Әлеумет

Бұқара

  • Оқырман ойы

Ізтұрған Сағиевтің аты берілсе…?!

«Ақтөбе» газетінің өткен сандарының бірінде (21.10.2010 ж. №128-129) Мейірхан Ақдәулетұлының  «Ізтұрғанның жұлдызы» деген атпен жарық көрген еске алу мақаласын оқып, Ізтұрған Сағиевтің жүріп өткен жолы ізгілікке толы екендігіне көз жеткізгендей болдық. Сонымен, Ізғариннің өмір жолына тағы бір мәрте көз жүгіртсек…

Ізтұрған Сағиев 1950 жылы 20 қазанда дүниеге келген. 1966 жылы Шалқар қаласындағы жетім балаларға арналған мектеп-интернатын бітіріп, 1975 жылы Ақтөбе құрылыс техникумын тәмамдады. Мамандығы — құрылысшы-техник. Ол еңбек жолын 1966-1969 жылдары Бершүгір шебін зауытында токарь қызметін атқарудан бастаған. Кейін қоғамның әртүрлі саласында өнімді еңбек атқара  жүріп, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары, яғни 1997-2006 жылдар аралығында «Компания Емшан-Emshan Co»  Заңды Тұлғалар Бірлестігінің бас президенті қызметін атқарды. 2001 жылы Ізтұрған Суханбекұлы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. 2005 жылы «Құрмет» орденін алып, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы атағына ие болды. 2006 жылы 23 мамырда ауыр науқастан көз жұмды. 2008 жылдың наурыз айында «Компания Емшан-Emshan Co» ЗТБ мен Алға облыстық балалар үйі «Компания Емшан-Emshan Co» Заңды Тұлғалар Бірлестігінің бірінші президенті І.Сағиевті еске алу мақсатында жыл сайын еркін күрестен дәстүрлі турнир өткізу үшін құрылтай шешімі қабылданған және сол кезден бастап аталмыш спорттан жарыс тұрақты түрде өткізіліп келеді екен.

Мінеки, бұл Ізағаңның қысқаша өмірбаяны. Ол кісі небары 56 жыл ғұмыр сүріпті. Бірақ артына өлместей мұра — ізгі амалдарын қалдырды. Атам қазақ: «Жетім көрсең жебей жүр» деген екен. Ол  — тәуелсіз Қазақстанның, оның ішінде Ақтөбе аймағындағы қорғансыз жандардың тұңғыш жәрдемшісі болған азамат. Жоғарыда аталған мақалада Ізағамыздың барлық жасаған іс-әрекеттері мен дүниетанымы бүкпесіз жазылған. Бір адамның ғұмырындағы істеген ісі мен жасаған жақсылықтары осындай болса керек-ті. Жақсының ғұмыры қысқа болатындығы белгілі. Алайда жақсының тіршіліктегі ғұмыры қысқа болғанымен, рухани екінші ғұмыры басталатыны бар емес пе? Осы қағиданы ескере келе, қаланың бір көшесіне немесе Алға балалар үйіне Ізтұрған Суханбекұлы Сағиевтің атын беру мәселесін жан-жақты неге қарастырмасқа?! Мәселен, тәуелсіз елдің жарқын жұлдыздары есебінде қазірдің өзінде Ақтөбе қаласында бірнеше қайраткердің есіміне көшелер мен нысандар беріліп үлгерілді. Мысалы, М.Оспанов, Н.Шәйкенов, К.Нокин, Т.Бигелдинов сынды елге еңбегі сіңген азаматтардың қатарына І.Сағиевтің де есімі айшықталып жазылса, «нұр үстіне — нұр» болмай ма? «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Абзал жанның ардақты есімі — Алға балалар үйіне берілген жағдайда ондағы тәрбиеленуші, әрбір жәутеңкөз баланың көкірегінде ертеңге деген сенімі күшейіп, еңбекқор адамның істерін қайталауға ұмтылған болар еді деген ойды айтқымыз келеді.

І.Сағиевтің атын қандай да бір нысанға беру ісі ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасының талаптарына да ешқандай қайшылығы жоқ.

2011 жылы Ізағамыздың дүние салғанына 5 жыл толады. 2006 жылы дүниеге келген бала сол кезде 5 жастағы естияр бала болады екен. Демек, осы кезден бастап бес жасар баланың құлағына Ізағамыздың есімі мен оның жүріп өткен өмір жолын сіңіре бергеннің еш артықшылығы жоқ сияқты.

Серік ТӨЛЕУБАЕВ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

  • Алғыс

Мақтауға лайық жандар

Көбіне күйбең-күйкі тірліктің қызуымен денсаулығымызға мән беріп қарамай, уақтылы дәрігерге барып тексерілмейміз. Ауру әбден меңдеп, әліміз таусылған шақта ғана аурухана жағалап, дәрігерлердің алдында бас жығамыз. Адам жанына араша болатын ақ халаттылардың қай уақытта да еңбегі зор.

2007 жылдың ақпан айында қатты сырқатқа шалдықтым. Ақпанның көз аштырмас, ақ түтек боранында  аудан орталығынан дәрігерлер әкелу де мүмкін емес.  Сырқатым күн санап сыр бере бастады. Ауылдағы дәрігер Бақыткүл Бекмұратова күннің ызғарына, қардың қалыңдығына қарамай, елдің кеңесіне құлақ аспастан, мені Қарабұтаққа әкеліп, Сәкен есімді азаматтың жедел жәрдемімен Бөлеккөлдегі ауруханаға жеткізді. Мұндағы Асанғали атты дәрігердің шипалы алақаны маған ем болды. Дәрігер мені толықтай тексеруден өткізіп, үзілген ішегіме операция жасады. Қарнымның тұсына қалта байлап, біраз уақыт ауруханада жатқызды. Аурудан айығуыма, мамандардан уақтылы ем алуыма Бақыткүлдей нәзік жанды маманның қайраттылығы мен сенімділігі себепші болды.

Арада он ай өткенде Ақтөбедегі облыстық ауруханаға тексерілуге келдім. Бірақ мұндағы мамандар қарын сыртындағы қалтаны көріп: «Ішегің бітеліп қалыпты, қалтаны ала алмаймыз» деп кері қайтарды. «Жазған құлда шаршау бар ма?». Тағы да қарындағы қалтаны алу үшін мамандардың кеңесіне жүгініп, зар иледім. Операция жасап, тексерген Асанғали дәрігерге қайта келіп, екінші мәрте операция жасаттым.

Бүгінде мен 72 жастамын. Тәуба, жағдайым жақсы. Бақыткүл мен Асанғалидың өз істеріне деген адалдығы мен адамгершілігінің арқасында денсаулығым қалыпты күйге түсті. Кішілерге үлгі, жастарға сабақ болсын деген ниетпен олардың жасаған жақсылықтарын оқырмандарға жеткізуді лайық деп шештім. Мен сөз еткен қос маманның адал еңбектері елге аян. Олардың еңбегін дүйім жұрт сүйсіне бағалайды.

Бақыт ҚУАНЫШЕВ,

Аралтоғай ауылы

Әйтеке би ауданы.

  • Мұң

Қарттардың қамқоршысы

Қарттар үйінде көздері жәутеңдеген қарияларды көрген сайын мұңға батамын. «Сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» деп өсірген абзал ата-ананы қартайып, күш-қуаты кеткен шағында кенеуі қашқан көне жиһаздай далаға лақтырып тастағандай көрінеді маған.

Ата-анаға қызмет көрсету — перзенттің парызы. Бірақ соңғы уақытта ата-анасынан безген безбүйрек, тасбауыр ұл-қыздардың қатары көбейіп барады. Үш жүзге жуық қарияның ортақ үйіне айналған мекенде ғұмыр кешкен қарттардың дені өз қандастарымыз. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, біреуге құдай бала бермей, қартайған шағын үкімет үйінде өткізуді пешенесіне жазса, енді біреулер сол баққан балаларынан қорлық көріп, қайда барарын білмей осы мекенді паналайды. Соңғы уақытта бұл ғимаратқа ауыл, ауданнан да қариялар келіп жатыр.

Жиырма бес жыл Қарттар үйінде медбике қызметін атқарған Сәлима Смағұлова —  асыраусыз қалған қарттардың қамқоршысы. Ол күн сайын қарттармен тіл табысып, көңілін аулайды, әңгімелеседі. Қариялар да оны сырласындай, қызындай жақсы көріп, мұңдарын шағады.

Сәлима апай Қарттар үйіндегі әрбір қарияның балаларын, немерелерін сағынып, ет жақынын аңсайтынын сөз етті. Қариялар асханада берілген жеміс-жидекті өзіне қимай, келу-келмеуі белгісіз балаларына сақтайды екен. Енді біреулері зейнетақысын соларға буып-түйіп дайындап қояды.

Қария­лар үшін интернатта барлық жағдай жасалған. Біздер қолдан келгеннің бәрін жасағанымызбен, қариялардың көкейіндегі мұң сейілмейді. Олар өз туған жерін, өскен ортасы мен балаларын аңсайды. Артында қалған елінен елеңдеп хабар күтетіндер көп. Ал қарттарды іздеп келушілер сирек, — дейді С.Төкешқызы. Бәріміз де қартаямыз. Сол кезде… Абзалы ертеңгі күнді бүгіннен бастап ойлаған жөн. Ол үшін балаларға дұрыс тәрбие беру керек. Қартайғанда көзің жәудіреп отырмас үшін…

Жазира ИСАТАЙ,

қала тұрғыны.

  • Қоңырау

Әкім неге ашу шақырды?

Редакцияға қоңырау шалынды: «Әкім қысым көрсетіп жатыр!», — дейді ар жақтағы дауыс. «Бәленің» бәрі газетіміздің 21 қазан күнгі нөмірінде жарияланған «Баласы жоқ балабақша» материалынан басталыпты. Бізге хабарласқан кісінің айтуынша, Қызылжар селолық округінің әкімі Алтынбек Сариннің сөзінің мазмұны мынаған саяды: «Облыстық газеттердің тілшілеріне балабақшаның жабылғандығы туралы жақ ашпағандарыңда, олар дабыл қағып материал жазбайтын еді әрі айқай-шу да болмайтын еді». Бұдан ұққанымыз: егер ауыл тұрғындары арыз айтпаса,  балабақша әзір ашылмауы да әбден мүмкін екен. Себебі, балалар үшін бас қатырған ауыл басшысы мұндай қоқан-лоқы көрсетпес еді. Сонда, әкімдердің есебі түгел болуы үшін ел-жұрт мұң-мұқтажын айтпай, үрейлі күйде, үнсіз отыра берулері керек пе?

  • Тағзым

Мөңке бидің мазары ма?

Қожасай ауылының шет жағындағы қорымнан 300 метрдей жерде оқшау бір бейіт бар. Мұны ауыл ақсақалдары мың жылдығын болжаған Мөңке бабамыздың мазары дейді. 1967 жылы Күләйім есімді емші апамыз осы мазардың басына келіп, Мөңке бабамызға арнап алғаш белгі қойып, Құран бағыштады.

Кеңес үкіметі тұсында шейіт болған марқұмдарға құран оқытып, ас беруден қорқатын едік. Дербес ел болған соң, өшкенімізді еске алып, ұмыт болғандарды түгендеп қатарға қоса бастадық. Ауыл ақсақалдары Мөңке бабамыздың мазары деп жүрген бейітке құран бағыштап, жиі тағзым етеміз.

Жақында мұнайшылар ұжымы, Еркін Нұрмағанбетов, Сисен Әділше, Орқаш Сұлтанов бастаған топ  Мөңке бабамыздың рухына ас беріп, құран оқытты. Асқа үш жүзге тарта кісі жиналып, әулие атамыз туралы білетін деректерді жастарға сөз етті. Қариялардың әңгімесі Мөңке бабамыздың қорымы осы жерде деген пікірге саяды. Бірақ бұл әлі тиянақты зерттеуді қажет етеді.

Қарттықтың ауылына күн санап аяқ басқаныммен, менің тарихта әлі де білмейтін тұстарым көп. Сондықтан ауыл ақсақалдары айтқан әңгімені зерттеп, егер ол ғылыми тұрғыда негізделсе бабаның басына кесене орнатсақ бөтен болмас еді. Аруаққа құрмет, халыққа парыз көрсету ер азаматтың міндеті емес пе?

Менің бұл ұсынысыма оқырман қандай ой қосады?

Жарасқан АЛДАБЕРГЕНОВ,

Мұғалжар ауданы.

  • Наз

Жас маманды қолдау керек!

Студент кезімде «оқуымды бітіріп, ата-анама көмектессем» деп армандайтын едім. Ол күнге де қол жетті. «Дипломмен — ауылға» жобасы аясында мектепте шәкірт тәрбиелеп арманыма жеткеніммен, қызметте алаңдар тұстарым көп.

Қолына дипломын алған жас түлек туған ауылына оралудан гөрі сол оқу орнын тәмамдаған қалада қалып еңбек еткісі келеді. Бірақ «Дипломмен — ауылға» бастамасының арқасында  ауылда еңбек ететін жас мамандардың саны да күн санап артып келеді. Дипломмен ауылда еңбек етуге талаптанған жастарға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп отыр. Жастарға көтермеақы беріліп, тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл өте дұрыс шешім, дұрыс бастама.

Мен де Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетін тәмамдаған соң, «Дипломмен — ауылға» жобасы бойынша жолдамамен Алға ауданы Қарақұдық ауылдық округіне қызметке тұрдым. Ауыл мектебінде қызмет еткеніме екі ай өтсе де, ұжыммен, оқушылармен тез тіл табысып, үйренісіп кеттім. Қысқасы, жұмысым, мектебім мен оқушыларым өзіме қатты ұнайды. Алайда мені алаңдатып отырған мына жайт. Аталған жобаға сәйкес мемлекет тарапынан жас мамандарға пәтер, көтермеақы берілуі тиіс болғанымен, Қарақұдықта жастарға танытар қолдау аз. Мектепте оқу жылы бірінші тоқсаны аяқталып қалса да, жоба шарттары орындалар сыңайы жоқ. Ауылда жас мамандарға арнайы үй салынбағандықтан, пәтер жалдап тұрамын. Азын-аулақ жалақымның жартысы  пәтерақымен кетеді. Ата-анам мен бауырларыма көмектеспек түгілі, тапқан жалақым өз басымнан арылмайды. Оның үстіне қалада қосымша оқуда оқимын.

Ауылдың гүлденуіне титтей де болса үлес қосу біздің де парызымыз. Дегенмен  үлкендер өз тағдырын ауылмен байланыстыруды шешкен әр жас маманның  ертеңгі күнінен үміт күтетін болса, онда олардың жағдайын сөзбен емес, іспен жасағаны дұрыс.

Гүлмира ТОНТОВА,

Черновод орта мектебінің мұғалімі.

Қарақұдық селолық округі.

Алға ауданы.

  • Тіл

Алдымен тіліңді түзе!..

Бүгінде мемлекеттік тіл туралы көп айтылады. Көз майын тауысып жазып жүргендер жетерлік. Мемлекеттік тіл – елімізде әлі күнге дейін аса маңызды әрі өзекті мәселе. Сондықтан ана тіліне әр қазақ жанашырлықпен қарауы керек.

Тіл — халықтың жан дүниесі, рухани негізі, ұлтты танытатын басты белгісі. Ол – ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс.

Қоғамда қай саланы болса да мемлекеттік тілден хабардар мамандар басқаруы тиіс! Себебі тіл білген адамның бойында ұлттық, халықтық, елдік қан ойнайды. Олар елге, ұлтқа пайдалы мәселелерді қозғап, жауапкершілікті сезінеді. Ондай жандардың бойында ұлт болмысын ұғынатын рух, отаншылдық сезім басым болады. Сондықтан да тілге деген талапты, үйренуді алдымен мемлекеттік қызметкерлерге міндеттеу керек. Себебі мемлекеттік мекемедегі қызметкерлер мемлекеттік тілдің қолданылуы аясын кеңейтуге септігін тигізеді.

Тілге деген қамқорлық мемлекеттің назарында болып, оны қадағалап отыру керек. Қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік деңгейге көтеріп, заңдағы мәртебесіне лайықты етеміз десек, оған деген сұраныс пен қажеттілікті арттырғанымыз абзал. Қолданыс аясын кеңейте беруіміз керек. Сонда ғана ол лайықты қызметін атқарады.

Ә.ӘЛІБЕКҰЛЫ,

Ырғыз аудандық сотының бас маманы,

аға сот приставы.

  • Үлгі

Люба әже

Шалқар ауданындағы Қопасор елді мекенінде ұлты орыс Любовь Медведева есімді әжей тұрады. Бүгінде ол 71 жаста. Мені қарт кісінің отыз жылдан астам уақыт қазақ ауылында тұрса да, тілі мен дініне беріктігі таң қалдырды. Қолға қалам алғызған да осы жай…

Оны ауылдастары баба Люба деп атайды. Ауылдың батыс жағында шеттеу орналасқан үйде ол қазір өзі тұрып жатыр. Қосағы Юрий ақсақал өткен жылы дүниеден озған. Ауылдағы ағайын орыс шалын өз елінің салтымен киімін кигізіп, жерлепті. Бейіті ауыл жанындағы мұсылмандар қорымынан бөлек. Әжейдің өтініші бойынша өз үйлерінен аяқ тастам жерде орын тепкен.

— Біз 80-жылдардың орта тұсында Ресейден осында жұмыс барысымен келдік. Сол кездегі кеңшарлардың құрылыс жұмыстарына араластық. Марқұм шалымыз екеуміздің Ресейде де, Қазақстанда да еш туысымыз болған жоқ. Женя есімді бір ұлымыз бар еді, ол ертеректе Ресейге кетіп қалды. Басында хат жазып тұратын еді, кейін оны да қойды. Сірә, кәрі адам кімге керек дейсің?! Маған қолдау көрсетіп, көмек қолын созатын осы ауылдың азаматтары. Қазақстандай кең пейілді елде тұрып жатқаныма қуанамын. Мен өлсем де жерлейтін осы — халық.

Осы үйде жалғыз тұрып жатқаныммен, бос отырмаймын, үнемі қимыл үстіндемін. Жаздай даладан қысқы отынымды жинаймын. Салқын түсе ауылдастарымның тапсырысы бойынша ұршық иіріп, жүннен әртүрлі киімдер тоқимын, — дейді Люба әжей.

Люба әженің шағын ауылда тұрып жатқанына бақандай 34 жыл болған.  Ауылдастары оны той-садақадан қалдырмайды. Әжей де ауылдастарына әбден үйренген. Отыз жылдан астам қазақтардың ортасында жүрсе де ана тілінде сөйлейді. Онымен өз тілінде амандасып, сөйлестім.

Шіркін, тілі ала-шұбар кейбір қазақ азаматтарының бойында да осы Люба әжеміздей тілі мен дініне беріктік болса ғой…

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

  • Қоғам

Темекі шекпе, қалқам!

«Қатты айтсаң қарындасқа жақпайсың, ақырын айтсаң ақың кетеді!». Алайда айту керек! Нәзік қыздарымыз, болашақ аналарымыз қазір білгенін істеп жүр. Темекі түтінін будақтату қыздар үшін сән болғанымен, болашақ үшін мұң…

Бұрын темекі шегетін адамды көрсек үрке қарайтынбыз. Бәлкім, адамның денсаулығына зиян екендігін білген соң, ақыл айтқымыз келетін шығар. Ал қазір керісінше, ақыл айтудан жағымыз талды. Себебі арамызда жігіттермен бірге езуіне темекі қыстыратын қыздарымыз көбейді. Үлкен келді деп қорықпайды, кіші көрді деп қымсынбайды.                                                                                                                  Қыз — болашақ ана. Ал бүгінгі сән деп шеккен темекі оның болашағына зардабын әкелетіні анық. Темекі шегудің зияны әйелдер үшін көбірек сезіледі. Себебі ұрпақты жалғастыратын  әйел ағзасы темекіден бұзылады, кемтар бала дүниеге келеді. Сондықтан болашақ аналарымыз батыстың аруларына еліктемей, қазақтың қызы деген атқа кір келтірмесе екен.

Қайрат ЕЛЕМЕС,

Шалқар ауданы.

Оқырман хаттарын топтастырған: Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara07@maiI.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button