Тарих

Сапар ағаның сабағы

Тағзым

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшінің биік дәрежесі, жан дүниесінің тазалығы, үлгі тұтарлық әдебі туралы әңгіме жиі қозғалады. Өкінішке қарай, қоғамымызда келеңсіз жайттар кездесіп қалған тұста ойланып қаламыз.

Ал біз кімге қарап өстік? Соғыстан кейінгі бейбіт күндерде өмірге келген біздің тұстастарымыздың бақыты — қиын кезеңдерде өсіп-жетілген, сын-сынақта шыңдалған, білім аздау болса да, білігі жоғары, тіршілік тәжірибесін молынан игерген ағалардың тәрбиесін көргеніміз. Олар өздеріне сеніп тапсырылған қандай да істі зор жауапкершілікпен атқарды, уақытпен санаспай еңбек етті, жүректерін таза ұстады.

Сондай жақсы ағалардың бірі Сапар Сағынтаев еді…

Комсомолдан түлеген…

Сапар Сағынтайұлы 1936 жылы дүниеге келген. Қазіргі Қарғалы ауданында ауыл баласы болып дала мінезімен тәрбиеленеді. Беріректе Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепті алтын медальмен бітіріп, сол білімімен мектептерде физика-математика пәнінен дәріс береді. Жазғы демалыста Чкалов атындағы ұжымшарда комбайн да жүргізеді. Кеңес армиясы қатарында әскери-азаматтық борышын өтеп келген соң комсомол қызметінде шыңдалады.

Жастайынан намысқа тырысып, берісі қатарынан кем қалмауды, арысы азамат атанып, елге тұтқа болуды мақсат тұтқан ол ар тазалығын бәрінен жоғары қояды. Осы сөзіміздің бір дәлелі ретінде замандастарынан бізге жеткен бір жайды баяндай кетудің реті келіп тұр. Жастар жетекшісі болып жүргенде жоғарыдан қонақ келіп қалып, бір шаруашылықтан қой алдырып сояды ғой. Былай қарағанда, мұнда тұрған ештеңе жоқ, екінің бірінде кездесе беретін қалыпты жағдай. Шаруа басқарып жүрген сыйлас азаматтар бір-бірінің сөзін жерге тастамайды. Арада аз күн өткенде «комсомол басшысы кеңшар директорынан қой алды, мемлекет меншігіне тегін қол салды» деген сыңайда домалақ арыз жазылады. Әрине, тексеру келеді. Жүзі сұсты жоғарының адамы «қылмыскерді» ұстағанына сенімді, сөзі мығым, қимылы тегеурінді. Алайда жас жігіт бұған ешқандай қысылмастан, дереу төс қалтасына қолын салып, қойдың құны төленгені туралы түбіртекті ұсына береді. Мұндайды күтпеген арыз тексеруші сасып қалады…

Біреуге орынсыз салмақ салу, кісі есебінен күн көру, өскенді аяқтан шалу, жақтырмаған адамына қиянат жасау секілді кіршең көріністерді әуелден бойына дарытпаған Сапар аға сол тазалығын өмір бойы сақтады деп айтуға болады.

Сапар Сағынтайұлының облыстың комсомол ұйымдарында басшылықта болған тұсында оның тәрбиесінде болған, қамқорлығын көрген көптеген кадрлар кейін өсіп-жетілді, елге белсенді қызмет етті. Олардың қай-қайсысы да алғашқы мектептерін ұмытқан жоқ, күні кешеге дейін мақтанышпен айтып келгенін талай естідік. Ал Сәкеңнің өзі жастар ұйымындағы жігерлі қимылын одан кейін партия қызметінде жалғастырды. Өзі туып-өскен Қарғалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Ол кезде бұл өңірде, негізінен, басшылық қызметтерде өзге ұлт өкілдері тізгін ұстайтын. Ал олардың арасында қазақ ұлтының өзін көрсетуі қиын жағдай-ды. Сол ахуалды бұзған да Сәкең екенін жақсы білеміз. Ол өзінің жоғары зиялылық қалпымен, ең бастысы, білімді де біліктілігімен, іскерлігімен аз мерзім ішінде жоғары беделге ие болады. Аудандағы «Передовик» секілді табысы мол, шаруасы ілгері дамыған ұжымшарды ұзақ уақыт басқарып келе жатқан Григорий Каструбин секілді тәжірибесі мол, ешкімнен ақыл сұрамайтын тарландардың өзі жас кадрмен санасып, оны сыйлауы өзгелердің де назарын аударады.

Сапар Сағынтайұлы облыста Ойыл және сол кезде Октябрь деп аталатын екі ауданды біраз жыл басқарды. Екі ауданда да беделді басшы, білікті жетекші атанды. Оның жұмыс стилі, кадрларды тәрбиелеудегі мектебі өзгелерге үлгі болды.  Ал 1984 жылы оның облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайлануы заңдылық іспетті қабылданды. Өйткені тәжірибесі мол, ұстанған бағыты айқын, принципті, әділдік, адалдық, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен елге танылған азаматтың мұндай деңгейдегі лауазымға келуі көпшілік сенімімен қолдау тапқан еді.

Негізінде, бұл кісі лауазым қуып, таққа таласқан не ұмтылған адам емес. Оның бір мысалы ретінде сексенінші жылдардың соңына таман Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы қызметіне ұсыныс түсіп, сыпайы түрде бас тартқанын айтуға болады.

Еңбек адамын қадірлеу

Адам ғұмыры қалай болғанда да мәңгілік емес. Сапар аға да өзінің сегізінші өмір белесіне қарай беттеген тұста өткен-кеткенді көбірек ойға алып, жүріп өткен жолдың бейне бір қорытындысын жасауға ниет еткендей күй танытты. Қолына қалам ұстап, күні-түні дерлік үстел басына отырды. Бас-аяғы санаулы мерзім ішінде «Ел тағдыры еңбекпен еншілес» атты үш кітап жазып шықты. Ол өзінің балалық шағынан бастап осы кезге дейінгі уақытын баяндады. Жай баяндап қойған жоқ, ел-жұрт бастан кешкен замана көшімен, орын алған оқиғалармен, дәмдес, қызметтес, сапарлас болған адамдармен байланыстыра тұтас бір кезеңнің келбетін көрсетті.

Ол осы кітаптарын қолына ұстап, елге шықты. Бірнеше ауданда болды. Өзінің кейіпкерлерімен кездесті. Олардың өзі болмаса, өмірден өтіп кеткен, өзі кезінде ерекше құрметтеген сондай аяулы азаматтардың ұрпақтарын тауып алып, оларға әкелері туралы тұшымды естеліктер айтты. Мәселен, Шалқар ауданындағы «Шетырғыз» совхозының озат шопаны болған Сағынай Жайымов ақсақалды әдейі іздеттіріп, тауып алды. Кеңестік заманда облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанында осында келген кезін, құрдастық өзара әзілдерін еске алды. Он бес бала өсіріп, бүгінде ақсақал атанған қарияны құшақтап, Ақтөбеден арнайы алып келген шапанын кигізді.  Ырғыз ауданында Ленин орденді Зарлық Қалиев, Бүркітбай Санымбаев есімді бірі шопан, бірі жылқышы абыройлы еңбек иелері болды. Сол азаматтардың ұрпақтарымен кездесу барысында жүрек қозғар көп жақсы әңгімелер айтылды. Сапар Сағынтайұлының қамқорлығы нәтижесінде еңбек адамдары сол уақытта бірі «Волга», екіншісі «УАЗ» автокөліктеріне қолдары жеткен екен. Сәкең Ойыл өңіріне барғанда атақты жылқышы, «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері болған Аманқос Мұқанғалиев туралы көп әңгіме айтты. Ол қазіргі Мұғалжар ауданында атақты комбайншы болған Раушан Дәулетованы ерекше құрметтейтін. 1984 жыл қуаңшылығымен есте қалды. Соған қарамастан, қазақтың қайсар қызының звеносы жанкештілікпен жұмыс істеп, олар еңбек ететін «Победа» кеңшары мемлекетке 1,5 миллион пұт астық өткізді. Облыстық тәжірибе стансасының сауыншысы Анна Нагорная әр сиырдан сүт сауудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізді. Оның еңбегі лайықты бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылды, оған «Волга» автокөлігі берілді, еңбек адамының өзі жоғары партия съездеріне делегат болып қатысты. Ойылдық атақты шопан Бекіш Ғалымовтың еңбегін де қолдап, оның бай тәжірибесін көпшілікке таратуды ылғи назарында ұстады. Сапар Сағынтайұлы еңбек адамдарына осындай қамқорлық жасауды өзінің өмірлік мақсаты етіп ұстанды. Мұны күні-түні алыстағы мал жайылымында, егіс алқаптарында жұмыс басында жүрген еңбеккерлер де айқын сезінді және талай рет алғыстарын да айтқанын білеміз.

Қарапайымдылық қағидасы

Ол кісінің бір ерекшелігі — барға тасымайтын, жоққа апшымайтын. Тым қарапайым еді. Өзіндік берік ұстанымы болатын. Адамдармен әңгімелесу барысында ой-пікірін ашық айтатын, жанындағы адамның көзқарасымен келіспейтін жағы болса, соның ыңғайына жығылып, шегініс жасап, ішіне бүгіп қалмайтын.

Мен ол кісіге қызмет бабында көбірек жақындау жүргендіктен, ұстаз тұтып, ізіне ергендіктен көпшілік біле бермейтін кейбір қырларына тоқтала кеткім келеді.

Сапар аға жас кезінен табиғатқа жақын өскен. Өзінің айтуынша, мектепте бастауыш сыныптарда оқып жүргенде-ақ бұзаулы сиыр табындарын бағып, далалықта көп жүрген. Атқа мінуді де ерте үйренген. Қарғалы бойындағы тау-тасты, орманды жерлерді, көлдер мен өзеншелерді жатқа білген. Бала кезде жабайы жидектерге құмар болғанын жиі айтатын. Дүниеден өткенінше бау-бақшамен шұғылданды. Ерте көктемнен ол үйде отырмайтын. Жерді де өзі қазады, күту-баптау жұмыстарын да өзі атқарады, өнімін де өзі жинайды. Қысы-жазы дастарқанында өз бақшасының өнімдері тұрады.

Техникаға да тәуір болды. Бұрынғы Степной ауданында комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде үш доңғалақты мотоциклмен жүрген. Ал қыс айларында шанаға жегілетін қос аты баптауда тұрған. Қазір айтса, біреу сенер, біреу сенбес, облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы болған кезінде қызметтік «УАЗ» көлігін өзі жүргізіп, аудандарға іссапарға барып келе беретін болған. Осы маркалы көлікке үйренгені сондай — күні кешеге дейін өзінің сары түсті жеке «УАЗ»-ынан түскен жоқ.

Мына бір жайды да айтпай кетуге болмас. Ол зейнет демалысына шыққаннан кейін ширек ғасырдан астам уақыт бойы көпшілік көзіне түскен жоқ, былайша айтқанда, өзімен-өзі дерлік өмір сүрді. Қатарлас ақсақалдар секілді жиналыстарға да барған жоқ, бірдеңе сұрап не дәметіп билік орындарын да жағалаған емес.

Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған Алуа жеңгейді жанына алып, жаз бойы балаларымен бірге саяжайды мекен етті. Дүниеден өткенінше сол өзінің бұрынғы пәтерінде тұрды. Беріректе облыс басшылары құрмет көрсетіп, үй жағдайын жақсарту жөнінде ұсыныс білдіргенде де, оған алаңдамады.

Міне, жақсы ағаның қарапайымдылық қағидаларының кейбір көріністері осындай еді…

Өнеге мектебі

Сапар аға сексеннің үшеуінен асып барып, өткен шілде айында дүниеден өтті. Өз бақша өнімдерінің жемісін көрер сәтте арамыздан кете барды. Ал жақсы адамның аты өшпейді. Оның игілікті істері, өнегелі қызметі ел аузында айтыла береді.

Сапар Сағынтайұлының қоғам, мемлекет алдындағы еңбектері де жоғары бағаланды. Өзі қызмет атқарған уақыттың жоғары өлшемі — Одақтық партия съездерінің делегаты болып қатысты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Екі мәрте «Құрмет белгісі», екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы ордендерімен марапатталды. Басқа да сый-құрметтері аз болған жоқ. Ең бастысы, ел құрметіне бөленді. Оны білетіндер шын мәніндегі жақсы адам деп бағалады, адал көңілден сыйлады.

…Бірер жылдықта Ырғызға жолы түскенде көзі тірісінде өзі қатты құрметтеген шопан досы Зарлық Қалиевтің балалары асыл ағаларының алдынан тай алып шықты. Сонда Сапар аға өзінің жылы жүзімен көңілденіп тұрып, «Мен бұл тайды қабылдадым, үлкен ризашылығымды білдіремін. Менің қалауым — осы тай өз үйірінде қалады. Міне, қазір менің құрдасым Зарлықтың Сапар есімді немересінен Аяла есімді сәби дүниеге келіп отыр. Бұл бала Зарлыққа шөбере болады. Амандық болса, осы бала 7 жасқа толған тойға мен Ақтөбеден келемін. Оған дейін мына тай үлкен ат болады. Саған өз қолыммен мінгіземін. Жылқыны жақсы бағып, өсіріңдер», — деді. Бұл да Сапар ағаның біздерге қалдырған бір сабағы деп қабылдадық біз.

Мәлік ЖЕКЕЕВ,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button