Экономика

Құрылыс реформасы: «Еурокодтың» еншісі

Дағдарысқа дейінгі кезеңде экономиканың мол жүгін көтерген құрылыс саласы келер жылдан бастап қайтадан қарқын алатын болады. Үстіміздегі жылдың қазан айында қабылданған 2010-2014 жылдарға арналған Құрылыс индустриясы саласын және құрылыс материалдары өндірісін дамыту бағдарламасының көздеген негізгі мақсаты — осы.

Еліміздің құрылыс саласында түбегейлі «төңкеріс» жасау үшін бұл сектор жаңа үрдіске ие болып қана қоймай, халықаралық стандарттарды қабылдау арқылы жаңа сапаға көтерілмек. Ондай мәселелердің басым бөлігі аталмыш бағдарламада көрініс тапқан.

«Еурокодтар» енгізіледі

Бағдарламаға сәйкес, келесі жылға қадам басқаннан кейін-ақ құрылыс сала­сынд­а  ауқымды реформалар жүргізілмек.

Атап айтқанда, 2011 жыл­дан бастап «еурокодтар» енгізілетін болады. Қазақстанның жағдайларына бейімделген еуропалық кодтарды енгізу және еуропалық стандарттарға кезең-кезеңмен көшу — құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесіне жүргізілетін реформаның негізі болып табылады.

Ал 2014 жылға дейін отан­дық құрылыс саласы толықтай жаңа жүйеге өтеді. Яғни жаңа жүйе құрылыс саласының бойына қан жүгіртіп, бұл секторды бұрынғыдай экономиканың қозғаушы тетігіне айналдырады.

Дегенмен, күрмеуі күрделі бұл салада еуропалық кодтарды енгізуден бөлек, бүгінде шешуді талап ететін өзекті мәселелер де баршылық. Соның бірі — құрылысқа қойылатын талаптар. Мәселен, қазіргі уақытта еліміздегі әлеуметтік нысандардың, яғни денсаулық сақтау және білім беру нысандарының құрылысына қойылатын талаптарды қатайта түсу қажет болып тұр. Бұл мәселе енді үкіметтік деңгейде шешілмек.

Тәжірибенің талабы

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің айтуынша, бұған дейін техникалық реттеудің отандық тәжірибесі мен қазіргі жағдайы талданып, сараланған.

Австралия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ елдері, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ және Жапония секілді экономикалық жағынан дамыған мемлекеттердің аталмыш жүйені реформалау тәжірибесі зерттелген. Әлемдік тәжірибе бойынша мамандар еліміздегі құрылыс саласындағы техникалық реттеу жүйесінің бүкіл компоненттерін — нормативтік базаны, қадағалау және бақылау жүйесін, сәйкестікті бағалау жүйесін бір мезгілде реттеу қажеттігін алға тартады. Сонда ғана реформа табысты болатынын айтады. Агенттік төрағасының пікірінше, бүгінгі күні көбінесе лицензиялау кезінде маманның кәсіби біліктілігіне емес, қызметтің түрлеріне маңыз беріліп жүр. Бұл әлімдік тәжірибеге сәйкес келмейді және өзгертілуі тиіс.

— Реформа құрылыс өнімдерін сертификаттау саласында тәртіп орнатуды, тиісінше құрылыс рыногын сапалы әрі қауіпсіз құрылыс материалдарымен және бұйымдарымен қанықтыруды көздейді, — деді осы мәселеге қатысты өткен Үкімет отырысында С.Нокин.

Нысандар кішірейеді…

Мырзагерей Мұқаев, облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары:

— Реформаға қатысты бірқатар жұмыстар қазірден бастап қолға алынды. Соның бірі — болашақта бой көтеретін нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын санитарлық нормаға сәйкес қайта дайындаймыз. Бұған дейін қала мен ауылдық жерде құрылыс жүргізуде санитарлық норма бірдей болды. Яғни қалада тұрғызылған кейбір нысандардың жобасы бойынша ғимараттар дәл сол қалпында ауылдарда да бой түзеді. Мәселен, жақында Байғанин ауданының Кемерши ауылында жаңа мектепті пайдалануға бердік. Мектеп ғимараты ішінде тіс емдеу кабинеті бар. Мектеп базасындағы  мұндай жетістік әзірге ауылдық жерлердегі білім ордаларына қиындық тудыруы мүмкін. Өйткені қосымша маманды қажет ететіні өз алдына, мұндай жобада тұрғызылған ғимараттардың төлейтін коммуналдық шығыны да көп болады. Ауылдық жерлерде халық игілігіне берілетін нысандардың көлемін неғұрлым ықшамдап, халық санына байланысты ыңғайлап тұрғызу жағына болашақта аса мән беріледі. Қазір осындай мәселелерге қатысты ұсыныстар Үкіметке жолданып жатыр.

Алдағы уақытта тұрғызылатын ғимараттар жаңа типтік жобамен салынады.

Бірақ бұған дейін пайдалануға берілген жаңа нысандарға ешқандай өзгеріс енгізілмейді.

Елу жылдық сапа

Мырзагерей Сержанұлының айтуынша, Ақтөбе облысы құрылыс саласындағы көрсеткіш бойынша елімізде алдыңғы орында тұр.

— Санитарлық нормаға сәйкес, құрылыс жүргізуде бір шаршы метрге бөлінетін қаржы — 56 мың 515 теңге. Инфляцияға байланысты бұл соманың мөлшері өзгермейді. Бұл — 2008 жылдан бергі қаржылық құн. Десек те бұл қаржы бүгінгі күні құрылыс жүргізуде аздық етеді. Өйткені құрылыс жабдықтарының бағасы сапасына байланысты әр алуан. Сапалы нысан тұрғызу үшін сапалы

құрал-жабдық пайдаланған дұрыс. Келер жылдан бастап бұл норма тиімді жолмен шешіледі деген үміттеміз, — дейді М.Мұқаев.

Бүгінгі таңда облыс аумағындағы тұрғын үйлер мен өзге де нысандарды тұрғызуда  отандық өнімдер пайдаланылып жүр.

— Қазір облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда көш ілгері. Жыл сайын облыста құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар ашылып жатыр. Сапасы мықты тауарларымызды біз құрылысқа пайдаланамыз. Мәселен, панельді үйлер елу жылға дейін тұрады. Бұл орайда біз құрылыс саласында туындайтын мәселелерді дер кезінде шешіп отырған облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа ризашылығымызды білдіреміз, — деді Мырзагерей Сержанұлы.

Жоспар. Пәтер. Пайыз

Биыл жоспар бойынша облыста 346,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынуы керек. Өткен тоғыз айдың ішінде барлық меншік түрлеріндегі кәсіпорындар мен ұйымдар жалпы аумағы 261,3 мың шаршы метр тұрғын үй ғимараттарын салыпты. Бұл — 2009 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 1,1 пайыз жоғары.

— Қазір қаланың 12- Б шағын ауданында 129 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша тұрғызылып жатқан нысанға республикалық бюджеттен 360 миллион теңге қаржы бөлінді. Қызметкерлер үшін несиеге сатылатын тұрғын үй осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек.  Биыл жалпы қала  бойынша 30081 шаршы метр тұрғын үй тапсырылды, — деді Мырзагерей Сержанұлы.

Үстіміздегі жылы облыста 10300 шаршы метрлік жалға берілетін үйлерді тұрғызу жоспарланған. Жуық арада Алға, Ырғыз, Темір, Хромтау және Шалқар аудандарында осындай мақсатта салынып жатқан үйлердің құрылысы аяқталмақ.

Анықтама:

Облыстық статистика департаментінің мәлімдеуінше, 2010 жылғы қаңтар-қыркүйекте негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемінің 5,4 пайызы тұрғын үй құрылысына бағытталды және 12 949 млн. теңге құрады.

P.S.Құрылыс саласына қатысты жаңа жүйенің халық игілігі үшін пайдасы мол болмақ. Енді бұдан әрі елімізде зәулім сарайлар емес, балалар мен қала тұрғындарының қажетіне лайық нысандар көптеп салынатын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button