Ауыл

Ауызсу мен интернет қатар келді

Биыл ақкемерліктер үшін жағымды жаңалыққа толы жыл болды. Ойыл ауданы Саралжын ауылдық округіне қарасты Ақкемер ауылында тұрғындардың көп жылдан бері көтеріліп жүрген қос мәселесі шешілді.

Оның бірі ауылға ауызсу тартылды. Екіншісі — ұялы байланыс еді. Ұзын жолдың бойынан 11 шақырым қашықтықта, округ орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан Ақкемер ауылы үшін байланыс желісі қиындық тудырып келген. Бір бүйірде, жырақ, әрі ойда орналасқан ауылда бұған дейін ұялы телефонмен сөйлесу мүмкін болмаған. Жақында Ақкемер ауылына Kcell ұялы байланыс желісі орнатылды.  Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Ұялы телефондарымен 3G байланысы арқылы барлық желілерге кідірссіз кіріп тұр. Мектеп директоры Нұрзия Сәдуақасқызының айтуынша, интернет бұрын екі-үш нүктеде болған. Онда кезек күту мен уақытына үлгермей қалу мектеп жұмысына қиындық келтіретін. Қазір мұғалімдердің жұмысына айтарлықтай жеңіл әрі тиімді болып отыр. Оқушылар жаңалықтармен уақытында қанығып отырады.

— Ақкемер ауылы ойда орналасқандықтан екі жерге толқын қабылдағыш қондырғы орнатуға тура келді. Ауыл мен екі ортада Шыңбай деген төбе бар. Әуелі сол жерге 6 метрлік толқын қабылдағыш орнаттық. Ал, ауылдағы мұнараның биіктігі — 22 метр. «Kcell» акционерлік қоғамының өкілдерімен келісе отырып мұнараларды біз дайындап бердік. Ең бастысы — халық интернеттің игілігін көріп отыр. Бұл үлкен жаңалық, — дейді округ әкімі Абат Мүбараков.

80 түтіні бар Ақкемерде 500-ге тарта адам тұрады. Келесі жылы округтің Бестамақ елді мекеніне де ауызсу мен интернет желісі келмек.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button