Басты бет » Әлеумет » Әлеуметтік қызметкер: кадр бар,  қадір бар ма?

Әлеуметтік қызметкер: кадр бар,  қадір бар ма?

Қоғамдағы адамдардың сан қилы тағдыры, оқыс жағдайға душар болған жандардың өмірі қаламымыздан қашқан емес. Қанша адам болса, сонша проблема болады. Алайда ең басты қиындық — жалғыздық. Әсіресе қарияларымыз қартайған шағында туған-туысы болмай немесе түрлі себептермен оңаша тұруға мәжбүр болып жатады. Жас кезінде білінбегенімен, егде тартқан шақта жүріп-тұруының өзі мұң болып, өзге адамның көмегіне жүгінетіндер баршылық.

Оларға үкімет тарапынан арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Әлеуметтік қызмет — мемлекеттік міндеттердің ең маңыздысын жүзеге асырады, оның қызметкерлерінің мойнына қиын жағдайға тап болған азаматтарға қамқорлық жасау жүктеледі. Міне, осындай көмекке мұқтаж жандармен тікелей байланыс жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы қиын да күрделі.

Бүгінгі таңда облысымызда әлеуметтік қызметтерге мұқтаж 2793 адам бар. Оларға 400-ге жуық әлеуметтік қызметкер қарайды. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 691 жалғызбасты қарт болса, 179 мүгедек бала бар. Қарттарға 80 әлеуметтік қызметкер үй жағдайында көмек көрсетіп, мүгедек балаларға 36 әлеуметтік қызметкер бөлінген. Әлеуметтік қызметкерлер үйде, жартылай стационар, уақытша болу және стационар жағдайында арнаулы  қызметтер көрсетеді.

Жалғызбасты қарт азаматтар мен мүгедектерге стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін облыста 2 мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Екі интернат-үйлерде 614 жалғызбасты қарт азамат пен мүгедек тұрады.

2017 жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 1 нысан ашылды, бұл психоневрологиялық аурулары бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, онда 100 мүгедек балаға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.

Қаламызда белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін 65 орындық жұмыс істейді. Сондай-ақ 20 төсек-орынға арналған түнгі бөлім ашылды.

408 мүгедек балаларға және 1620 жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде күту жағдайында 18 бөлімше қызмет көрсетеді.

Адал қызмет — қарттарға құрмет

Біздің айтпағымыз, негізінен, әлеуметтік қызметкерлердің жайы болмақ. Олар қалай жұмыс жасайды? Күнделікті тіршіліктің ағынымен жүргенде дені сау кейбір адамдар мұндай қызметтердің барын да білмейді. Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы көзге көрінбейді. Жұмыс ережелері де өзгешелеу. Мұндай жұмысқа жастар жағы шыдамайды екен.

— Біздің орталықтың қызметкерлері аптаның алғашқы күні жиналып жоспар жасайды. Арнайы кесте белгіленеді. Бір әлеуметтік қызметкерге 8 адамнан келеді. Олар аптасына 2 сағаттан екі рет барып үй шаруасын жасайды. Қызмет алушының дәрі-дәрмегін, азық-түлігін әкеліп беріп, тамағын дайындап, үйін жинап, суға шомылдырады. Ал жұмысқа қабылданатын әлеуметтік қызметкерлерімізді жан-жақты тексереміз. Олар аса бір қиын жағдайда жұмыс жасайды. Сонша адамның бабын табу мүмкін емес. Кейбірінің мінезі ауыр. Қызметкерлерді тілдеп жатады, бізге шағымданады. Осы тұрғыда әлеуметтік қызметкерлер барынша шыдамдылық танытуы тиіс, — дейді Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік жәрдем орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кадр бөлімінің инспекторы Айгүл Кенжебаева.

Оның айтуынша әр қызметкерге шама келсе өз  үйіне жақын жерде тұратын қарттарды береді.  Қызметкерлер қаланың бір шеті мен екінші шетіне жүрмеуі керек. Оның бәрі уақыт алады әрі қызмет көрсетушіге қиындық тудырады. Бір жақсысы, олардың қоғамдық көлікте тегін жүруі қамтамасыз етілген. Бұған мемлекеттен арнайы қаржы бөлініп, автопарктерден 1 айға тегін жүру билетін алады. Сонымен қатар әлеуметтік қызметкер екенін растайтын құжат беріледі.

Әрине, жалғыз тұру кімге оңай дейсіз! «Жалғыздық тек құдайға ғана жарасақанымен», көбінің бұған еттері үйреніп кеткен. Әлеуметтік жәрдем орталығы негізінен ешкімі жоқ, ағайын-туысы, балалары басқа қалада тұратын қарттарға ғана қызмет көрсетеді. Олар алдын ала сондай жақындарына тұрғын үйін табыстап, құжатын рәсімдейді. Ал мұрагерлері жоқ қарттардың үйі пәтер иесі қайтыс болған жағдайда әкімшілік арқылы рәсімделіп, үй кезегінде тұрғандарға беріледі. Жалғызбастылар қарттар үйіне баруына құлықты емес. Ондай жағдайда өз ықтиярымен арыз береді. Сол кезде барып өтініші қаралады. Әйтпесе оларды қарттар үйіне апаруына ешкімнің құқығы жоқ. Рас, ол жаққа өз еріктерімен баратындар да табылып қалады.

Әлеуметтік қызметкерлердің бұған дейінгі жалақылары да мардымсыз болып келген. Биылғы жылдан бастап жалақылары 35 пайызға өсіпті. Арнаулы орта білімі бар әлеуметтік қызметкердің жалақысы 72 мың теңге болса, жоғары білімі барлар 88 мың теңге алады. Қазіргі нарықта бұл қаражат та аздық етеді. Ал мұның алдындағы 35 пайызға дейінгі жалақыны өзіңіз есептей беріңіз.

Жұмыс тек теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар қарым-қатынас дағдыларын, жанашырлық, психологиялық төзімділік пен шыдамдылықты қажет етеді. Әрине, мұндай еңбек саласында жұмыс істейтін адам үшін ең жақсы сыйлық — өздері қызмет көрсететін қарттардың  ризашылығы.

Әлеуметтік қызметкер жұмысшы ғана емес, сол үйдің жақын туысындай болуы керек. Ең бірінші болуы тиіс нәрсе — сенім. Жалғызбасты қариялар қызметкерлерге сенеді. Зейнетақыларын да әлеуметтік қызметкерлер әкеліп береді. Олар бөгде жанды үйіне кіргізбеуге тырысады. Өйткені қорқады. Егер еріктілер барып ауласын тазартып, үйін жөндеп береміз десе де әлеуметтік қызметкерсіз бара алмайды. Міне, бір емес, бірнеше адамның тағдыры үшін әлеуметтік қызметкердің алар орны осындай.

Сондай әлеуметтік қызметкерлердің бірі Қырмызы Балықбаева 1997 жылдан бері осы салада тынбай жұмыс жасап келеді.  Талай адамдармен жұмыс істеп тәжірибе жинаған ол әр қарттың жайын айтқызбай ұғады.

Мен бұл саламен 1990 жылдан бері таныспын. Басында Қарттар үйінде жұмыс істедім. Кейін осы әлеуметтік жәрдем орталығына келдім. Бұл жұмыстың оңайынан қиындығы көп. Менің қарауыма тиесілі 8 адам бар. Қанша айлығы жоғары болса да бұл салада жастардың жұмыс істеуі қиын. Көктем, күз айларында үйдің тазалығы жүреді. Терезелерін жуамыз. Коммуналдық төлемдерін төлеп беремін. Емханаларға апарамын. Бір адамды риза қылып, алғысын алып шығып екіншісіне барсаң, ол адамнан сөз естіп қалуың мүмкін. Бізге жұмыс істейміз деп келетін жастардың көбі шыдамай кетіп қалады, — дейді ол.

Қырмызы апайдың ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалмапты. 2017 жылы осы қызметтегі табысы үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Оның айтуынша, осы салада жүрген жастарға тұрғын үй бағдарламаларының бір де біреуіне қатысуға мүмкіндік жоқ. Өйткені айлықтары ипотека мен несие рәсімдеуге жетпейді. Сонымен қатар айта кететін жәйт, карантин уақытында дәрігерлермен қатар алғы шепте жүрген осы саладағы жұмысшылар. Өйткені олар қашықтан жұмыс жасай алмайды. Індеттің әсіресе қарт адамдарға үйір болатынын ескерсек, олармен тығыз байланыс жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің көңіл күйін елестетіп көріңіз.

Әлеуметтік қызметкерлердің сөзіне қарағанда қаланың қарттары өте сақ келеді. Барлығына күмәнмен қарап, басқан ізіңді аңдып отыратындары бар екен. Әрине, қалалы жерде қарттарға қауіп көп. Кез келген көше бұзақылары тонап кетуі мүмкін. Ал аудандарда сәл болса да еркіндік сақталған. Ауыл үлкендерінің аузынан Алласы, шүкіршілігі түспейді.

Ойылдық Айжан Ізімбетова 2004 жылдан бері үлкен кісілерді қарайды. Ол бұл қызметін 35 жасында бастағанын айтады. Қазір аудандағы тәжірибелі мамандардың бірі.

Біз әрбір адамның мінез-құлқын, күнделікті өмір сүру салттарын зерттеп, түсінуге тырысамыз. Біреуге тазалық ұнайды, біреуге оған қарамай қажеттіліктерін әкеліп берсе болғаны. Көңіл күйлері де әр кезде әртүрлі. Мысалы, сені дүкенге жұмсап, аяқастынан басқа жұмысты тапсыруы мүмкін. Ондай кезде үндемей, айтқанын жасай беруің керек. Біздің жұмыстағы ең басты қағида — адалдық, адамгершілік. Біздің талаптарға кейбір істер сай келмейді. Яғни біздің міндетімізге кірмесе де қамқорлық статьясымен жасап жүреміз. Түнде, жұмыстан тыс мезгілсіз уақытта телефон шалып шақырып жатады. Ондай кезде «жұмыс уақыты бітті» ғой деп өзге қызметкерлер сияқты айта алмаймыз. Мен 6 адамды қараймын. Олар мені баласындай көріп кеткен. Сенеді. Зейнетақысын әкеліп беру заң жүзінде біздің жұмысқа кірмейді. Бірақ өздері қаласа, солай жасауға мәжбүрсің. Осы салада түрлі адамдармен кездесіп, жақсы жақтарын алуға тырыстым. Құран оқуды үйрендім. Үлкен кісілер аяғын әзер басып жүрсе де кір суды ауласынан аулаққа апарып төгеді. Тазалыққа деген талпынысын, өмір сүруге деген құлшынысын көрдім. Балаларыма айтып отырамын. Қаншама жылдан бері бауыр басып қалғасын мені баласындай көреді. Тойға барса, маған арнап сарқыт әкеледі. Кейде екі-үш күн бармай қалсам, сақтап қояды. Ең бастысы — сыйластық. Менің бұл жұмысты ұзақ жасауымның себебі — отбасымның көмегі. Мен қарттарды қарап жүрсем, жолдасым, балаларым үйдің шаруасын келістіріп қояды. Түскі ас дайындауға кешігіп жатсам өздері жасай береді. Егер олар маған осындай қолдау жасамағанда мен бұл кәсіпті тастап кеткен болар едім, — дейді А. Рахметоллақызы.

Иә, азғана айлыққа бөгде адамның бабын табу оңай емес. Жалғызбасты қарттарды қадірлеу — парызымыз. Ал оларды бағып-қағатын жандардың жағдайы да жақсы болуы керек. Әлеуметтік қызметкерлердің қызметі қиындығы жағынан дәрігерлермен бірдей десек артық айтпағанымыз. Қарияларға қызмет қылуда өз істерінің кадры болғандарды қадірлеу қоғамның да парызы.

 Самат НАРЕГЕЕВ.