Ауыл

Жаңадан ашылған несие қоры ауыл шаруашылығының өрісін кеңейтпек

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату – маңызды сала».

Президент Жолдауы жолдарынан.

Бұл – жеңілдік қоры.

Әлем жұртшылығы қаржы дағдарысына байланысты дүрлігіп жатқанда Қазақстанда экономиканың барлық саласында жаңа жолдар іздестіріліп, халық шаруашылығын одан әрі нығайту үшін мемлекет тарапынан қаржылай да көмек көрсетілуде. Оның ішінде өмір өзегі болып табылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге көп көңіл бөлінуде. Елбасы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен туралы айрықша айтып: «Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату – маңызды сала», – деген болатын. Сонымен қатар бұл саланы дамыту үшін жағдайлар жасау туралы бұрынғы тапсырмаларында да баса айтып келді.

Жақында ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл өндірісшілеріне нақты қолдау көрсету мақсатында «Ақтөбе ауыл шағын несие» шағын несие ұйымы» ЖШС құрылды. Өткен аптада осы қордың тұсаукесері болып өтті.

– Аталмыш қор әлемдік қаржы дағдарысы кезінде ауыл тұрғындарына қолдау көрсету, ауылдық жерлердегі шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында құрылып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова. – Және Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес шағын және орта бизнес өкілдерін шағын несиемен мүмкіндігінше қамтамасыз ету үшін осындай жолдарды ойластырдық. Қазіргі кезде аудандарда ауылдық шағын несие ұйымдары жұмыс істейді. Олардың бірқатары өздерінің жарғылық қорына жергілікті кәсіпкерлерді тартып, елеулі жұмыстар атқаруда. Ал мына құрылып отырған қор ауыл адамдарының жаңа кәсіпшілік ашуына, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан шаруагерлердің шаруаларын одан әрі дамытуына мүмкіндік бермек.

Сонымен құрылып отырған қордың ережелері қандай, жұмысты жаңадан бастаушылар, кәсіпкерлер қордан несиені қалай алмақ деген сұрақтарға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Есет Сартаев былай түсініктеме берді:

– Облыс бойынша шағын несие ұйымдарын құру 1994 жылы басталды. Алғаш жалғыз басты зейнеткерлерді қолдау қоры болып, кейін аз қамтылған отбасыларды қолдау қоры болып құрылды. 2001 жылы фермерлерді қолдау қоры пайда болды. Ал ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін қолдаудағы нақты қадам 2005 жылы басталды. Сол жылы аудандарда 5 шағын несие ұйымы құрылды.

«Ақтөбе ауыл шағын несие» шағын несие ұйымы» ЖШС-ның жарғылық қоры 450 миллион теңге құрайды. Оның құрылтайшылары «Ақтөбе-Агросервис» ЖШС – 409,5 миллион теңге, «Батыс-Агро-2008» ЖШС 40,5 миллион теңге салып отыр. Шағын несие ұйымын құра отырып, мынадай мақсаттарды орындай аламыз. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін арзан несиеге қол жеткізу арқылы аграрлық өндірісті дамыту, инновациялық технологияны енгізу шаралары жүзеге асырылады. Қосымша жұмыс орындары ашылады, ауылдық тұтыну кооперативтерін дамыту ісі алға жүреді және ең басты мақсат – ауыл тұрғындарының табысын молайтуға мүмкіндік болады.

Қор құрушылардың мәлімдеуінше, несие мақсатты түрде беріледі, оның жұмсалуы бақылауға алынатын болады. Себебі бұдан 15 жылдай бұрын аз қамтылған отбасылардың шағын кәсіпкерлікпен айналысып, жағдайларын түзеуі үшін берілген 400 доллар көлеміндегі несиенің нәтижесі аз болды. Өйткені бақылау болмады, шағын кәсіппен айналысамын деп алынған ақша көрсетілген мақсатта жұмсалмады. Тіпті, алған ақшасын қайтармай кеткендер де бар. Сондықтан бұл жолы берілетін несиенің тәртібі өзгеше.

Енді шағын несиенің берілу жолына тоқталайық. Алдында айтқанымыздай, несие тек ауыл шаруашылығы ісімен айналысушыларға ғана екі түрлі жолмен беріледі. Бірі – ауыл шаруашылығы құрылымдарын тікелей қаржыландыру, яғни өндірісші несиені Ақтөбедегі қордан тікелей алады. Екіншісі – аудандардағы ауылдық шағын несие ұйымдары арқылы. Айта кету керек, бұл жерде Байғанин, Ырғыз, Темір, Ойыл және Шалқар аудандарының алыста орналасқандығы ескеріліп, олардың белсенді жұмыс жасап тұрған шағын несие ұйымдарының жарғылық капиталына қатынасатын болады. Яғни қордан ауылдық шағын несие қорларына өсімсіз қаржы аударылады да, ауылдықтар несиені жергілікті ұйым арқылы алады. Жергілікті ұйым арқылы несие алудың да тәртібі бар. Алдымен «Ақтөбе ауыл шағын несие» шағын несие ұйымы» ЖШС мен аудандық әкімдіктер арасында келісімге қол қойылады. Келісімде екі жақтың міндеті, жауапкершілігі және басқа шарттар көрсетіледі. Несие алушылар өздерінің бизнес-жоспарларын жасау арқылы аудандық әкімдікпен келіседі. Аудандық әкімдік кәсіпкердің жоспары көңілге қонымды, жергілікті жердің сұранысын өтейді және қайтарымы болады деп қорытынды жасаса, қордан несие беріледі. Ал несиенің қайтарылуын аудан әкімі өзінің құзырына алады.

Жаңадан құрылған қордың тағы бір қырын айта кетуіміз керек. Қор несие алушыларға несие беріп қана қоймай, олардың қаржылық сауатын ашу, түсіндіру жұмыстарымен де айналысатын болады. Себебі ауыл адамы несиені алған соң оны ол қалай жұмсау керек, қаржы саясаты, қаржыны есепке алу, қайткенде жоғары өнім алып, өткізеді деген мәселелер төңірегінде оқулар ұйымдастырылып, практикалық көмектер көрсетіледі. Демек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, сауда, қайта өңдеу кәсіпорындарымен байланыс нығайтылатын болады. Сондай-ақ, қордың қызметі ақпараттық байланыс жүйесінде жарияланып тұрады.

Ауыл еңбеккерлері ауыл шаруашылығын өндіргенімен, ол өнімді өткізу кезінде қиындықтарға кезігеді. Бұл тұрғыда облыс басшылығы тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді бағамен өткізу үшін бірқатар шаралар алынуда. Мәселен, облыстық коммуналдық рыноктар ашылатын болады. Мұндай рыноктар арқылы аудандардағы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне тауарларын тікелей өткізуге мүмкіндік туады.

… қайырымдылық қоры емес

Несие 5 жылға дейінгі мерзімге, 1 жылға 9 пайыз өсіммен беріледі. Сонымен қатар екі жылға дейін несие алушыларға жеңілдік қарастырылған. Мәселен, несие алушы алғашқы екі жылда тек өсімдік пайызын төлейді де, негізгі несие қарызын кейінгі жылдары өтейді. Сондай-ақ, айналым қорлары 1 жылға дейінгі, ал негізгі қорлар 5 жылға дейінгі мерзімге берілетінін айта кету керек. Берілетін несиенің көлемі 500 мың теңгеден 8 миллион теңгеге дейін құрайды.

Несие дегеніміз қайтаруды талап ететін қарыз ақша болып табылады. Ал несие алу үшін қайтарым талабын бекітетін кепілдік болуы тиіс. Аталмыш қордан несие алу кезінде де кепілдік талап етіледі. Кепілдікке нендей мүлік алынады? Кепілдікке несие алушының мүліктері, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдағы үлесі қойылады. Таратып айтқанда, ауыл шаруашылығы техникалары, ғимараттары, жеке үйлер кепілдікке алынады. Бірақ техника жарақты, ғимарат өтімді жерде орналасуы керек. Сондай-ақ, жер үлесін де қоюға болады, бірақ жер бағаланған болуы тиіс. Тағы бір мүмкіндік, кепілдікті несиелік серіктестіктерден, банктерден алуға болады.

Кепілдікке байланысты кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы мамандары тарапынан түрлі сұрақтар туындады. Мәселен, шалғайдағы ауданның шалғайдағы ауылы облыс, аудан орталығы түгілі, ауылдық округ орталығынан 180-200 шақырым жерде орналасқан. Фермердің шаруашылығы сол алыс ауылда жұмыс істейді. Ал оның тұрғын үйі кепілдікке алынбауы мүмкін. Мұндай сұрақ қойылған кезде облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова: «Бұл қайырымдылық қоры емес», – деп кесіп айтты. Ал Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Төлебай Садықов шағын несие ұйымдарының тендерлерге қатысуы үшін 250 миллион теңгенің жарғылық қоры талап етілетінін, бұл ауылдықтар үшін ауыр соғататынын айтты.

Қалалық округке қарасты ауылдарда бұрынғы жылдары шағын несие орталығын құруға рұқсат берілмегені алға тартылды. Ал оған ауылдар қала маңында болғандықтан, шағын несие ұйымын ашу қажеттілігі жоқтығы, шаруагерлердің несиені қаладағы орталық қордан алуға болатындығы түсіндірілді. Сондай-ақ, облыста 29 ауылдық несие ұйымы құрылған екен. Алайда соның көпшілігі өзінің қызметін жарғыға сәйкес жүргізе алмай отырғандығы белгілі болды.

Айтқандай, шағын несие ұйымының жарғылық қорына берілген қаржы қайтарымын ақшалай емес, ауыл шаруашылығы өнімімен қайтару тәсілі Мәртөк ауданында практиға енгізілген. Бұл да екі жақты тиімділік жолы болып табылады.

Аталмыш ұйымның жарғылық қорының 9 пайызын, яғни 40,5 миллион теңге қосып отырған «Батыс» ӘКК» ҰК басқармасы құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да біраз істі игеріп үлгерді. Мәселен, облыста ет өңдеу жөнінде қуатты кәсіпорындар ашылды, бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Ауыл кәсіпкерлерінің шағын несие арқылы мал өсіріп, тұрғындарды етпен қамтамасыз етуге мүмкіндік мол. Сондай-ақ, сүт өнімдерін Мәртөк сүт зауытына, «Айс» ЖШС-ға тапсыра алады. Тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өнімдерін сақтайтын қабылдау пунктін ашуды кәсіпкерлермен бірлесе жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Батыс» ӘКК Алға қаласында тері өңдейтін өндіріске тері қабылдау пунктін ашуды да ойластыруда. Ырғыз өзенінен балық аулау бригадасын құру, оны қалаға жеткізу, Ырғыз селосында қуаты жылына 200 тонналық балық өңдеу цехын ашу да көзделуде.

Қазір Орал қаласында жылдық қуаты 7400 тонналық күнбағыс майын шығаратын зауыт салынуда. Біздің «Батыс» осы зауыттың жобасын жасаушылардың бірі болып табылады. Енді ол зауытқа Ақтөбеден шикізат жеткізу жұмыстары ұйымдастырылуда.

«Ақтөбе ауыл шағын несие» шағын несие ұйымы» ЖШС директоры Альфира Шарифинадан алғашқы ұйымдастыру жұмыстары туралы сұраған едік.

– Несие серіктестігінің құрылғаны күні кеше ғана, сондықтан әзірге ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Альфира Талғатқызы. – Жарғыға сәйкес біз аудандық әкімдіктермен келісімге қол қоюымыз керек. Келісім жобасы жасалды, енді тек қол қою ғана қалды. Қор ашылды дегенді естіген фермерлер қазірдің өзінде қызығушылық танытып, несие алу тәртібін сұрауда. Біз оларға барлық жағдайды түсіндірудеміз. Осы аптаның ішінде құрылтайшылардан бірінші транш, яғни алғашқы қаржылар түсуі тиіс. Содан кейін аудан әкімдері ұсынған кәсіпкерлердің жобаларына сәйкес несие берілетін болады. Бұл несие қорының ауыл адамдары үшін тиімді де табыс көзі болатыны анық.

Сонымен, несие арқылы фермерлер 5 жылға дейін несие ала отырып, мал, егін шаруашылықтарын, бау-бақша өнімдерін өсіре алады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге де мүмкіндік кеңейе түседі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өздерінің айналмалы қорын толықтырып, негізгі қорларын жинақтайды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button