Пікір

Сөзден іске көшетін кез

Жансұлу АТАМҰРАТОВА,

Қобда аудандық мәслихатының депутаты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көптің көптен бері көкейінде жүрген мәселелерін тапсырма ретінде жүктеді.

Алда тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау қажеттігін, олардың құқықтарын қорғау мен заң үстемдігін қамтамасыз ету және жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы міндеттер тұрғанын айтты.

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты екенін айтқан Президент бұл бағытта атқарылатын нақты жұмыстарды атап өтті. Кезекте тұрған азаматтардың баспана мәселесін тезірек шешуді тапсырған Мемлекет басшысы  2021 жылдан бастап  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алатындығын хабарлады. Мен бұны көптен бері баспана мәселесін шеше алмай жүрген азаматтар үшін үлкен қолдау деп айтар едім.
Сондай-ақ келер жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл бағдарлама аясында мыңдаған отбасының берекесі артып, отбасылардың жылулығы артатын болады.
Келешек ұрпақ тәрбиесін өз жауапкершілігіне алған ұстаздар бұл жолы да Президент назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдағанын және жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта беретіндігін айтты.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде айтар болсақ, алға нақты міндеттер мен жоспарлар қойылды. Сөзді қойып, нағыз іске кірісетін кез келді. Әрбір азамат осы жауапкершілікті сезінсе межелеген мақсаттарымыз жақындай түсері сөзсіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button