Әдебиет

«Еркін ой, ерек мінезді ақын еді»

…Сәбит Баймолдиннің ақын ретіндегі, адам ретіндегі болмысы жайлы толғана қалсаңыз, «Ой» деген ұғымға қайта-қайта айналып келер едіңіз. Расында, ақын мұрасын парақтағанда оны біреуге алыс, біреуге жақын Ой деген тылсым әлемнің елшісіндей сезінесіз:

«Ойсыздықты жек көрем-ау, жек көрем,

Күн кешемін ойсыздарға өкпемен.

Көп боп тұр да жалпы айтылған өлеңдер,

Болмай тұр ғой тура айтылған текті өлең!»…

Ақынның қызы, бүгінде Алматыда тұратын Лейла Баймолдинамен сұхбатымыз да осы ойымызды бекіте түсті:

 — Адам бойындағы қасиеттерді арғы тегінен, ата-бабасынан қанмен берілген деп жатамыз. Ақын Сәбит Баймолдинге ақындық қасиет кімнен дарыған?

— Ата-бабаларымызда ақындық болды дегенді, расымды айтсам, естімеген екенмін. Білетінім, ақындық — әкемнің туа біткен дарыны. Ол бала күнінен өлең жазған. Оқушы кезінде-ақ газет-журналдарға өлеңдері басылып тұрған.

— Жыр әлемінде кімдерді өзіне жақын тұтты? Кімдерді сүйіп оқитын?

— Әкем өте көп оқитын. Оның жұмыс үстелінде, әйнектің астында ұлы Абайдың суреті тұратын. Әкемнің үйдегі жұмыс кабинетінде Әуезовтің, Мүсіреповтің, Байронның, Евгений Евтушенконың, Есениннің портреттері де тұратын. Олардың өзіне ұнаған сөздерін, жыр шумақтарын жазып, жұмыс үстеліндегі әйнектің астына қоятын. Ол қазақтың, орыстың, Еуропаның көптеген көрнекті қаламгерлерінің шығармашылығымен жақсы таныс болды. Әлем әдебиетінен білімі терең еді. Әйгілі Петрарканың шығармашылығына ынтықтығының бір белгісі — менің қызымның есімі: әкем оның атын Лаура деп қойды. Ол Петрарканың Лаураға арнаған сонеттерін аударамын дейтін…

— Әкеңіздің қаламгер ретіндегі қандай қасиетін кейінгі жас ақындарға үлгі етер едіңіз?

— Бұл сауалыңыз Сағи Жиенбаевтың әкем туралы пікірін есіме түсірді. Сағи аға: «Сәбит — өлең деген құдіретке бас иіп табынатын, оған барынша адал қарайтын азамат. Табиғат берген талантым бар екен деп, бас-көзге қарамай, жоқтан-бардан өлең жасайтындардың санатына жатпайды. Аз сөйлеп, көп аңғартуға талпынатын талғамшыл ақын. Ол халық кәдесіне жарайды-ау деген нәрсені таңдап, талғап қана жырлайды. Оның еркін ой, ерек мінезі арғы-бергі әдеби мұраны, өзге жұрттың өнегесін жақсы білетіндігінен болса керек. Көңіл күйі келмесе, бұлбұл да сайрамайды, көздегені болмаса, қыран да самғамайды. Одан кем қалып жатқан олар жоқ. Сәбит ақындығының осы қасиетін ұнатам», — деп жазған еді. Осы айтқандай, әкемнің өлеңге, әдебиетке адалдығы кейінгі жастарға үлгі болса екен деймін.

Сонымен бірге, оның көп оқығанын жоғарыда айттым. Ақтөбеде тұрдық, кейіннен Алматыға көшіп келдік. Екі қалада да оның ең көп аралайтыны — кітап дүкендері, іздейтіні — жақсы кітап еді. Кейде өзі іздеген кітапты таба алмай жатса, кітапханада істейтін маған авторын, шығарманың атын айтып, тапсырып қоятын. Ал сол кітапты әкеліп, ұстатқандағы қуанышын көрсеңіз! Тап бір балаша мәз болушы еді. Ол әрқашан өзіне кітап сыйлағанды жақсы көретін. Мейрамға, туған күніне басқа сыйлық ұсынылған кезде: «Мұның ақшасына кітап алатын едім ғой», —  деп өкінетін. Тіпті қатты ауырып жатқан кезінде де кітап оқуын тоқтатпады. Өзі жақсы көретін қаламгердің жаңа кітабы шығатынын естісе, баспа директорына телефон шалып, бізді жіберіп алдырып, дереу парақтай жөнелуші еді… Оның осы ізденімпаздығы да кейінгі жас қаламгерлерге үлгі болса деймін.

— Иә, Сәбит ақынның кітапқа деген құштарлығы туралы оның көзін көрген жандардан көп есіттік. Ал оның жеке кітапханасы Ақтөбеге жеткізілген болатын…

— Менің анам Жантөре де — кітапқа жақын адам: бір жағынан, ғұмырлық серігі қаламгер болса, екінші жағынан, мамандығы бойынша өзі де — кітапханашы. Сондықтан оның кітапты ерекше қадірлейтіні түсінікті болар. Әкемнің жеке кітапханасын ол көзінің қарашығындай сақтады. Бірақ жақын жылдары Ақтөбе облыстық кітапханасынан сұрау түсті. Әрине, Алматы қаласындағы кітапханалардың біріне де тапсыруға болатын еді. Дегенмен, әкемнің туған топырағына жеткізген дұрыс деп санадық. 4 мыңға жуық кітап Сақтаған Бәйішев атындағы кітапханаға тегін берілді. Біз үшін баға жетпес бұл қымбат мұра енді — сіздерге аманат. Қадірін біліп, қастерлеп ұстарсыздар, жас ұрпаққа насихаттай жүргейсіздер…

Сонымен бірге, облыстық музейге де біраз құжаттарын, киімдерін апарып тапсырған едім. Әлі де үйде біраз заттары сақтаулы.

— Ақынның шығармашылығының насихатталуына ойыссақ?..

— Әкем — көзінің тірісінде өзімен замандас, қаламдас көрнекті тұлғалардан талай жақсы пікір естіп, лайықты бағасын алған ақын. Оның шығармашылығы туралы Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Құрманәлин, сыншы Зейнолла Серікқалиев, әдебиеттанушы ғалым Қабиболла Сыдиықов, басқа да қаламгерлер жылы лебіздерін жеткізді.

Ал қазір де әкемнің аты атаусыз қалған жоқ, ол туралы мақалалар жазылып жатыр, қаламгер қауым, жырсүйер оқырман оны әрдайым іздейді. «Мысль» журналының бас редакторы Әбдеш Қалмырзаев 2002 жылы әкемнің өлеңдерін өз журналына орыс тілінде шығарды. Аудармашысы — Марина Стукалина. Сондай-ақ, Ақтөбедегі, өзінің туған жері — Байғанин ауданындағы кітапханалар бізбен хабарласып, әкемнің шығармашылығына арналған шараларды ұйымдастырып тұрады. Мұның бәрі мені қуантады.

Дегенмен, өзі өмірден өткен соң, бір ғана кітабы жарық көріпті. Атап айтқанда, көрнекті ақын Мейірхан Ақдәулетұлының мұрындық болуымен жарыққа шыққан «Ақтөбе кітапханасы» сериясының 17-томы Сәбит Баймолдиннің шығармашылығына арналды. Міне, содан басқа бірде-бір кітабы шықпады. Осы жағы үлкен өкініш болып тұр…

— Өзінің көзі тірісінде жарыққа шықпаған жырлары бар ма? Олардың тағдыры жөнінде білсек?

— Үйде әкемнің өз қолымен жазған төрт папка өлеңі тұр. Бұрын жарияланбаған өлеңдерінің бес-алтауы ғана облыстық «Ақтөбе» газетіне шықты. Оны белгілі ақын Ертай Ашықбаев әзірлеп берген еді.

Әкемнің жазуын түсінетіндер аз, бізге осы мәселе қиындық тудырып келеді. Дегенмен, оның мұрасын оқырманға жеткізу — парызымыз. Бұл іс аяқсыз қалмайды.

— Отбасында, бала тәрбиесінде ақынның ұстанымдары қандай еді?

— Әкем өте шыншыл, тәртіпті жақсы көретін жан еді. Сырттай сұсты көрінетін. Бірақ ол өзінің жақындарына, отбасына өте мейірімді болатын. Біз отбасында 7 бала өстік. Әкеміз өмірден небәрі 58 жасында өтті, анамыз Жантөре қазір  ортамызда.

Анамыз бізге ең алдымен әкені сыйлауды үйретті. Әрдайым да оның басты талабы осы болатын. Әкеміздің айтқаны — бұлжымас заң. Әсіресе, әкем  қағаз жазып немесе оқып отырғанда біз үйде тыныштықты сақтауымыз керек.

Ал бос уақытын әкем отбасына арнайтын. Үйде әжеміз болды, әкем анасын қатты сыйлайтын. Оған ең жақсы деген орамалды, ең әдемі көйлекті әперуге тырысатын. Анасының айтқанын екі етпей орындауға тырысатын… Кейде маған оның анасына деген құрметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін де емес сияқты көрінеді.

Әкем біздің сабағымызды өзі тексеріп, оқытушы еді. Үйімізде волейболдың торы, добы болды. Бізбен бірге әкем де волейбол, шахмат ойнаушы еді. Бізбен әзілдесіп, кейде аяқ астынан әзіл өлең де шығара қоятын. Әкем домбырамен ән айтатын. Ұлы Абайдың әндерін айтқанды ұнататын. Анама да ән айтқызатын, ал балаларына өлең оқытқызатын.

Әкем жиі іссапарға шығады. Алматы, Мәскеу сынды үлкен қалаларға жол жүретін болса, бізге: «Кімге не әкелу керек?» — деп, тізім жасататын. Бауырларым керек заттарын тізіп жазып жатқанда, мен: «Маған ештеңе де қажет емес», — дейтінмін. Алайда ол сапардан оралғанда, мен де базарлықтан құр қалмаушы едім. «Мынаның саған жарасатынын бірден білдім», «Мынау әдемі екен, бірақ бір-ақ түйірі қалыпты, саған шақ болар деп ала салдым» деп, алдыма үйіп тастайтын. Кейде ұйқыдан тұрғанымда әкемнің: «Қызымды тіл-көзден сақта», — деп, аластап жүргенін көретінмін. «Жер бетінде менің қызымдай қыз жоқ» — дейтін. Қазір мен: «Біз жетеу болсақ та, әрқайсысымызды жалғыз перзентіндей еркелете алған ондай Әке, расында, басқа ешкімде болмаған шығар» — деп, жиі ойға кетемін.

— Әкеге еліктеп, өлең жазып көрдіңіздер ме?

— Отбасымызда бауырларым Ләззат пен Нұрғисаның өлең жазатын қасиетін білетінмін. Бірақ екеуі де дәрігерлікті таңдады. Нұрғиса осыдан үш жыл бұрын қайтыс болды. Оның үлкен ұлы Санжар өлең жазады. Бірақ орысша жазады. Өлеңдері орыс басылымдарына шығып жүр.

— Сіздер орыс мектебінде оқыған боларсыздар? Ол тұста Ақтөбе, шынына келгенде, орыстың қаласы болды ғой. Қазақша оқытатын бір-екі ғана мектеп болатын.

— Жоқ, біз бәріміз де қазақша оқыдық. Ортаның, көшенің әсерімен орысша сөйлей бастасақ, әкем ренжитін. Ол үйде тек қазақ тілінде ғана сөйлеуді талап ететін. Өз балалары түгіл, телефонмен бізді сұраған достарымызға да: «Сендер қазақтың үйіне телефон соғып тұрсыңдар, неге қазақша сөйлемейсіңдер?», — деп кейитін.

— Адамдардың санасын әдетте заман, уақыт билейді. Заманның, замандастарының жетегіне ермейтіндер сирек. Бұл жерде біз заманның адамгершілік құндылықтарға, адамдық парызға қайшы тұстары жөнінде айтып отырмыз. Әр уақыттың ондай тұстары бар. Сәбит ақынның кезінде, мысалы, көпшілік Ойсыздыққа жақындау болды: арақ, карта ойнау… Бірақ ақынның сол Ойсыздықтан биік болғаны жөнінде қазір  естеліктерден білеміз. Әкеңіздің бұл қасиеті туралы сіз не айтар едіңіз?

— Иә, әкемнің мінезі ерекше болды. Бәлкім, өзінің өмірлік ұстанымдарына деген адалдығынан шығар? Біздің үйде арақ ұстау, дастарқанға арақ қою деген болмайтын. Үйде ешкімге карта ойнатпайтын. Әрине, қазір бұл таңсық  болмас. Бірақ ол заманда… сирек, өте сирек кездесетін жайт еді. Әкем көп адаммен араласты. Үйімізге қонақ та көп келетін. Әсіресе, Ақтөбеде тұрғанда, үйімізден қонақ арылмайтын. Ауылдың адамдары бірінен соң бірі келіп-кетіп жататын. Бірақ әкемнің өзі көп жерге бара бермейтін. Әсіресе, ырду-дырдуы көп тойларды ұнатпайтын. Мен: «Папа, неге бармайсың?» — деп сұрайтынмын. Кейіннен білсем, арақтан, арақ ішіп аузына келгенді айтатын берекесіз жандардан аулақ болғысы келгеннен сөйтеді екен.

— Ақынның перзенті ретінде оның туған жеріне айтар ұсыныс-тілегіңіз?

— Әкем туған жерін шексіз сүйді. Бұған оның өлеңдері дәлел, оның ауылдың адамдарына құрақ ұшумен өткен бауырмалдығы дәлел. Ауылында бір үлкен кісі ауырды десе, оны Ақтөбеге алдырып, мықты дәрігерге, профессорларға қаратып шығатын еді… Соның бәрі бүгінде сағынышқа айналды…

Байғанинде өзі директор болған мектепке оның аты берілсе деп едік, Ақтөбеден де оның атына көше сұрап, хат жазылды. Өкінішке қарай, бұл мәселелер әзірге шешімін тапқан жоқ.

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button