Пікір

Тиімді мемлекеттік аппарат — мемлекет дамуының кепілі

Раушан ЕСБЕРГЕН,

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалы профессоры,

экономика ғылымдарының кандидаты.

Бүгінгідей өзгермелі әрі күрделі жағдайда мемлекеттік басқару жүйесі икемді, тиімді әрі жылдам болуы шарт. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында тағы бір мәрте атап өтті.

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімді менеджерлер заманауи сын-қатерлерге жедел жауап беріп, тиімді басқарып, шекті ресурстар жағдайында халыққа сапалы қызмет көрсетуі керек.Осы орайда ел Президенті мемлекеттік басқару саласында жүйелі реформа жүргізуді ұсынды: мемлекеттік басқару тәсілдерін өзгерту, кадр саясатын қайта қарау, шешім қабылдау және оларды орындау үшін жауапкершілік жүйесін нығайту. Және бұл міндеттер Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке жүктелді. Агенттік мемлекеттік жоспарлау жүйесінің орталық звеносы ретінде нақты, шынайы және барлық мемлекеттік органдармен орындалуы міндетті реформалар әзірлеуі керек.

Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі жеке сектор мен қоғамның белсенділігін жұмылдыруды қамтамасыз етуі керек. Бұл өз кезегінде қоғамның билікке сенімділігін арттырады. Мемлекеттік бағдарламалардың ұлттық жоба форматында жүзеге асырылуы нәтиженің процестен жоғары болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ нәтижеге бағытталған ұлттық жоба форматындағы мемлекеттік бағдарламалар шағын және тиімді мемлекеттік аппаратпен жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру факторлық-балдық шкала енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Биылғы Жолдауында мемлекеттік басқару саласына ерекше тоқталған Мемлекет басшысы қазіргі дағдарыстық жағдайда мемлекеттік қызмет кәсіби ортада одан әрі даму әлеуеті бар білікті, талантты кадрларды талап ететінін атап өтті. Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын оқу мекемесі — Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік басқару тәсілдерін жаңарту және кадр саясатын жүзеге асыруға белсенді үлесін қосады. Академия және оның филиалдары мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялауда қызметкерлерге жобалық менеджмент, өзгерістерді басқару, коучинг сияқты басқару технологияларын меңгертіп жатыр.

Қорыта айтсақ, бүгінгі VUCA — әлемде мемлекеттік қызметші үшін ғана емес, сонымен қатар барлық Қазақстан Республикасының жауапты азаматы үшін өзін-өзі дамыту, терең білімге ұмтылу, адал еңбек ету, кәсіби дағды қалыптастыру қағидаты болуы тиіс. Сонда ғана біздің еліміз бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көрініп, болашақ ұрпақ жарқын өмір сүретін болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button