Пікір

Негізгі міндет — құжаттарды цифрландыру

Марат ТӨЛЕБАЙ,

облыстық мемлекеттік архивтің директоры.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында бүгінгі басты міндет — әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу екені атап көрсетілді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша облыстық мемлекеттік архивтің бас ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобаға сәйкес 66 жаңа жұмыс орны ашылып, оның 33-іне Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс берілді. Күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының кемінде  90%-ына отандық өндірушілерден тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алу арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көзделген.

Архив құжаттарын сақтау, болашақ ұрпаққа түпнұсқалық негізде жеткізу, қолжетімділігін арттыру мақсатында цифрландыруды жолға қою өте маңызды.  Жолдаудың «Цифрландыру — барлық реформалардың негізгі элементі» атты тармағында көрсетілгендей,  цифрландыру — ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Азаматтардың сапалы байланыс пен интернетке қолжетімділігін барынша қамтамасыз ету керек. Архив қызметіне тікелей байланысты зейнетақы және жәрдемақы алу үшін цифрландыруды жеделдетудің маңызы зор. Бұл процесстерді толығымен цифрландырып,  азаматтардың қажеттілігін өтеу — архив қызметкерлерінің міндеті. ҚР Президенті Қ.Тоқаев жыл соңына дейін ең сұранысқа ие анықтамаларды цифрлық нұсқаға көшіруге тапсырма берді. Мекенжай, мүліктік және басқа анықтамалар беру бойынша елімізде  тәжірибе де бар екенін атап көрсетті. 2017 жылдан бергі уақытта облыстық архивте цифрландыру жұмыстары  қарқынды жүріп жатыр. Осы мақсатта биыл облыстық және аудандық архив мекемелеріне жаңа құрылғылар да сатып алынды.

Мәдениет және архив салаларының қызметкерлері  ҚР Президенті Жолдауындағы қазақстандықтардың алдына қойылған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыруға өз үлестерін қосады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button