Әдебиет

Айтылмаған аштық қасіреті

ТАБЫЛ—85

Тынымсыз Табыл Құлыястың Ақтөбеге аялдаған бір сапарында аштық тақырыбына қатысты жиған-терген тың деректер туралы сұрағанбыз.

— Осы жылдың тамызында Барнауыл мұрағатын 20 күндей ақтардым, мұнда кеңес мемлекеті мұрағатының мол қоры сақталған. Барнауыл — Сібірдің жүрегі, бұл қаланың алтын-күміс өндіретін зауыты патшалық Ресейдің қазынасын XVIII ғасырдан бері байытып келеді. Қазіргі Барнауыл өлкесінің шығарып жатқан алтын-күмісі де көп. Бұл жерде аштыққа байланысты жинап жүргендеріме жаңа деректер таптым, жергілікті қазақтармен пікірлестім. Қазақ салтын ұмытпай, бір-бірімен сыйласып-араласып жүріп жатқан жақсы тұрмысын көріп қуандым. Барнауылда азып-тозып жүрген қазақ жоқ. Кәсіптері, жақсы мамандықтары бар. Ара-тұра Барнауыл мешітіне жиналып, осындағы «Қазақ тілі» қоғамында бас қосып, ұлттық мейрамдарды тойлап, дәстүрлі басқосулар өткізеді.

Келушілерге Барнауыл мұрағатының есігі ашық. Әсіресе, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың барлық деректері жинақтаулы. Мұрағатта қуғындағы жандардың суреті тұр, суреті болмаған жағдайда айыптау үкімдері сақталған. Қолда бардың бәрі құрастырылған. Жапа шеккен жандардың немере-шөберелері мұрағат залында аталарының деректерін түпнұсқадан тауып қарап, қажетті мәліметтердің көшірмелерін түсіріп алып жатқанына талай рет куә болдым. Бұл Ресей прокуратурасының көрегендігі. Адамның не үшін айыпталып, қалай қудаланғаны, кімнің қудалағаны ашық айтылуға тиіс. Ұрпақ шындықты білсін.

Енді осы сапарда не таптыңыз деген сұрағыңызға келсек…1938 жылдың 17 желтоқсанында прокурорларды тазарту туралы Сталиннің қаулысы шыққан бойы прокурорлар қуғынға түсті. Бас прокурорынан бастап Барнауылдың 30 прокуроры атылған. Өйткені олар көшеден адамдарды ұстап алып, жапон тыңшысы, кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізді деп жазалауға қарсы шығады.

Осы өлкені жайлаған қазақ байларына келсек. Алтай өлкесінің Құлынды ауданы — ата-бабамыздың қонысы. 1920 жылдары тұрғындарының 90 пайызы қазақ болыпты. 1928 жылы байларды тәркілеу науқаны басталған кезде, ел ақсақалдары бас қосып: «Кеңес өкіметі екі жылға келген жоқ, билікті қанша уақыт ұстап тұрары да белгісіз. Бала-шаға, ел-жұртымызды аман сақтау үшін малды таратып берейік» деп ұйғарым жасаған. Олар бар малын аймақ қазақтарына, тіпті Павлодар өлкесіндегі ағайындарға беріп жіберіп, қалғанын колхоздың ортақ меншігіне тапсырған. Осылайша, Құлынды ауданының халқы байларды тәркілеуден аман қалады. Сөйтіп, елдің ауызбіршілігінің, үлкендерінің  көрегендігінің арқасында адамдар бірін-бірі шұқып, бірін-бірі нұқып көрсетпеген… Ата-бабадан жеткен байлықты бірер күнде таратып беру кез келген қазақ дәулеттісінің қолынан келді ме? Өз басым қанша мұрағат ақтарсам да, 2 мың жылқы біткен қазақтың байлары туралы деректі ұшырастыра қоймап едім. Бұл жерде Алтайды жайлаған қазақтардың аста-төк байлығы туралы деректі алғаш ұшыраттым.

— Қазақстандағы аштық, Ресейге ағылған қазақ босқындары туралы қандай дерек таптыңыз?

— Аштық Қазақстанда 1922 жылы ерте көктемде ызғарын сездірді. Жазда қатты қуаңшылықтан шөп, астық шықпай, мал күйсіз болып, елге жайсыз болды. Оған шаруаның жайын ойламаған шолақ белсенділікті қосыңыз.

Барнауыл теміржол бекетінде қазақ даласынан топ-топ болып келген 15-20 мың адам қайыр сұрап жүрген. Олар тырысқақ, іш сүзегімен ауырып, қырылады. Мәскеуге үсті-үстіне жазылған хаттарда қазақ жеріндегі аштық тіпті сұмдық. Сібірге қаптап келіп жатыр, ауру болып келіп жатыр, көшеде өліп, індет көбейді деп айтылады. Қазақ жеріндегі аштықтың шектен шыққаны жөнінде ОГПУ, НКВД жазбаларында да кездеседі. Барнауыл дәрігерлері Мәскеуге жеделхат жіберіп, босып келген аш-ауру қазақтарды қайтеміз деп қаншама дабыл қақса да, Мәскеу селт етпеген. Оқығанда талай рет еріксіз жыладым. 20 мың бейбақтың соңында балалары бар. Ата-аналары өліп жатқанда, балалар қайткен? Батыс Сібір өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Эйхо жанұшырып жүгіріп, Барнауылда қазақ тілінде 2 жетім балалар үйін ашты. Алты мың жетім қазақ баласының қолынан  арнайы жетімхана ашуға өтініш жаздырып алған. Бірақ баланың көптігі сондай, қазақ сәбилері сыймай жатты. Енді ол жерге  сыймағандарын орыс балабақшаларына, интернаттарға бөліп жібереді. Аштан өлмесін деген тірлік. Сталинге Эйхо хат жазып: «Сібір өңірінде аштықтан іскен, қаңғыған қазақтар қаптап кетті, не істеуіміз керек? Көмектесіңіз» дегені үшін атылады. Қиын-қыстау заманда жетімдерге арнап Ресейде қазақша жетімхана ашу — ұлы ерлік.

— 1932-нің аштығына қарағанда, 20-жылдардың аштығы жөнінде дерек аз. Сол уақыттың шектен шыққан сұмдығы — адам етін жеу белең алғаны туралы аз-маз айтылып қалады.

— Қазақ өз тарихында қаншама рет жоқшылықты, жаугершілікті бастан өткерсе де, адам етін жеу деген сұмдыққа ұрынған емес. 1922-1934 жылдар ішінде ондай сұмдықтар бір емес, көп жерде көрініс берді. 20-30 жылдар саясатының түп жоспары — қазақты қырып қана қоймай, ұлттық рухын сындыру, сапалық қасиетіне балта шабу сияқты ойластырылған әрекет. Ұлтты құл ету. Орал губкомының баяндамасында: «Бір ғана Орал губерниясы халқының әлдісі өзі өлмеуі үшін адам жеуге дейін барды. 4 уезде 350 адамды әлділердің сойып жегені, 437 мүрдені тамаққа пайдаланғаны тіркеуге алынып, анықталды. Губерниядағы халықтың бестен бірі, яғни 48 802 адам аштан өлген», — деп жазылған. 1933 жылы ОГПУ: «Батпаққара ауданындағы 70 ауылдың 18-і қалған. Бәрі өлген. №1, 3, 5, 6, 7 ауылдарда адам етін жеу, өлген ит-мысықты жеу дерегі бар. Темірде 30 адам өлген. Ырғыз ауданында 60 адам аштан өлген, ашыққандарға дер кезінде көмек жетіспей жатыр». «Батпаққара ауданында 1932-1933 жылдың ақпан айына дейінгі аралықта 4781 адам өлген, өлім тыйылған жоқ. Азық жоқ. Ал адамдар көп. Ойыл ауданында 353-і аштан өлген. 167 адам өлімші халде, шұғыл көмек керек. Темір ауданында 566 отбасы аштыққа ұрынған. Көмек жетпеді. Торғай ауданының ауылдарында күн сайын 2-3 адам өледі. Милициялардың тексеру нәтижесінде үш адамды сойып, етін ботқаға араластырып сатып тұрған жерінен Безматерный деген зұлым қолға түсіп, тергеу жүріп жатыр». Барнауыл облысының Алтай өлкесінде де қыздарын, әйелдерін сойып жеген оқиғалар жиі кездесіпті. ОГПУ-дың оқтын-оқтын жіберетін мәліметтері де әртүрлі. Титов пен Духович деген погондылар 1932 жылы «Торғай ауданында күніне — 25 адам, Обаған ауданында — 300 адам Батпаққарада — 585 адам, Семизорда 10-15 адам аштан өлді. Ойыл ауданында 181-і аштан өлген. Меңдіқара ауданы адамдарының тең жарымы екі айда ісіп-кеуіп кетті, өлім алдында» деп 1932 жылы ақпарат жіберген.

7 мың Барнауыл кулағының дүние-мүлкін тәркілеп, Қазақстанға жер аударады. Олардың дүние мүлкінің құнын 2,5 мың рубль алтынмен бағалап, Қазақстанға кетуге 500 рубль ғана қаржы ұстатқан Астраханьнан Ақтөбе облысының Ақбұлақ ауданына жер аударылған (қазіргі Орынбор облысы Ақбұлақ ауданы) Враженский деген кулактың ұлдары Григорий мен Иван адам союға ыңғайланып жатқанда, ОГПУ келіп қалып, Иванды атып тастайды.

Григорийге 25 жыл үкім кескен. 74 жастағы әкесін соттап, ол 2-3 жылдан кейін өлімші халде түрмеден шыққан. Міне, халықтар трагедиясы! Жиенғали Тілепбергеновтің шығармаларында қыз сату, бала сатумен делдалдық әрекеттер болғаны анық айтылады. Бір табақ етке қыздарын сатқандарын айтып, жылап отырып көз жұмған бейбақ… Яғни бала сату, қыз сату «бизнесі» өркендеген. Түркістан, Торғай өңірлерінен тамақ іздеп, Орынборға қарай босқан ел жолай әр бұтаның түбінде қырылып жатты…

 Баян СӘРСЕМБИНА.

АҢЫЗДЫҢ ІЗІ — ТАҒЫЛЫМНЫҢ КӨЗІ

Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың иегері, сатирик-жазушы Табыл Кұлыястың «Аныздың ізімен» деп аталатын шығармасы — тұрпаты бөлек дүние. Бұл шығарма XX ғасырдағы журналистика мен жаңа әдебиеттің бастауында тұрған тұлға, қазақ сатирасының негізін қалаушылардын бірі Жиенғали Әділұлы Тілепбергеновке арналған.

Кезінде аты аңызға айналған, Ілияс, Бейімбеттермен бірге өнер майданына, өмір майданына бірге шыққан айтулы тұлға бүгінде біршама ұмытылғаны рас. Бірақ ел ұмытса да, жел ұмытпас (Мағжан) — елі үшін қасық қанын аямаған қаламгердің рухы мазалайды, түске енеді, аян береді. Аға буынның аманатын арқалаған ақсақал жасындағы танымал қаламгер Табыл Құлыяс колына қалам алмаса болмаған… Автор бұл туралы: «…Қазақ әдебиетінің ұлы тұлғаларының бірі Жиенғалидың жанайқайын бүгінгі ұрпаққа жеткізу сыры — бабалары кеше кім болды, солардың төгілген қанының үстінде тасыну, сұм-сұрқиялықпен шашылудан сақ болуға үндеу еді», — дейді.

Жиенғали өмір сүрген заман — аштықтан өлген адамдардың сүйегі көмусіз қалған, ашыққан адамдар көшедегі қыбыр еткен тірі пендені бұғалықтап ұстап малша сойып жеген, бір үзім нанға әкесі қызын тоқалдыққа сатқан алмағайып заман еді («Абай» журналында жарияланған «Қайран, елім-ай!» көркем әңгімесінен). Бұл адам жанын түршіктіретін оқиғалар «иненің көзінен Үндістанды көретіндей» қырағы шығармашылық иесінің қаламынан сатираның ащы уы болып тамды. Ұлт басына түскен сын сағатта адам мінезінің сан қырлы галереясы ашылып сала береді. Жауыздық пен сатқындық, тойымсыздық пен обырлық, зұлымдық пен айла —  адам нәпсісіне ерік бергенде гүлдеп сала беретін «шайтанның өрнектері». Жазушы тек қана Жиенғали өмір сүрген кесапаты мол ортаны бейнелеуді мақсат тұтпаған, Жиенғали шығармашылығы — қандауырдың қылпып тұрған жүзі. Сол арқылы ұтымды әдіс (шендестіру тәсілі) таңдай білген жазушы, бүгінгі қоғамның, ұлт тағдырына қатысы бар өткен заманның іріңдеп, жарылайын деп тұрған мерездерін аяусыз тіледі. Автор: «Сатира сарбазы Жиенғалидың «Қызыл танауы» бүгінде «Көк танау» боп оңды-солды зулал жүр» дейді. Демек, ештеңе өзгермеген: қызыл саясатты жамылып танаулаған, елді жеген обырлар, енді кез келген туды жамылып танаулап елді жеп жүр: «Тәлімсіп, тәтті сөйлеп тартып әкетеді. Қардай ерітіп, соңынан мұзша қатырып, қабағынан от аттырып, барыңды олжалап опырып тастайды, сүйеніші бар заңнан саспайды» дейтін Жиенғали заманындағы жалмауыздар тірі жүр, байлығы мықты тым ірі жүр, сыбайластың күні бір, өлсек қабіріміз қатар дейтін үні бір, қуанышы, мұңы бір, өтірігі, шыны бір».

Табыл Құлыястың «Аңыздың ізімен» деп аталатын бұл шығармасы әрі ойлы, әрі пішіні ерекше туынды. Қазақ әдебиетіндегі сатира жанрындағы өзгеше әдіс, төтен тәсіл қолданған соны еңбек деп білеміз. Кішкентай ғана нүктеден (Жиенғали шығармашылығы) басталған шығармашылығы кеңейе келе шеңберлер сыза бастайды. Бұл шеңбер қазақ ұлтының өткені мен бүгінгісін һәм болашағын бірдей қамтиды. Кіндігі — ұлт мүддесі, алаш мұраты деген асыл ұғымдардан бастау алатын бұл шеңбердің ішінде әр заманда бас амандығынан ұлт мүддесін жоғары қойған қайраткерлер қатар жүреді.

Т.Кұлыястың жаңа кітабы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның ішінде өз оқырманын табады деп есептейміз.

 Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

Back to top button