Әлеумет

Мұғалжар: үш қала қысқа дайын

Ауылға қарағанда қаланың тіршілігі қалай дегенде де қым-қуыт болып келеді. Әншейінде көп айтылатын ыстық-салқын суы, жылуы бәрі ішінде дегенімен, осының бәрін үйлестіріп отыру белгілі бір қызмет орындарына айтулы сын. Оның үстіне мұндайда олқылық орын алып жатса, таяқтың бір ұшы билік басындағыларға және тиіп жатады.

Мұғалжар ауданында үлкенді-кішілі болып келетін үш қала бар. Өздеріне тән шаруашылық жағдайлары, экономикалық-әлеуметтік құрылымдары соған ыңғайласып қалыптасқан бұл үш кенттің аудан аумағында алатын үлестері де бөлекше.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы – сол үш қала алдымыздағы қаһарлы қысқа қандай дайындықтармен келді, тұрғындар қаңтардың қатты аязы мен ақпанның ашулы борандарында үйлерінің күнгей қарай ығып кетпей ме деген сауалды қамтымақ.

Қандыағашта үй жылы

Аудан орталығының әкімі Айболат Манепов бізге осылай деп мәлімдеді.

Дегенмен, бір кездері Қандыағаштың қысқа дайын болмай қалған кезі де кездескен. Ол осыдан бес-алты жыл бұрынғы оқиға еді. Дер кезінде шұғыл шара алынғанымен, сол бір қолайсыз жағдайды жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін ұмытпайды.

Қандығаш қаласының 2006-2010 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары нақты жұмыстар жүргізудің негізіне айналды. Сол жоспар бойынша жылу беру қазандықтары, су құбырлары, кәріз жүйелері ауыстырылды, жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелерімен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Қалаішілік автомобиль жолдарын жөндеу, шаһарды жарықтандыру жайы жүзеге асты.

Қаланы сумен қамтамасыз ететін «Коммунальщик» және «ТеміржолСу» мекемелері бар. Олардың басшылары тұтынушыларды сумен тәулік бойы қамтамасыз ету мүмкіндігі бар екендігін айтады. Алайда тұрғындардың бірқатар бөлігінің салғырттығы бұл мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік бермей отыр.

Қаланың су скважиналары трассаларының 70 пайызы ауыстырылды. Алдағы жылдары осындай шаруа «Болашақ» шағын ауданында жүзеге асырылмақшы.

Қазір Қандыағашта бес жылу қазандығы жұмыс істейді. Оның біреуі «Жол картасы» бағдарламасы аясында озық технологияға сай жаңартылды.

Қала әкімшілігі тұтыну кооперативтері жетекшілерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Соған байланысты біз осы сала қызметкерлерімен және тұрғындармен тілдесуді жөн деп тапқанбыз.

Әбдікәрім Мақашев, «Әділет» тұтыну кооперативінің төрағасы:

— «Жастық» шағын ауданындағы бес көп қабатты үйлерге біздің кооператив қызмет көрсетеді. Жылдағы қалыптасқан жағдай – қазан айының он бесінші жұлдызына дейін бүкіл жүйелер сынақтан өткізіліп, жылуды толық қабылдап боламыз. Былтыр құбырлары тозған, қауіпті деңгейде тұрған құбырлары бар №1 үйге тиянақты жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орталық жылу қазандығынан жеткізілетін жылу пәтерлердің қалыпты температурасын қамтамасыз етеді. Көңілімізді мазалайтын мәселе тұрғындарға ғана қатысты болып отыр. Ол – көрсетілген қызмет үшін төлемақылардың уақытында төленбеуі, пәтерлердегі жарақсыз жылу батареялары мен қадаушалардың дер кезінде алмастырылмауы.

Анна Зуева, «Жастық» шағын ауданындағы көп қабатты үйдің тұрғыны:

— Соңғы уақыттары біздер қыстан қорықпайтын болдық. Өйткені үйлеріміз жылы, тұрғын жайға техникалық қызмет көрсететін кооператив төрағасы А. Мақашев пен оның қызметкерлері шаруаларын мұқият тындырады. Олар тұрғындармен әрдайым тығыз байланыста еңбек етеді.

… Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қандыағашта атқарылып жатқан істер алда да өрістей түспек. Біз қаланы аралап, оның тыныс-тіршілігімен танысқанымызда осыны анық сезіндік.

Ембі екі жылда газбен қамтылып болады

«Шамның жарығы түбіне түспейтіні» рас. Аспанға алаулатып атып тұрған іргедегі Жаңажолдың газын Ембі тұрғындары күні бүгінге дейін пайдалана алмай келді дегенге, сірә, ешкім де сенбес. Дегенмен, он төрт мыңға жуық халқы бар кенттің қыс жақындаған сайын айқын байқалатын бір проблемасы осы тұрғыдан туындайтыны және анық-ты.

Ембі қалалық округі әкімінің орынбасары Ермұхан Қалжанов бізді шаһар ахуалымен таныстырғанда да осы мәселені сауал ретінде туындатқанбыз.

Соңғы уақыттағы қолға алынған бір қонымды шаруа «Ауыз су» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен осындағы ауыз су құбырларын қайтадан жабдықтап, құрылымдауға байланысты негізгі жұмыстарға 250 млн. теңге, қосымша жұмыстарға 81 млн. 606 мың теңге бөлініпті. Соның нәтижесінде екі насос станциялары, су мұнарасы, отыз шақырымнан асатын су құбыры салынған. Қазір Ембі қаласының тұрғындары Жалпақтан келетін таза ауыз суын пайдалануда.

2010-2011 жылдары қаланы толық газ желісіне қосуға 370 млн. теңгеден астам қаржы бөлінсе, қазірдің өзінде біраз әлеуметтік объектілер көгілдір отынның қызығын көруде.

Газ желісінің қалаға кіргенінің өзі көпшіліктің көңілін көтеріп тастағаны байқалып тұр. Көп қабатты үй тұрғыны Дина Нармағамбетова қыста тоңбайтындықтарын қуанышпен айтады. Өйткені қазіргі уақытта жылудың уақытында берілуі қалада қалыпты жағдайға айналған. Біз әңгімеге тартқан Жанар Жұмабекқызы да оның ойын қуаттады.

— Біз ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуын қарастыру барысында осы үш қаланың қалыпты тіршілік жасауына да ерекше назар аударып отырмыз, — дейді аудан әкімі Серік Шаңғұтов, — өйткені адамдардың көпшілігі осы жерлерде орналасқан. Оның үстіне, осы Ембі қаласына ерекше көңіл бөлуге тура келді. Себебі, бұрын аудан орталығы болған қала  көші-қон салдарынан иесіздік жағдайларын да бастан кешіріп, бірсыпыра  тозып қалған еді. Қазір соның бәрін қалпына келтірудеміз.

Жем — жастар қалашығы

Бір кездері иесіздік күйін кешіп қала жаздаған Жем қаласы бүгінде басқаша сипатқа көшті. Мұнда тұрақты жұмыспен қамтылған, келер күндерін осы өңірмен берік байланыстыратын жастар басты тұрғындар болып саналады. Сондықтан да қала әкімшілігі қазіргі уақытта елді мекенді көріктендіру, заман талабына сай коммуникациялық, инфрақұрылымдық жүйелер жұмыстарын үйлестіру ісімен кеңінен шұғылдануда.

Осыдан бір жылдай уақыт бұрын ғана екі мыңға жетпейтін тұрғыны бар бұл мекен қазір аталған көрсеткішті үшінші мыңдықтың үстіне шығарды. Осыған байланысты мұнда бұрыннан пайдаланусыз қалған тұрғын үй қорын оңтайлы пайдалану, жаңадан құрылыстар салу қажеттігі күн тәртібіне шығуда.

— Біздегі тұрғындардың тоқсан пайызға жуығы жастар, — дейді округ әкімі Әлімжан Қорғанбай, — сондықтан қала болашағы бар деп есептейміз.

Әкімнің айтқанын мынадай деректер де айғақтай түседі. Осындағы мектепте қазір 350-ден астам бала білім алады. Ал балабақшадағы төрт топта 100 бала тәрбиеленеді. Мұның үстінде тағы да 75 бала кезекте тұр. Соған байланысты бұрынғы Ресей әскерлерінен қалған қонақ үйді балабақша және музыка мектебі ретінде пайдалану мүмкіндіктері қарастырылу үстінде екен.

Әкім ендігі бір үлкен шаруа елу жыл бойы жөндеу көрмеген су-кәріз жүйелерін толық жаңалап, алмастыру екендігін айтады. Бұған қатысты сметалық жобалар дайындалу қамында. Ал қалаға газ құбырларын жүргізу мәселесі де оң шешімін тауып, тұрғындар көңілін орнықтыра түсіпті.

Жем тұрғындарынан біз алдағы қыс қамы, оған қаланың әзірлік мәселесі туралы сұрағанбыз.

Мұхит Серікбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Қала бойынша оны көріктендіру, әртүрлі жүйелерді жаңарту бағытында соңғы үш жылда көптеген жұмыстар жүргізілді. Әсіресе, жылуға қажетті сұйық отынмен толық қамтамасыз ету шаралары атқарылған соң көңіліміз жайлы. Депутатымыз Тақталифум Есенғұлов қаланың жылу жүйелерін, құбырларды жөндеуге көп көмегін тигізді.

Сәрсен Қоңыратбаев, оралман:

— Менің осында көшіп келгеніме төрт-бес жыл болды. Осы уақыт ішінде қаладағы көптеген өзгерістерге куә болдым. Біздерге жасалып жатқан қамқорлықтарға ризамыз. Тегін жер үй алдым, ауласы бар, шағын шаруашылық жүргізуге қолайлы. Өзім бұрын Түрікменстанда тұрғанмын, ол жақпен хабарласып отырамын, осында көшіп келуге тілек білдіруші қандастарымыз көп. Қазір Жем қаласында сырт республикалардан көшіп келген 120 отбасы қандас бауырларымыз тұрады. Барлығы да жұмыс істеуге ынталы және соған орай шаруаларын істеп жүр.

… Жем қаласы жылдан-жылға жаңарып келеді. Қазір мұнда үлкен Мәдениет үйі жұмыс істейді. Сонымен бірге қолайлы спорт залы бар.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button