Әлеумет

Шіркін, Ырғыз!

Сапар басы

Туризмді дамыту ісі қазіргі күндері республикамызда жүйелі түрде қолға алына бастағаны қуантады. Бұл шаруаға қатысты біздің өңірде де ілгері қозғалыстар өрістеуде. Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы мемлекеттік мекемелермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, алғашқы қадамдарды бастап та кетті. Осыдан бір айдай уақыт бұрын Ойыл ауданына экологиялық ақпараттық тур ұйымдастырылды.

Енді, міне, келесі сапар бағыты болып Ырғыз ауданы белгіленді.

Жолбасшымыз – облыстық  туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жалғас Балғожин бізге негізгі мақсат экотуризмді дамыту мүмкіндіктерін қарастыру және болашақта оған инвестиция тарту екендігін ашып айтқан еді.

«Зере Тур» ЖШС туроператорының директоры Ботагөз Қырамбаева мен «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ облыстық басқармасының жауапты қызметкері Мәлік Райымбергеновтің жолға бірге шығуында да осындай ортақ мүдделілік, жаңа саланы бірлесе дамытуға ұмтылыс нышандары байқалды.

Бұл жолғы саяхаттық бағыттағы барлау сапарын ұйымдастыру міндетін «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесі қызметкерлері мойнына алыпты. Аталған мекеменің экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бастығы Мереке Жұбанияз біздің бағдарлаушымыз ретінде белгіленіпті.

Біз өңірде болған күндерде аудан әкімінің орынбасарлары Көптілеу Қосаяқов, Аққанат Шахин, «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесінің директоры Нұрқасым Сәрсенбайұлы туризмнің мүмкіндіктеріне қатысты жоспарларымен таныстырып, оның болашағы туралы ойларын білдірді.

Соның алғашқы жоралғысындай болған Малайдар көлдер жүйесі туристік маршрутының төлқұжаты дайындалып та қойылыпты. Экотуристік бағытты ұстанған бұл жоба туристердің қалауы бойынша автомобильмен, суда, атпен, жаяу серуендеу арқылы жүзеге асырылмақшы. Маршруттың жалпы ұзындығы 61,5 шақырым деп белгіленіпті. Жүру уақыты – 3 сағат 40 минут. Маусым айынан қарашаға дейінгі аралықта жиырма екі топқа қызмет көрсетуге лайықталған маршрут қазіргі уақытта облыстық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының келісімін алып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бекітуінен өткен.

Сонымен, сапар сәтін салғай деп алғашқы қадамды бастадық.

Таныстық мұражайдан басталады

Бұл өңірге алғаш қадам басқандар ең алғашқы таныстықты аудандық өлкетану мұражайынан бастайды. Өлкенің өткенінен мол хабар беретін бұл тарихи орында ғасырлар түкпірінен жеткен танымдық жәдігерлер молынан жинақталған.

Ырғыздың қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы оның түпкі бастауларынан бері қарай тартылады. Ата-баба тіршілігі, олардың тұтынған мүліктері, сондай-ақ олардың өмірінен мағлұмат беретін көріністер қойылымдар арқылы  рет-ретімен алдыңыздан шығып отырады.

Мұражай қызметкері Іңкәр Қойайдарова жас маман болса да, өз ісін жетік білетіні байқалып тұр. Ол осында келушілерге мұражайда қойылған дүиелерді қысқа да нұсқа, білгірлікпен таныстыруға бейім екен. Іңкәрдің ізімен жүріп шыққан жолаушы Ырғыздың бұрынғысы мен бүгінгісінен біраз дерек алады.

Бұл мұражайдан сіз сондай-ақ табиғат тылсымдарымен, осы өңірге тән жан-жануарлармен, құстардың небір түрлерімен таныса аласыз. Елдің атын шығарған танымал тұлғалар да алдыңыздан жарқырап шығады.

Ең бастысы, Ырғыз туралы алғашқы білімді осы жерден аласыз. Содан кейін естігендеріңізді өз көзіңізбен көрсем дейсіз.

Ал «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесі белгілеп, өмірге енгізгелі отырған Малайдар көлдер жүйесі экологиялық туристік маршруты сіздің осы мақсатыңыздың орындалуына бірден-бір себепші болмақ.

Ескерткіштер – елдік белгісі

Ырғыздың тарихы тереңнен бастау алатыны жалпы жұртқа бұрыннан мәлім. Солай десек те, көпшілігіміз оны сырттай біліп, үстірт шолумен ғана санаға сіңіргеніміз және шындық. Жүз рет естігеннен бір рет көргеннің артық екенін біз осы жолы тағы да бір рет бағамдағандай болдық.

Аудан орталығынан жиырма бір шақырым қашықтықта Түбектөбе деп аталатын еңселі беткей бар. Ол халық аузында Маңтөбе аталып кеткен. Бұл жердің топырағы құмақ, биіктік үсті тақтайдай тегіс, бір ерекшелігі қыр басынан бірнеше шақырым қашықтықты қолмен қойғандай бақылауға болады.

1731 жылғы Кіші жүз қазақтарының Ресейге қосылуы шартына Әбілқайыр хан мен орыс патшасының елшісі Тевкелев нақ осы Маңтөбе басында қол қойған. 1981 жылы сол тарихи оқиғаның 250 жылдығына байланысты «Хан тағы» ескерткіш- тақтасы орнатылды.

Қыр басына шыққанда көңіліңіз толқиды. Осы биікте ел тағдыры шешілгенін ойлайсыз, тарихымыздың кейінде қалған белестеріне қиял шіркіннің жетегімен бір барып қайтасыз.

Саяхатшылар тағы бір тағзым етер тұс – Алмат тамы аумағында. Алмат би өз заманында мынау Ор бойынан Қазалыға дейінгі аралықтағы елге басшылық жасаған, көпке тыныш, халықты отырықшылыққа, суармалы егіске үндеген, мәдениетке тартқан, беделі биік адам болған. Оның әкесі Тобаберген Киікбайұлы 1840 жылы башқұрт жеріндегі бір соғыста шейіт болып, қаруластары сол маңға бір жылға аманаттап жерлейді де, мерзімді уақыттан соң сүйегін елге жеткізеді. Уақытында тұлға ретінде танылған, ел сөзін сөйлеген сол Алмат Тобабергенұлының кейінгі ұрпақтары да осы аталған қорымда жерленген. «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деген бар.

Алматтың бір немересі – Абыл Маханов 1936 жылы Қазақстанның Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысып, әйгілі оркестр құрамында домбыра тартқан. Өкінішке қарай, арада бір жыл өткенде оны «халық жауы» ретінде ұстап әкетеді.

Ал шөбересі Ғалымжан Әбсаламов, оның қазіргі есімі Әлім Алмат, Түркияда тұрады, бүгінде тоқсанның үстінде…

Алмат тамы маңында әдетте осындай тарих қозғалады.

Мұндағы кесене — он тоғызыншы ғасыр соңындағы дәуірде салынған сәулет өнері ескерткіші. Оның аумағы 106,7 шаршы метрді құрайды. Жеті бөлмеден тұратын бұл ғимаратты 1886-1888 жылдары халық шебері Жыға тұрғызған. Бұл зерттеушілердің бағалауынша, кешендік жобасы мен архитектуралық шешімі жағынан өте сирек кездесетін құрылыс. Жер асты бөлігі бар, көп қуысты, сәулет өнерінің озық туындысын Самарқандағы әйгілі Гүр Әмір Темірдің құрылысына ұқсастыратындар да бар.

Кесене шикі кірпіштен іргетассыз тұрғызылып, сыртқы жағынан қаптама жасалған. Алмат тамының күрделі композициясы мәйіт жерлеудің өте көне ғұрыптарынан хабар береді.

Қазақта әкенің балаға сенімі әдетте басына көк тас қоюымен бағаланатыны бар. Ел аузында сақталған бір әңгімеде Алматтың сұңғыла туған баласы Самырат осы шаруаның жобасын ілгерірек тындырып, «Әке, сізге арнап салған тамым қандай?» деп өз ісіне мақтаныш білдіретінге ұқсайды. Сонда арыдан ойлайтын Алмат ақсақал салмақпен ғана: «Сені тудырған мен қандай?» десе керек.

Осындай өнегесі бар әңгімелерді ырғыздық ақсақалдар жас буынның жадына ұдайы құйып отырады. Біз де осында болған сапарымызда сондай ертеден келе жатқан салиқалы сөздерді көкірегімізге көбірек түюге тырыстық.

Әбілғазы Құсайынов,

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі:

Туризм де тыс қалмайды

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі осы жүз жылдық бастауындағы саланың басты жобасы болып табылады. Оның жүзеге асырылуы Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды болмақ. Еліміздің бес ірі облысы елеулі аймақтық даму қарқынын иеленеді. Шағын және орта бизнеске, сервистік индустрияға, туризмге және экономиканың басқа да секторларына айырықша серпін беріледі.

Құпиясы көп қорық

Жергілікті тұрғындар ауызекі әңгімеде қорық деп атап кеткенімен бұл аумақтың ресми атауы – «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты. 2007 жылы Үкіметтің арнаулы қаулысымен құрылған бұл табиғи резерваттың жалпы жер көлемі 763549 гектарды құрайды. Ол оңтүстігінде Қызылорда, шығысында Қарағанды, солтүстігінде Қостанай облыстарымен шектеседі. Жалпы табиғи резерваттың Ырғыз өңірінде құрылуының өзі табиғаттың биологиялық алуан түрлілігін сақтап қалу, қорғау және көбейту міндетінен туындаған. Сонымен қатар киіктердің Бетпақдала популяциясының қоныс аудару жолы мен лақтайтын, қоректенетін ортасы болғандықтан да резерваттың мәні ерекше болып отыр.

Ырғыз, Торғай, Өлкейік өзендерінің бассейніндегі сексенге жуық көлдер жүйесі дүниежүзілік Рамсар конвенциясының тізіміне енгізілген сулы-батпақты алқап болып саналады. Бұл аумақ көктемгі және күзгі мезгілдерде миллиондаған құстардың миграциялық жолы, тіршілік ету ортасына айналған.

«Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты аумағы негізінен шөлді және жартылай шөлді, сулы-батпақты болуымен айрықшаланады. Бұл аймақтан жан-жануарлар әлемінен құстардың 250 түрін (оның ішінде отыз екісі республикамыздың Қызыл кітабына енгізілген), сүтқоректілердің қырық екі, бауырымен жорғалаушылардың он төрт, балықтардың он шақты, қосмекенділердің төрт түрін кездестіруге болады.

«Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Нұрқасым Сәрсенбайұлы өздері бақылайтын аумақта экотуризмді дамыту мүмкіндіктері мол екендігін айтады.

Табиғи резерваттың күзет бөлімінің бастығы Омар Сақтағанұлы осында ұзақ жылдар бойы қорықтың директоры болып қызмет атқарған екен. Ол сондықтан да атқаратын шаруа жайын ғана біліп қоймайды, сонымен қатар шын мәніндегі табиғат жанашыры да екен.

«Киіктер қараша-желтоқсан айларында шағылысып, көктемде төлдейді, — дейді ол, — әсіресе, осы аралықтарда оған ерекше тыныштық керек. Егер Ырғыз өңірінде тоқсан бес көл бар деп есептейтін болсақ, соның биыл сексенге жуығы кеуіп қалып тұр. Табиғаттың көп тамашасы осы көлдерге байланысты болғандықтан, соған қатты алаңдап отырамыз».

Балығы бір өлкенің халқын асырауға жететін Байтақ көліне биыл су бармай қалғанын ол өкінішпен айтты. Сол сияқты Қожакөлдегі тұздың емдік қасиеттері бар екендігін нақты дәлелдермен әңгімеледі.

Табиғаттың тамыршысындай болып кеткен Омекең биыл бұл өңірде екі жүздің үстінде безгелдек болғандығын жаңалық ретінде айтты. Көп кездесе бермейтін қоқиқаз да Ырғыз көлдерінің сәні екен.

Біз болған резерват аумағында қандай өсімдіктер өсетінін білгіміз келген сауалға осында бұрыннан еңбек етіп жүрген жігіттер қамыс, қоға, шеңгел, жыңғыл, жабайы тал, ажырық, жусан, шағыр, есекмия, жантақ, бидайық, алабұта, көкпек… деп санамалай жөнелді. Балықтың он бір түрі кездеседі екен. Ал шошқа, қасқыр, түлкі, киік, қоян, қарсақ, ондатра, борсық, күзен секілді түз сәнін келтіретін аң атаулының жөні тіпті бөлек.

Жергілікті көлдердің қожайыны секілді қоқиқаз кез-келген жерде кездесе бермейді. Оның ерекшелігі суды кешіп жүріп, балдыр жейді, ащы суды ұнатады екен. Адамнан көп үрке қоймайды, қып-қызыл әсем құс жанына кісі жақындаса, иіліп, сәнденіп, кербездік танытады.

Бірқазан да — осы өлкенің мақтанышы. Ол қара қаздармен топтасып, балық аулайды. Қанатымен сабалап, балықты ортаға қарай үркітіп аулайтын қасиеті де таңдандырады.

… Қалай десек те, көп жай табиғатқа тәуелді. Ырғыздықтар бұл аймақта сәуір айының жиырма сегізінен бастап жүз елу алты күн бойы көктен тамшы тамбағанын айтады.

Бір атап өтетін жайт, қазір «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватының белгіленген аумағына жөн-жосықсыз кіре беруге рұқсат етілмейді. Кіреберіс жолдарға көліктердің енуіне тыйым салынған белгі қойылған.

Біздіңше, табиғатты қорғау бағытындағы бұл шара қазірдің өзінде жемісін бере бастағанға ұқсайды. Шынында да, табиғаттың сәнін келтіретін аң-құстар, жан-жануарлар қашан да адам қамқорлығына зәру.

Малайдар – жердің жаннаты

Адам баласы әдетте жұмақты алыстан іздемейді. Ол үшін ең алдымен туған жер сол өлшемге сай келмек. Сол сияқты біз Малайдар деп аталатын аумаққа енгенімізде қыр астынан көздің жауын алып бір бүйірі жалт ете қалған өзенді, өзен бетін у-шу думанға бөлеп жатқан ақ бауыр шағалаларды көріп, басқаша әлемге енгенімізді бірден сезіндік.

Табиғаттың тылсымында шек болмаса керек, Тайпақкөл, Малайдаркөл, Асабайкөл деп аталатын үш бөлек сулы аймақ бір-бірімен өзекше арқылы жалғасып жатыр. Сол қаумалай орналасқан үш көлдің ортасына қарай дендеп енгенімізде «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесінің туристерге арнап салған қоналқы үй көрініс берді. Тұрғынжайдың бір қапталынан жертөле қазылыпты. Ал орта тұстан киіз үй бейнесіндегі металдан жасалған құрамалы зәулім ғимарат бой көтеріпті. Бұл жерде Ырғыз табиғатына тән әртүрлі өсімдіктер, жан-жануарлар суреттері салынған, табиғи қалпында қойылғандары да бар.

Экотуризмнің алғашқы бағдарламалық қадамына арнап резерват қызметкерлері қонақжайлылықпен киіз үй тігіп қойыпты. Оның ішіне енгенде жасыл жайлау төрінде отырғандай боласыз. Төрде домбыра, тіпті гитараға дейін ілулі тұр. Киіз үйдің ашық тұрған есігінен аумақты көлдің бір бөлігі айқын көрінеді.

Осы көлдердің ішіндегі ең көлемдісі – Тайпақкөл. Оның аумағы 505 гектарды құрайды. Одан кейінгі екінші орынды 310 гектарды қамтитын Малайдар иеленеді. Ал Асабайкөлдің көлемі 81 гектар шамасында.

Туристер аталға көлдерді жалғап жатқан өзектер бойымен серуендей жүріп, қамыс арасындағы жасырын бақылау алаңдары арқылы көл бетіндегі, оның жағасындағы табиғи тіршілікпен етене таныса алады. Осы үш көл Ырғыз өзенінен Қараөзен өзегі арқылы қоректеніп, бір-бірімен тамырласа жалғасады. Көлдер теңіз деңгейінен 80,4 метр биіктікте орналасқан. Бұлар – бір жағынан көктемгі су тасқынымен толығып отыратын тұйық, айдын көлдер. Туристер белгіленген бір бағыт – осындағы базадан қалаулары бойынша автокөлікпен немесе атпен, тіпті түйемен шығып, Тайпақкөлді жағалап, Өтегенкөл, Аққабақкөл, Ұзынкөл аумақтарын тамашалап, Ырғыз өзенінен жазда үзіліп қалатын Тікөткел арқылы өтіп, биікжоталы, құм шағылды Қарақұмның жалғасы болып табылатын Нарқызылға дендеп енумен тұйықталады.

Ырғызда экотуризмді дамытудың басқа да бағыттары белгіленуде. Бірақ ол келер күндердің еншісі. Әзірге басты назарда Малайдар көлдер жүйесі тұр.

«Малайдарға қандай балық жіберсе де өсер еді, — дейді резерват қызметкерлері, — өйткені, су жағасында қамыс бар, ал қамыс арқылы көлге ауа келіп тұрады. Осы мәселе алдағы уақытта ойластырылса дейміз».

…Таңертеңгісін көл жағасында тұрғанымызда оңтүстікті бетке алып төбемізден жеті аққу ұшып өтті. Қанаттарын қимастықпен қағып, «біз көктемде ораламыз» деп бара жатқандай көрінді бізге.

Жаманшың – тарих жұмбағы

Бастапқы жоспарымызда болмаса да, біздің көбіміз Ырғызға келіп тұрып, Жаманшыңды көрмей кетуді жөн санамадық. Сондықтан уақыттың шақтаулы екендігіне әрі шаршағанымызға қарамастан көлігіміздің басын тарихтың бір жұмбағы секілді сол бір мекенге қарай бұрдық.

Жүрдек көлігіміз бірте-бірте биіктей беретін қыр басына қарай тырмысып шығып келеді. Әлден уақытта барып жолбасшымыз көздеген жерімізге жеткенімізді білдірді. Жоғарыдан қарағанда алақандағыдай көрінетін аумақты ойыс шынында да табиғаттың бір ғажайып құбылысы екендігін байқатады. Түскен жерімізден бірден көзге түскені – шашылып жатқан әртүрлі ұсақ тастар.

Радиогенді тексерудің нәтижесі бойынша кратер бұдан 1 миллион жылдай бұрын Жерге метеориттің құлауы нәтижесінде пайда болған. Бір қызығы, басқа бір пайымдаушылар 53 млн. жыл дегенді де айтады. Сол кездегі жарылыс болған аймақта қоршаған ортаның температурасы 1700 °C-қа жеткен.

Жарылыстан кейін кратердің тереңдігі 500 метрден кем болмаған. Мұнда да болжамдарда 1000 метрге дейінгі аралықта ауытқушылықтар бар. Қазіргі уақытта бұл ойыстың тереңдігі шамамен 250-300 метр деп бағалануда. Солай деп айтылғанмен де көз мөлшеріне одан да терең емес пе екен деп қалғандайсың. Жоғарыдан етекке қарай жаяу түскен адам біраз уақыт жоғалтары анық.

Аталған кратер Ырғыз ауданындағы табиғи қорық болып саналады. Ал таңғажайып құбылыс ретінде туристердің қызығушылығын ұдайы тудырып отырады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы арадан асыл тастар іздеп келушілер де болып тұрады екен. Соның бір айғағындай, Жаманшыңның ең ойық тұсындағы құдық маңынан біз ұқыпты жасалған торлама құралдарды тауып алдық. Шамасы, пайда іздегендер осында келіп кен қалдықтарын сумен жуып, сүзгіден өткізгенге ұқсайды.

Негізінде Жаманшың зерттеушілер назарын өткен ғасырдың отызыншы жылдарында аудара бастаған. 1937-1939 жылдары ғалым Александр Яншиннің жетекшілік жасауымен осында түсіру жұмыстары жүргізіледі. Геологтар жер бетінен палеозой дәуірінің жыныстарын табады.

Жаманшыңның құпияларын табу зерттеуші ғалымдарға тіпті де оңайға түскен жоқ. Сондықтан да бұл жердегі геологиялық жұмыстар 1946, 1957, 1961 және 1963 жылдары одан әрі жалғасын тапты. Өкінішке қарай, олар күткен нәтиже алдан шыға қоймады. Оның орнына қара түсті шлактар, әйнектің ерекше бір түрлері көп кездеседі. Аталған кен үлгілері Мәскеудегі білікті ғалым Петр Флоренскийге жіберіледі. Флоренский 1975-1976 жылдары Жаманшыңның жарылыстан пайда болған ойпат екендігін ғылыми негіздеді. Осыннан табылған ерекше тастарға жаманшит, иргизит деген атаулар берілді. Осыдан кейін барып, яғни 1977 жылдың жаз айында метеориттер жөніндегі комитеттің экспедициясы жұмыс істей бастайды. 1989 жылдың қыркүйегінде АҚШ, Канада, ГФР және Франция елдерінің ғалымдарынан құралған халықаралық экспедиция ұйымдастырылып, Жаманшың әлем назарын аударды.

Қалай дегенде де, Жаманшың әлі де болса өз жұмбағын ішіне бүгіп жатқандай көрінеді.

* * *

Екі күндік сапардан соң Ақтөбеге бет алғанымызда жан-дүниеміздің жасарып, туған табиғаттан бойымызға мол нәр алғанымызды сезіндік.

Ырғыз өңірінің көгілдір көлдері алда да талай қонақтарды қабылдап, таза ауасымен, ерекше байлығымен қуанта беретіндігіне күмәнданғымыз келмейді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button