Ауыл

Түйірлеп екті, тонналап алды

Бақша

Осыдан төрт жыл бұрын тың жерге бақша салып, құмнан қарбыз шығарған Темірбек Жауынбаевтың таза, табиғи өнімдері ойылдықтардың көңілінен шықты.
Тәуекел деп төккен тер текке кеткен жоқ. Осы уақыт ішінде біраз тәжірибе жинап, биыл бақша салатын жерін басқа жаққа ауыстырды. Өйткені 2-3 жыл сайын жерді жаңартып тұруы керек. Сол кезде өнім мол болады.
Жылдағыдай емес, биылғы ауа райының құрғақшылығы әсер етті. Өзен суы азайып, ашып кетті. Бірақ Темірбек табиғатпен тіресіп бақты. Күні-түні жатпай бақшасын баптаумен болды. Мал өсірумен айналысатын ол сол малдың азығын да өзі дайындайды. Артылғанын сатады. Міне, қыруар шаруаны келістірумен қатар, маусымдық жұмыстың машақатын қоса арқалайды. Бірақ еншісін осындай еңбектен алған ол бұған үйренген. Жалқаулық оған жат қылық.

Соның арқасында биыл қияры бітік шықты. Қазіргі кезде қауыны таразыдан түспей тұр. Қоспасы жоқ дала өнімін жұрт талап алып кетеді. Өзінің шамасына қарай 7 гектар жерге түйірлеп сепкен дән тонналап өнім берді.
Темірбектің өзі осы бақша жұмысымен 7 ай бойы айналысатынын айтады. Бастапқыда егу жұмыстарына достары, ағайын туыстары көмектеседі. Ал бақша піскен кезде екі адамды жұмысқа алады. Олардың әрқайсысына 60 мың теңгеден төлейді. Қолғанат боп қалған 7 жасар ұлын да еңбекке баулып жүр.
— Өнім жылдағыдай көп емес. Өткен жылдары 1 қарбыздың салмағы 22 келіге дейін тартатын. Биыл қияр жақсы шықты. Күніне 10-15 қапшық өтіп кетеді. Ал қауын-қарбызды 1 тоннадан асырып теріп әкелеміз, кешке дейін өтіп кетеді.. Бақшаның да бейнеті көп. Әсіресе есекмия деген шөптің тамыры ұзын болады. Қанша жұлсаң да өлмейді екен. Сонымен біраз алыстым. Осы бақшадан барлық шығынды алып тастағанда 3 миллион теңге таза пайда түседі, — дейді Темірбек Мұздақбайұлы.
Темірбектің өнімі тұтынушыларын тез тапқаны сонша сұраныс өте көп. Анда- санда адам аяғы көп жүретін орталық көшеге шығарып сатқаны болмаса, көбіне бақшадан әкеліп үйіне қояды. Ал алатын адам үйінен барып сатып алады. Ауылдық жерлерден арнайы келіп, кейде атыздан жинап әкелуге үлгермей қалады. Оның бақша өнімдерінің өтімділігі — дәмділігі мен тазалығында.
Темірбектің табысы тек қана таразы басында емес, тұтынушылары оның бақша өнімдерін жыл сайын асыға күтетіндігінде.

С.ЖҰБАНҒАЗИН,
Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button