еске алатын. Осындай біртуар ағалардай ақылшы, кіршіксіз таза ақкөңілдің адамдарымен бірге болған кездерін өмір жолымның шуақты сәттері деп бағалайтын. Журинді хатшы емес, би деп әңгімелейтін. Әр жүз аналық қойдан жүз оннан қозы алған еңбек адамының үстінен, оны басқарып отырған басшыларды қаралап, «домалақ» шағымның жүйрігі СОКП Орталық Комитетіне арызданған. Осы арыздың анық-қанығын білу үшін бірінші хатшы өзі келіп, түсте құдық басында жатқан отарды жайлап өргізіп, әр саулықтың соңына ерген егіз қозыларды өз көзімен көріп, шопанның бейнетті еңбегін әділ бағалаған партия басшысын би демегенде, кімді би деуге болады. Еңбек адамына бұдан артық қандай құрмет болуы мүмкін. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы да», — деп, Н.И. Журинге шынайы ризашылығын білдіретін.

«Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, сонау патшалы Ресей заманынан мінезі өзгере бастаған қазақ, жел сөз қуып, болмашы нәрсеге теріс айналып, бірін-бірі көре алмайтын пасықтыққа барып, аты-жөні көрсетілмейтін «домалақ» деп аталатын арыздарды ағаның жаңа қызметке келген тұсында жоғарғы  басқарушы органдарға жауған қардай боратып жатты. Мазмұны тексеріліп, қорытындысы аудандық партия комитетінің бюросында міндетті түрде қаралып, айыпты деп танылған ондаған басшы коммунистер есеп кітапшаларына жазылған сөгіс алып немесе қызметтерімен қоса партиядан шығарылып жатты. Осындай күрделі жағдайларға қарамастан, жаңа басшы өзінің басқару ісіндегі бай тәжірибесімен ауданның сан-салалы жұмысын бағамдап, күрделі мәселелерді шешуге білек сыбана кіріскен-ді. Алайда тасада жатып тас атқандардың, қызметтен босағандардың тағдыры ағаның денсаулығына әсерін  тигізбей қоймады. Ауруханада емделуіне тура келді, жүрек сыр берді. Атақонысқа еңбек етемін деп келген ниетіне жоғарғы жақтағылардың айтағына ерген төменгі жақтағылар тоқтамады. Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін, Арал теңізінің проблемасына байланысты ойларын нақты да түпкілікті шешуге мұрша бермеді, осылайша қып-қызыл шоқтың үстінде тұрды. Тар жол, тайғақ кешуге тап болғандай болды. Жүрегінің аңсары болған Атажұртқа қызмет етемін деп келген арманы жолда қалды. Өкінішті. Өмір жолының осы бір соқпақты тұсында құлап кетпей, ақырын жүріп, анық басып күйзелісті кездерді басынан өткізді.

Айы оңынан, күні солынан шыққан кездерде де асып-тасымаған, айы батқандай, шыққан күні өткендей сәттерінде де қажып-жасымаған ағаның өмір жолы кім-кімді де ойландырады, толғандырады.  Қараулыққа, сатқындыққа, екіжүзділікке қарсы тұрған маңғаз мінезі қайран қалдырады.

Сматолла шындық жолында күресуді, шындықты қорғаудың азапты жолынан өтіп, басын имей, белін бүкпей, өзі имандай сенген партиялығын қалпына келтірді. Ақиқат жеңді, тазалық қорғалды, жүйке шыдады. Адамзат шындықты жүректегі көзбен ғана көреді. Жүректің көзі біреуде бар, біреуде жоқ, біреуде ашық, біреуде жабық.

Кенеуі күлдіреп тұрған заманда шындықты, әділеттілікті, оның мәні мен мәнісін жұртқа айтып, түсіндіруге, өзгелерді шындықтың шын екеніне, әділеттіліктің әділет екеніне сендіруге қиын кез. Кеудесінде көзі, санасында сәулесі жоқ жанға шындықты шындық деп, әділеттілікті әділет деп түсіндіру мағынасыз, ол естиді, мағынасын ұқпайды. Елдің басы боданда, ердің басы ноқтада болған отаршыл саясаттың болмысы осындай еді.

Аға өзінің істеген ісімен, сөйлеген сөзімен, жүріс-тұрысыменен адамның өмір жолының осындай сынды, сындарлы кездерін басынан өткізіп, иығыменен көтеріп, жүрек көзімен көріп, жан-жағын бағамдап, тереңнен білген адам. Адам өмірінің күрестен тұратынын шынайы бағалаған, пайыммен саралаған.

Сматолла ағамен өткен өмірі туралы әлденеше рет әңгімелескенмін. Сонда байқағаным, әр кез ақиқаттан аттамай, жалғанға бармай, басынан өткізген, көзімен көрген, есінде сақтаған жайларды ғана маңғаздана әңгімелейтін. Ел тыныштығын жоғары қойып, ұсақ-түйек нәрселерден өзін аулақ ұстайтын. Қанша ортада болсам да, Сматолла айтыпты деген жағымсыз пікірді, мінез көрсетіпті деген теріс қылықты соңғы отыз жылда естімеппін де, көрмеппін. Сматолла аға сүйетін шындыққа келсек, бұл ірінің ірісі ғана көрсететін сырбаздық, байсалдылық, байыптылық. Анығында, бұл Сматолла ағаның өмірлік  ұстанымы, адамгершілік қабілетінің таза, ардақты, нұрлы жүректі екенінің белгісі. Қара бұлт болып келген қиянатқа қарсы әділдікті қорған еткен, жанына батқан жаланың жарасы қанша жүйкесін тоздырса да, жүрегін сыздатса да, сырын сыртқа білдірмей, үнін шығармаған, бұндай жанды батыр десе болар. Мұндай жанды батыр деуден гөрі, адамның төресі деген дұрыс шығар.

Сматолла аға өзі араласқан адамдардың іс-әрекеттерін, қарым-қатынастарын адал да, әділ бағалады. Ырзашылығын көтере көрсетпейтін-ді, көңілі толмағанын байқатпай, тұйықталатын, дерексіз, негізсіз сөйлемейтін. Сөйлесе дәл, қысқа-нұсқа, сөз қумайтын. Не нәрсені болса да бастарда анық-қанығына бой ұрып, көзін әбден жеткізбей ешқандай шешім айтпайтын, адамдық шынайы көзқарас тұрғысынан саралайтын.

Сматолла аға тіршілігінде өзіне жақсылық жасаған адамдарға, өзіне ғана тән сабырмен кеңпейілділікпен шынайы ғана құрмет көрсететін. Көңілі толмайтындарды айтсаң, әділеттен таймай, әсерлеуге бармай қысқа қайыратын. Өмір жолындағы жағымды, жағымсыз түрлі оқиғалардан адамгершілік болмыстың байлығын көрсететіндей пайымды іздейтін, ой түйетін.

Рухы төмен, біліксіз, көкірек көзі ашылмаған, жасаған жақсылығыңа арсыздықпен қарымта қайтаратын, қиянат жасауға дайын тұратын адамдарға таң қалуға болмайды. Қанша адамға қайырымдылық көрсетті, қайырымы қандай? «Келешек өміріңе жау жинағың келсе, үнемі жақсылық жаса»- деген әпсана сөзі осы жерде шынға айналғандай. Себебі қиянатшыл өзінің бастапқы қалпына тартпай қоймайды. Жүрекке түскен ауыр салмаққа қарамастан, Сматолла аға олардан да адамшылық негіздерін іздейтін, таппайтын, ойға қалатын. Содан соң көңілі қалып, жабырқайтын, күйзелетін. Өткен өмірін саралай, өзінен кейінгілерді ойлайтын, тіршілік қанша кең болғанымен, адам өмірі сонша қысқа екенін  ескертетін, өмір тәжірибесінен басқалардың да ғибрат алуын қалайтын. Басшы болған адам адамгершілік туын жоғары ұстаса, айналасына адамгершілікті биік ұстайтындар жиналатынын, ал қуаяқтарды қолдаса, қуаяқтардың қаулап шығатынын кісілік парасаттылықпенен, ағалық байыптылықпен ескертетін. Пікір астарлы, қарапайым, шынайы. Бейне бір ақыл-ойыңды биікке көтергендей әсер аласың.

Өтпелі кезеңнің дауылынан тау мен тас сыр беріп бұзылғанда бұзылмаған, буыршын тайған ақ қар, көк мұзда жығылмаған, маңдайдан соққан суыққа, дау-дамайға алдырмаған, парасаттылық пен байыптылықтың, кісілік пен кішіліктің, адалдық пен адамдықтың келбетін биік ұстаған тұлғалар қашан да сирек. Сол сирек тұлғалардың бірі де, бірегейі де Сматолла аға. Ағаның ешқандай менмендігі жоқ, адами болмысы жоғары, мәдениеті биік, ғажайып адам болатын. Ағаның отбасы да жұртқа үлгі, бауыры бүтін, жапырағы жайылған. Күміс жеңгей екеуі алпыс  төрт жыл берекелі отбасының шырағын бірге жақты. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, олардан сандаған немерелер мен жиендерді, немерелерден тараған шөберелерді көріп, бақытты ата болып ғұмырын өткізді.

«Адам ұрпағымен бақытты» деген сөз осыны меңзесе керек-ті. Бұл жазбамды ағаның тіршілігінде бастап едім, өкінішке қарай, өткен шақта жазуға мәжбүр болып отырмын. Дей тұрғанмен ағаның халыққа сіңірген еңбегі ерекше. Сондықтан да ағаның есімі мен еңбегі замандастарының жадында ұзақ сақталатынына сенімдімін.

Маңғаз аға тоқсанның төріне шығар жолда дүние салды. Орның жұмақтың төрі болғай!

Қанатбай ЕЛЕУСІЗҰЛЫ,

«Тілеу батыр» мейірімділік

қорының директоры. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button