Ауыл

Теннис корты мен стадион ашылды

Шұбарқұдықта халықаралық стандартқа сай салынған теннис корты мен  футбол алаңы ашылды.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Премьер-Министр Кеңсесінің бас инспекторы Бекболат Алмадиев, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Қанатбай Елеусізұлы және облыстық спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов қатысты.

Теннис кортының ашылуында сөз алған аудан әкімі Бауыржан Қаниев

Елбасы Жолдауындағы қазақстандықтардың отыз пайызы  бұқаралық спортқа  тартылуы тиістігі туралы тұжырымды қайталай келе, осы міндет аясында екі спорттық  жаңа нысан ашылғалы тұрғандығын мәлімдеді.

Салтанатты сәтте жап-жасыл болып жасанды  төсеніш төселген теннис алаңында  «Қара жорға» биі биленді.

«Қызылжар» шағын ауданындағы  жаңадан салынған жасанды алаңы бар стадионның ашылуы осы шараға жалғасты. Мұндай стадион облыстағы аудандарда әзірге салынған жоқ.

Жаңа стадионның ашылу құрметіне  ауданның «Қопа» және «Шұбарқұдық» футбол командалары  жасыл алаңда жолдастық кездесу өткізді.

Меңдіхан Әділханұлы,

Мәди Кемешов.

Темір ауданы.

Енді бізде мал соятын орын бар

Кеңестік дәуірде Ырғыз ауданында мал соятын үлкен ет комбинаты болғаны белгілі. Кейін еліміз тәуелсіздігін алған жылдары нарық қыспақтан алған уақытта аталған ет комбинаты жабылып қалған еді. Бұрынғыдай өріске сыймайтын төрт түлігіміз болмаса да, ауданымыздағы бірқатар іргелі шаруашылықтар мен жекелеген қожалықтар мал басын өсіруде. Осындай жағдайлар ескеріліп, ауданымызда жәрмеңке өтетін күні жаңа мал соятын пункт салтанатты түрде ашылды.

Ырғыз селолық округінен ашылған «АгроОдақ-Ырғыз» ауылдық тұтыну кооперативі мал пунктін ашу мақсатында өткен жылы «Агрокредиттік корпорациясы» АҚ арқылы несие алып, бұрынғы ет комбинатын шағындап қайта жасақтау жұмыстарын жүргізді. Бұл жөнінде осы істің басы-қасында жетекшілік жасап жүрген «Наурыз-СИМ» ЖШС-ның директоры Ибрагим Сәрсенбаев:

— Әрине, бұл нысанды ашуда біраз қаражат жұмсалды. «Агрокредиттік корпорациясы» АҚ арқылы алынған 12 млн. теңге несиенің түгелге жуығы мал соятын пункттің қажетті құрал-жабдықтарын алуға кетті. Бұрынғы ет комбинатының бір жақ қапталын жөндеуден өткізіп, қалыпқа келтірдік. Ал жаңа аппараттарды Алматы қаласынан арнайы мамандар келіп, өздері қосып берген болатын. Енді мұздатқыштың іске қосылуын күтіп отырған жайымыз бар, — деді.

Оның айтуына қарағанда, аталған пункт тек қана шаруашылық құрылымдардың ғана емес, жекелеген азаматтардың да ірілі-ұсақты малдарын сойып бере алады екен. Қажет болса, сондағы мамандар алып барған ақ адал малыңыздың салмағын өлшеп, пайыздық ақысын ғана алып, қалған ақшаңызды қолыңызға санап береді. Яғни саудалайтын малыңызды сойып, оны базарға апарып сатып әуре болмасаңыз да болады…

Жаңа нысанның лентасын аудан әкімінің орынбасары К.Қосаяқов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Сарин қиып, жылы лебіздерін білдірді. Ауыл тұрғындары ғимарат ішіне еніп, мал соятын жаңа технологиялармен танысты.

Д.МЕКТЕПБАЙ,

Ырғыз ауданы.

Кеншілер көш бастады

Ақтөбе ферроқорытпа зауытында «Алтын күз» атты шара аясында    әйелдер арасында волейболдан турнир өткізілді. Оған Дөң кен байыту комбинатының, Хромтау қаласының, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының, Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің командалары қатысты.

Турнирдің ашылу рәсімінде Металлургтер мәдениет үйінің тәрбиеленушісі Михаил Герасимчук «Капитан» әнін шырқап, «Әлия гүлі» ансамблінің бишілері «Қара  жорға» биімен  спортшыларды  рухтандыра түсті.

Жақсы ойын көрсетіп, қарсыластарын қапы қалдырған Дөң кен байыту комбинатының командасы бірінші орынды иеленіп, кубокты қанжығасына байлады. Екінші орынды Хромтау қаласының командасы, үшінші орынды Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ойыншылары иеленді.

Жеңімпаздар мен үздік ойыншыларды зауыт директоры Мұрат Мұқашев  құттықтап, кубок пен ақшалай сыйлықтарды табыс етті. Дәстүрлі турнир желтоқсан айында жалғасады.

Ұлтуар Асанова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button