Әдебиет

Жоқ  іздеген  жазушы

Мені былайғы таныстар «Табылдың баласы» деп айтады. Ол кім десеңіз, сатирик-жазушы Табыл Құлыяс ағамыз. Қалай айтса да, осы сөздің астарында бір ақиқат бар. Шынында да, ол кісіні жаныма жақын рухани әкелерімнің бірі көремін. Өзі де күнара редакцияға қоңырау шалып, елдің жаңалығы мен хал-жағдайымды сұрап, жаны қалмай тұрады. Жақында ғана қарымды қаламгер сексен бес жасқа толды.

Табыл аға осы бір-екі жылдың көлемінде ғана көзінің нашарлап қалғанына байланысты үйден алысқа ұзап шығып жүрген жоқ. Әйтпесе, оған дейін құр аттай шауып жүрді. Жолыға қалғанда: «Кеше Омбыдан келдім», «Өткенде Орынборға бардым», «Қазанда қаншама дүние жатыр» деп жат жердегі шаң басқан архивтердегі халқымызға, тұлғаларға қатысты бір тың дерек табыла қалса, соны елге жеткізгенше асығатын.

Қаламгермен мені тағы бір байланыстыратын дүние бар. Ол — туған жерім Торғай. Ағамыздың Ақтөбенің Ойылында кіндік қаны тамғанымен, өмірінің ең бір базарлы шағы Торғайда өтті. Дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың 70-жылдары республикалық телерадионың Торғай облысындағы меншікті тілшісі болды. Бұл жылдар жаңа облыс ашылып, шалғай жатқан елдің еңсесі көтеріліп, бейнелеп айтқанда, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» берекелі шақ еді. Дәл осы кезеңде бұл өңірде халқымыздың ардақты азаматы Өзбекәлі Жәнібеков қызмет істеді. Сол кезде қарт өлкенің руханияты мен мәдениеті көктемдегі көктей дүрк қаулады. Арқалық шаһарында бірегей өнер ордалары ашылып, сәулетті мұражай бой көтеріп, ұлттық ансамбль құрылды. Соның басы-қасында Өзбекәлі ағамыздың өзі жүрді. Осы жарқын істерді көзімен көрген қаламгер аузының суы құрып айтқанда, тамсана тыңдап отырасыз.

— Өзбекәлінің тапсырмасымен ауылдарды аралап, елдің мерейін асырған еңбеккерлермен жүздесіп, отыз телеочерк жаздым. Атақты ұста Сәдуақас Көбентайұлымен кездесіп, әңгімелестім. Көкірегі кеніш қария екен, ондай адамдар қазір жоқ. Бір ғана Арқалықтың іргесіне қонатын космонавтар туралы жиырмаға жуық телеочерк жазып, жарыққа шығардым. Бұдан бөлек, космонавтарды күтіп алуға еліміздің атынан халықаралық журналистер экипажы құрамында болдым, — деп өткен күндерден естелік өрбітеді.

Жалпы, Табыл ағамыздың болмысы кейде маған Шәкен Айманов сомдаған «Алдар көсеге» ұқсайды. Әрине, ұлттық тұлғаға айналып кеткен осы бір бейнеге тереңірек үңіле білсеңіз, кейбіреулер айтып жүргендей, бар қулықты бойға жиып, байлардың үстінен күн көрген қушыкеш емес, оның бойынан тазалық пен адалдықтың қасиеті қонған, елге қайыры жоқ жуандарды жүндей түтіп, жарлының жақтасы болған жанды көресіз. Жазушының өнердегі мұраты да осы кейіпкермен үндесе білген.

Әдебиеттің ауыр артиллериясы — сатира. Бұл жанрға кез келген суреткер бара бермейді. Ол үшін қаламгердің жүрегінің түгі мен тілінің безі, қаламының қылыштай қиып түсер өткірлігі қажет. Табыл ағамыздың алғашқы кітабы 1977 жылы «Кесілген бұрым» деген атпен жарық көрді. Осы жинақпен жазушы әдебиет табалдырығын еркін аттады. Одан кейін жыл аралатып бірнеше кітаптары шығып, сатира сардарына айналды.

— Табыл сатиралық эпопея жазбады демесең, одан басқасының бәрін — әңгіме, хикаят, повесть, тіпті сатиралық роман да жазды. Оның шығармашылығы туралы мақалаларда алдымен ауызға алынатыны «Жыланның тілі» романы сатиралық туындылардың озық үлгілері қатарынан орын алады. Бұл орайда «Кесілген бұрым», «Жалмауыз», «Сауда сақал сипасқанша», «Қоңыраулы күлкіграмма», «Ши оқ», «Қара терең», «Ақ мылтық», «Жегі», «Миға қойылған бомба» жинақтары — сатира жанрының сәнін келтірген нәрлі жинақтар, — дейді жазушы Әнес Сарай.

Осы жерде қаламгердің Алаш арысы Жиенғали Тілепбергенов туралы «Аңыз ізімен» атты романын ерекше айтуға болады. «Елім деп өткен ерлердің, Сөз білген жанда хақы бар» деп Ығылман ақын айтқандай, кезінде үлкен қызмет атқарып, асыл тұлғаға айналған азаматтың бейнесін қарасөзбен көркемдеп, жұртымен қауыштырды. Мұны аруақ алдында болсын, ел алдында болсын жазушының азаматтығы деп білеміз. Осы кітапқа алғы сөз жазған академик Дихан Қамзабекұлы: «Жазушы тек қана Жиенғали өмір сүрген кесапаты мол ортаны бейнелеуді мақсат тұтпаған. Жиенғали шығармашылығы — қандауырдың қылпиып тұрған жүзі. Сол арқылы ұтымды әдіс (шендестіру тәсілі) таңдай білген жазушы бүгінгі қоғамның, ұлт тағдырына қатысы бар өткен заманның іріңдеп, жарылайын деп тұрған мерездерін аяусыз тіледі» дейді. Ал ағамыздың «Қанжоса ғасыр» жинағы туралы заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «Бұл шығарма әдеби тәсілдің жаңа қырымен көркем жазылып, бұрын-соңды оқушыларға белгісіз болған деректерді мәлім етуімен құнды. «Бәрінен де не қымбат, күндегі ішкен ас қымбат, алтын күміс тас екен, арпа бидай ас екен» деп тау-тас, өзен-көлдер, сыңсыған табиғат тіл қатып қырылған адамдардың үнін ғасырдан-ғасырларға жеткізгендей сезіндіреді» деп айтыпты.

Қаламгер біраз жылдар мерзімді баспасөз саласында еңбек етіп, ұлттық журналистиканың дамуына бір кісідей үлесін қосты. Қазақ телевизиясында жұмыс істеген жылдары «Жебе» атты сатиралық тележурнал ашып, оның даңқы жалпақ елге жайылды. Ақмола облыстық телевизиясында «Бұғалық» сатиралық тележурналын ашып, жүргізді. Қазір фельетон деген жанр өшіп барады. Кезінде бұл жауынгер жанрдың бірі болды. Құлыясовтың фельетоншылдығымен де аты шыққан. Кеңестік кезеңде фельетоншының нысанасына ілінгендер жазадан құтылып көрмеген. Тіпті оларды Орталық комитеттің өзі бақылап отырған. Саналы ғұмырын сатира жанрын зерттеуге арнаған ғалым Темірбек Қожекеев зерттеу еңбектерінде оның 19 фельетонына талдау жасап, студенттердің оқу құралына енгізген.

Арқаның төріндегі Ақмоланың — бас қала болғанға дейін осында ұлт жанашырларымен бірге ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді биік тұғырға көтеруге күш салғандардың бірі де Табыл ағамыз болды.

Бүгінде жазушы «сексен беске келдім, қартайдым» деп қарап отырған жоқ. Таяуда оның атақты жырау, әділ би, жаужүрек батыр Жиембет Бортоғышұлының өмірі мен шығармашылығына арналған, құнды мәліметке толы «Жиембет батыр» деген роман-эссесі жарық көрді. Бұл сүйекті шығармада қаламгер жырау өміріндегі елеулі сәттерді деректі құжаттар негізінде көркем тілмен жеткізе білген. Өмірінің бар ғұмыры ұлт мұрасының бір жоқшысына айналған қаламгердің оқырманға берері әлі де көп деп ойлаймыз!

 Азамат ЕСЕНЖОЛ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button