Әлеумет

«Жазылушылар күні» шақырады

Алдағы сәрсенбіде, яғни 3 қараша күні сағат жергілікті уақытпен 10.00-ден бастап Әбілқайыр хан даңғылы, 62-үйде орналасқан «Қазпошта» облыстық ғимараты үйінде «Жазылушылар» күні өткізіледі. Бұл күні мұнда баспасөзге алдағы жылға жазылу шаралары ұйымдастырылады.

«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС құрамындағы облыстық «Ақтөбе» газеті тарапынан да осы шара барысында марапаттау рәсімдері жүргізілмекші. Мәселен, газетке биылғы ең алғашқы жазылушыларға, ең байырғы және жас жазылушыларға арнайы сыйлықтар дайындалды. Сондай-ақ басқа да номинациялар бойынша ынталандыру жүлделері белгіленіп отыр.

«Жазылушылар күні» барысында жұртшылық арасында ұтыс ойындары өткізіледі. Оның да жүлдегерлері үйлеріне олжалы оралатыны анық.

Сонымен, сәрсенбінің сәтіне «Қазпоштадан» табылыңыз, сізді «Ақтөбе» газетіне жазылумен бірге басқа да көп қызықтар күтіп тұр.

***

Сенімді сырласымдай болған газет

Мен — «Ақтөбенің» ізашары «Коммунизм жолы» газетімен көп жыл серік болған адаммын. Нақтырақ айтсам, осы облыстық басылымның қырық жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Мені газетпен жақындастырған тағы бір жайт, газеттің штаттан тыс тілшісі де болғандығым.

Сонау жетпісінші жылдардың басында Ақтөбе қаласындағы №100 геологтар даярлайтын кәсіптік-техникалық училищеде ұстаздық етіп жүргенімде оқу орнындағы жақсы жаңалықтарды, әртүрлі шараларды хабар етіп жазып, газетке әкелетінмін. Бірте-бірте проблемалық мақалалар да жазатын болдым. Осы мақаламды жазар алдында ескі тігінділерді тағы да бір рет қайтара ақтарып шыққанмын. Сонда 1981 жылғы 21 тамыздағы «Училищелер нарықтық қатынаста», 1988 жылғы 23 желтоқсандағы «Демократияны үйренеміз», 1991 жылғы «Қазақшаны қашан үйренеді?», сол жылғы 22 қазандағы «Қалауын тапса қар жанар» деген мақалаларым көзіме жылы ұшырады.

Беріректе облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасында аға инспектор болып қызмет атқарған тұсымда газетпен байланысым тіпті жақындай түсті. Кейде газет қызметкерлерінің арнайы тапсырмасымен де қолыма қалам алатынмын. Кейде журналистермен рейдтерге бірге шығатынбыз. Сол тұстарда баспасөздің қоғамдық қозғаушылық рөлін жете ұғына түстім.

Қазірде де «Ақтөбенің» тұрақты оқырманымын. Газеттің ең алдымен тақырып ауқымының кеңдігі қызықтырады. Күнделікті өмірдің жаңалықтарынан бастап, жаңа заманның өзгерістеріне дейінгі ауқымдағы танымдық-ақпараттық дүниелер оқырманын тартады деп ойлаймын.

Өз басым сол материалдарды оқумен бірге бұрыннан қалыптасып қалған әдетпен кәсіптік білім беру саласының ахуалын білдіретін проблемалық, талдамалы ыңғайдағы мақалаларды іздеп отырамын. Өкінішке қарай, біздің тілшілеріміз әзірге бұл бағытта белсенділік танытпайтын сияқты. Сондай-ақ оқырмандар арасынан штаттан тыс тілшілерді көбірек тартсаңыздар деген ұсынысым бар. Алдағы жылдың басылымына жазылумен бірге, өзім де араға біраз жылдар салып, қайтадан газетке қатысып тұрсам деген ойым бар.

Қырық бес жыл ұстаздық етіп, соңғы қырық жылда облыстық газеттің оқырманы әрі жанашыры болған мен үшін «Ақтөбе» жаңалық жаршысы әрі ескіден келе жатқан сенімді сырласымдай көрінеді.

Ландыш ЖАҒЫПАРОВ,

зейнеткер, кәсіптік білім беру

қызметінің ардагері.

Ақтөбе қаласы.

***

Оқырман

Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл қызмет еткен Әбуғали Жалдыбаев қазір қадірлі қарттық ауылына еркін енген ақсақал. Ол – «Ақтөбе» газетінің көп жылдардан бергі тұрақты оқырманы.

Кеше редакцияға келген ол келесі жылға өзінің сүйікті басылымына жазылғандығын айтып, аға буын өкілдерінің көпшілігіне тән ұқыптылықпен төс қалтасынан алып жазылу түбіртегін көрсетті.

— Мен Абай даңғылында тұрамын, сондықтан да кешкі уақыттарда «Қан мен тер» романы кейіпкерлері бейнеленген ескерткіш жанына бір топ қарттар жиналып қаламыз, — деп ол әңгімесін өрістетті, — сондайда мен «Ақтөбе» газетінде жарияланған материалдар туралы әңгімелеймін.

Ақсақалдың айтуынша, оның замандастары арасында газет оқырмандары да, сондай-ақ телехабарларымен шектелетіндер де бар екен. Сонымен бірге атыс-шабыс, ұрыс-керіс, келеңсіз жағдайларды ғана жазатын кейбір бейәдеп басылымдарды серік қылғандар да осы топтан табылатын көрінеді.

— Олармен менің жұлдызым қарсы, — дейді Әбекең, — себебі, жамандықты іздеген адамнан не күтуге болады? Біздің халқымыздың өзі әуелден ізгілікке, жақсы ниетке ұмтылған емес пе?

Оқырманымыздың ойларын білгіміз келіп, соңғы кездері газетте жарияланған қандай мақалалар көңілінен шыққанын сұрадық. Ол кісі де кідірмеді, «Ұялы телефондағы ұятсыздықтар», «Келінім төбемді тесіп жібере жаздайды», «Көршіңмен қалайсың?», міне, осындай тақырыптағы материалдар» деп шұбырта жөнелді.

Әбуғали аға өзі туып-өскен Ырғыз өңіріне қатысты қандай да бір жаңалықтарды қағыс қалдырмайтынын қадап айтты. Жақында сол ауданның биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен  республика бойынша бірінші орынға шыққанын «Ақтөбе» газетінен оқып, аудан әкімі Мейірхан Дуанбековке телефон шалып құттықтапты.

Ал «Ақтөбе» газеті – Ырғыз ауданында» деп аталған айқара бетті қызыға оқып шыққан. «Біртүрлі елге барып қайтқандай сезімде болдым», — дейді ол.

— Газеттің соңғы бетіне ерекше назар аударамын, — дейді ақсақал, — өйткені мұнда құттықтаулар мен көңіл айтулар беріледі. Егер таныс адамдарым кездесіп қалса, қуанышын бөліскім келеді, қиын жағдайларда көңіл айтамын. Бұл да адами қатынастар үшін қажет нәрсе.

Өмір тәжірибесі мол бұл кісіні ұлт болашағы, кейбір жастарымыздың көшеде көрсететін келеңсіз құбылыстары қынжылтады. «Балғындарымыз ибалы болып өссе екен, қыздарымыз шаштарын жөнді-жөнсіз бояп, құбылмаса екен», — деп ой түйеді ол. Осы мәселелердің баспасөзде байыпты түрде қозғалып отыруын қалайтынын да бір ұсыныс ретінде білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

***

Танымдық дүниелер қызықтырады

Өткен ғасырдың басында ғұмыр кешіп, отызыншы жылдардың қуғын-сүргінінде жалаға ұшыраған ақын Әкімәлі Қаржауовтың дүниеге келгеніне 125 жыл толуына байланысты жақында Хромтау аудандық тарихи-өлкетану мұражайында жақсы бір танымдық шара өткізілді. Сол жиында мұражай директоры Нұргүл Аманғалиева ақынның өлеңдері сол отызыншы жылдарға дейін «Кедей» газетінде жарияланып тұрғанын айтты.

Ал оның есімі көпшілік жадынан ұмытылып, өлеңдері тасада қала бастаған тұста, яғни 1965 жылдар шамасында облыстық «Коммунизм жолы» газеті тағы да үн көтеріп, Әкімәлінің атын қайтадан жарқ еткізді. Бұл жолы оның шығармашылығы туралы көлемді зерттеу жарияланды. Содан бергі уақытта облыстық газет осы бағытынан таймай бірнеше рет топтамалар ұйымдастырды. Сөйтіп, 1991 жылы Хромтау өңірінде Әкімәлі Қаржауұлына арнап тағылымы мол шара ұйымдастырылды.

Міне, бұл біздің сүйікті газетіміздің бір ғана жұмысының жемісі. Мен біраз жыл ауданда мәдениет саласында қызмет еткенде де «Ақтөбенің» әр санын асыға күтетінмін. Өйткені одан күнделікті жұмысыңа қажетті бағдар да алып отырасың, қажетті деректеріңді табасың.

Соңғы уақыттары өзім де бірқатар тарихи тұлғаларды зерттеп, оның нәтижелерін қағазға түсірген соң көпшілік назарына осы басылым арқылы ұсындым. Бір қуаныштысы, жұртшылық тарапынан жазған дүниеме қатысты жылы лебіздер естідім, бұның өзі менің қаламымды ұштап, одан әрі шығармашылықпен еңбек етуіме ынталандырды.

«Ақтөбе» газеті еліміз тәуелсіздік алған кездер аумағында ғана тарихымыздың түгенделіп, көптеген ел бастаған, билік құрған дара тұлғаларымыздың өз дәрежесінде танылуына айтарлықтай үлесін қосты.

Мен қазіргі уақытта жұмыс бабымен іссапарларда жиі боламын. Сонда «Ақтөбе» газетінің оқырмандар арасындағы ықпалын сезініп жүремін. Өзімнің де осы басылымның бір авторы екендігім сондайда көңілге мақтаныш сезімін тудырады.

Баянғали ҚҰЛТАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button