Білім

Ұстаздар бас қосқан күн

Мәртөк ауданының құрылғанына және №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының ашылғанына 85 жыл толуына орай аталған білім ордасында ардагер ұстаздар жиналды.

Аталған шара еңбек жолын осы білім ошағынан бастаған облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаеваның бастамасымен ұйымдастырылды.

Басқосуда ардагерлерге және әр жылдары аталған мектеп-гимназияда қызмет еткен ұстаздарға арнап мектептің «Домбыра пати» үйірмесінің оқушылары домбырамен күмбірлетіп күй төгіп, өз өнерлерін көрсетті.

Бұдан кейін мектеп директоры Бақытгүл Абдуллина ұстаздарға биыл қолданысқа берілген физика, химия, биология және IT кабинеттеріндегі озық технологияларды көрсетіп, мектепке экскурсия жасатты. Экскурсия барысында ардагер ұстаздар мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, жаңартылған білім беру бағдарламасының басым бағыттары туралы талқылады. Сондай-ақ ұстаздар қауымы мектеп музейі мен Абай орталығын аралады.

Білім ордасында бұған дейін түлектердің қолдауымен «Туған жерге тағзым», «Түлек.кz» акциялары аясында «Түлектер» мұражайы ашылған болатын.

Мұндағы жәдігерлердің жастарға берер тәлім-тәрбиесі зор. Музейде бұрыннан келе жатқан мектеп қоңырауы, көне дәптер-журналдар, 1954 жылдан бергі түлектердің тізімі, суреттері, республикаға танымал шебер Ерқосай Әбіловтің қолымен жасалған қанжары мен бірқатар жұмыстарының суреттері, жоғары дәрежелі мұғалім, халық ағарту ісінің үздігі Рамазан Ділмағамбетовтың қолжазбалары, кітаптары, ұлағатты ұстаз Нағашыбай Ердәулетұлының мектептің 80 жылдығына арнайы сыйға тартқан «Шаңырақ» энциклопедиясы сақталған.

Шара барысында ұстаздар өздерінің еңбек жолдары туралы әңгімелеп, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Содай-ақ білім ошағында жуырда ашылған Абай орталығына «Абай жолы» роман-эпопеясы мен естелік жәдігерлер табыстады.

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button