Жастар

Жастар кәсіпкерлігін дамытуға грант ұсынылады

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Арманыңа қол соз» стартап-жобалар конкурсы шеңберінде жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға облыс әкімінің гранттарын бөлу мәселелері сөз болды. 

Былтыр облыс әкімі Оңдасын Оразалин жастар арасында кәсіпкерлікті  дамыту бойынша тапсырма берген болатын. Соған сәйкес биыл басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Облыстағы жастардың кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға облыс әкімінің гранты» атты стартап бизнес жобаларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мақсат — жастар арасында стартап бизнес жобаларды ұйымдастыру әрі қаржылық қолдау жолымен жастардың жаппай жұмыспен қамтылуын ынталандыру, — деді брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Сәбит Мұқанов.

Оның айтуынша, бұл жобаға 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Бір ерекшелігі — жобаға жоғары сынып оқушыларымен қатар, жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын студенттер қатыса алмайды. Ең бастысы — әкім грантынан үміткерлер мекенжайы бойынша  Ақтөбе облысында тұрақты тіркеуде болуы шарт.

Жастар арасында өтетін стартап бизнес жобалар байқауы 7 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар —  ауылды дамыту, мәдениет және бос уақыт, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер, білім беру кіші жобалары, салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорт, абаттандыру, экология және туризм.

Брифингте «Қазақылықтың атамекені» қоғамдық қорының облыстағы өкілі Әлішер Мәжит аталған жобадағы әрбір бағыттың мақсат-міндетіне егжей-тегжейлі тоқталды.

Бұл — «Арманыңа қол соз» деп аталатын жастардың кәсіпкерлік саласындағы тың идеяларын жүзеге асыруға қолдау көрсету негізінде ұйымдастырылып отырған жоба. Өз кезегінде бұл жоба жастардың бизнестегі көзқарасын қолдауға және олардың кәсіп ашуына мүмкіндік бермек. Ең басты ерекшелік — жоба аясында грант беріледі. Грант қаражаты қайтарымсыз болғанмен, мақсатты пайдаланылуы қажет. Үміткерлерден өтініш қабылдау мерзімі 21 тамыз сағат 23.59-да тоқтатылады. Екінші кезең техникалық іріктеуден тұрады, яғни біз үміткерлердің жоғарыда аталған талаптарға сәйкестігін қараймыз.  Атап айтқанда, олардың 16-28 жас аралығында болуы, тұрақты тіркеуге алынған аймағы басты назарда болмақ. Ең бастысы — ұсынылған құжаттар толық тапсырылуы тиіс. Бір апта ішінде біз өтініш берушілерді іріктеп, екінші кезеңге өткізбекшіміз. Одан әрі бизнес менторлар жұмыс атқарады. Яғни олар үміткерлермен бірлесіп жұмыс жасайды, бизнес идеяларды толықтыруға көмектеседі, — деді Әлішер Мәжит.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, 26-28 тамыз күндері жобаға қатысушылардың жұмысы конкурстық комиссияға жолданады. «Конкурстық комиссияның өзі екі бағытта жұмыс жасайды. Біріншісі — негізгі конкурстық комиссия. Олардың қатарында мәслихат депутаттарымен қатар, белсенді жастар, кәсіпкерлер, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болады. Сонымен қатар қосымша сарапшы комиссия мүшелері болмақ. Әр салаға қатысты маманданған сарапшылармен қатар, бизнес-жаттықтырушылар жастар жобасымен таныспақ. Бұл жерде үміткерлерден кәсіпкерлік негіздерін оқығандығы жөнінде сертификат болмаса бизнес семинар-тренингтерге қатысқанын растайтын құжат сұралмайды. Ең бастысы, бағалау критерийлері бойынша жобаның әлеуметтік маңызына ерекше мән беріледі. Еліміздің Конституция күнінде алғашқы жеңімпаздарға грант сертификаттары табысталатын болады», — деді ол.

Әлішер Мәжиттің айтуынша, олар грант иегерлерінің ісін 5 ай бақылауға алып, мониторинг жүргізеді.  Осы аралықта жас кәсіпкерлерге менторлық көмек ұсынылып, жан-жақты қолдау көрсетілмек.

Жастар тарапынан ұсынылатын әлеуметтік жобаларда бизнестің негізгі үш тармағы көзделуі қажет. Ең бастысы —  табыс әкелуі керек. Сондай-ақ мемлекетке салық төлеп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін жобалар болуы шарт. Грант мөлшері — 300 мың теңгеден 2 миллион теңге аралығында, — деді Әлішер Мәжит.

Бүгінгі күні жастар тарапынан 30-ға тарта тапсырыс түскен. Стартап бизнес жобалар конкурсын ұйымдастырушылар үміткерлерге осы мәселеге қатысты облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен Ақтөбе қаласындағы Тургенев көшесі, 86-үйдің 1-қабаты,  4-кабинетке жолығуға болатынын айтады. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі арнайы парақшаларда да грант алудың талаптары мен шарттары жазылған.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button