Әдебиет

Сөз маржанын іздеген

Ақтөбелік жергілікті жас ақындар Атырау, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарындағы замандастарын қонаққа шақырып, жыр сүйер қауымға әдемі поэзия кешін сыйлады.

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған «Жыр — керуен» атты шара еркін форматта өтті. Шара барысында жас ақындар өз туындыларын оқып, өлең атты үлкен өмірге қадам басқан сәттерін айтып өтті. Олардың өлеңдерін кешке келген көрермендер де ұйып тыңдады.

Жер бетіне жаралғалы қазақ поэзиядан айырылған жоқ. Қазақ пен поэзия — егіз ұғым. Бүгінгі өтіп жатқан «Жыр — керуен» деген шара өте үлкен шаруа. Өз туындыларын оқып жатқандар ішінде талапкерлер де бар шығар, таланттылар да бар. Біздің бір риза болар тұсымыз — жастардың поэзияға, сөз маржанына құмарлығы. Байқап отырмын, олардың ішкі құштарлығы басым. Осы бастама алдағы уақыттарда басқа өңірлерде жалғасын тапса, біздің болашақ жазба поэзиямыздың тұлғаларын тәрбиелейтін үлкен шаруа болып шықса, біз үшін үлкен қуаныш болар еді, — деді кеш қонағы ақын Нұрлыбек Қалауов.

Ақындардың бір-бірін қолпаштауы, аға-бауыр деп сыйласуы қалың көпшіліктің көңілінен шығып, жүректерге жағымды әсер сыйлады.

— Бұл шараны алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Басты мақсатымыз — өз замандастарымызбен кездесіп, тәжірибе алмасу. Сондай-ақ Ақтөбе жері қазақ әдебиетіне талай дарын сыйлаған құтты мекен. Осындағы аға буынның пікірін біліп, ойын тыңдап кездесіп қайтсақ  дейміз, — деді Батыс Қазақстан облысынан келген жас ақын Нұртілеу Қадірқұл.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button