Әлеумет

Сақтандыру мәртебесінен айырылғандар МӘМС  жүйесіне қайта енгізіледі

Төтенше жағдай кезінде медициналық сақтандыру жарналары бойынша берешегі бар тұрғындардың кейбір санаттары сақтандыру жүйесінен шығып қалды. Оларға   сақтандыру мәртебесін қайта беру үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арнайы шараны қолға алды. Бұл бастамаға Қазақстан Үкіметі қолдау көрсетті.

Біз әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келіп түскен өтініштерге талдау жасадық  және азаматтардың  сақтандырылған мәртебесінің болмауының негізгі себептерін анықтадық. Қазақстандықтардың бір бөлігі қатаң карантин мен төтенше жағдай кезінде МӘМС жүйесіне жарна төлеу мүмкіндігінен айырылды, оларды медициналық көмекке қол жеткізу үшін қолдау қажет болды. Қор денсаулық сақтау министрлігі мен Үкімет  қолдаған ұсыныстарды әзірледі, — дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов.

Жүргізілген талдаудың нәтижесінде, сақтандырылған мәртебе болмауының негізгі себебі анықталды. Мәселен, 42,5 мың теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төленеді. Осыған байланысты ақпараттық  жүйе оларды автоматты түрде бірыңғай жиынтық төлем, яғни БЖТ төлеушілер санатына ауыстырды. Тиісінше, тұрғындар  Saqtandyry базасында жеңілдетілген санаттардан шығарылды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде жалдамалы қызметкерлер мен жеке кәсіпкерлердің және жеке азаматтардың төлемдерінде үзілістер болды. Сөйтіп олар  МӘМС жүйесінен тыс қалды.

Осыған байланысты Үкімет  мынадай жағдайларға қолдау көрсетті:

– жалдамалы қызметкерлер соңғы 3 айда кемінде 1 төлем болған кезде және  төлемдер бойынша берешек жыл басынан бері 2 айдан аспаса, МӘМС жүйесінде қалпына келтіріледі;

– жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ соңғы 3 айда төлем болған жағдайда, жыл басынан бастап 2 айдан аспайтын берешегі барлар (Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми ақпаратына сәйкес, олар қызметін тоқтатқан жағдайда) сақтандырылған адамдардың мәртебесін алады;

– төтенше жағдай кезеңінде жеңілдік санатымен БЖТ төлегендердің төлемі есепке алынбайды және сақтандыру мәртебесі автоматты түрде қайтарылады;

– COVID-19-ға қарсы күрес шеңберіндегі шектеу іс-шараларына байланысты қызметкерлердің мәжбүрлі демалыстарда болған кезеңдері берешек ретінде есепке алынбайды. Бұл ретте табыс болмауының   дәлелі — табыс болмағандықтан   біржолғы әлеуметтік төлем алу (42500 теңге).

— Осы қолға алынған шараның нәтижесінде 740 мыңға жуық адам медициналық сақтандыру жүйесіне  қайта енді.  Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүргізілуде және сақтандырылғандар саны әлі де арта түседі. Осылайша, коронавирус пандемиясына байланысты табысынан айырылған немесе бенефициарлардың арасынан шыққан азаматтар медициналық сақтандыру жүйесіне қайта енгізіледі және медициналық көмектің барлық көлемін ала алады, — дейді қор басшысы.

Мәртебені алу үшін азаматтарға қандай да бір жерге барудың қажеті жоқ. Барлық деректер ақпараттық  жүйелерде автоматты түрде жаңартылады.

Сондай-ақ Қор уәкілетті министрліктермен бірлесіп, 2020 жылдың 1 қазанына дейін МӘМС жарналары мен аударымдарынан босатылған шағын және орта бизнестің  сақтандырылған қызметкерлеріне мәртебе беру бойынша жұмыс жүргізеді. Бұл 800 мыңнан астам жұмыскерді қамтиды.

Сақтандыру мәртебесі бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Qoldau  24/7 мобильді қосымшасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіну қажет. Қосымшаны Play Market және App Store арқылы орнатуға болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button