Әлеумет

Бұқара

Дат

Өзгерістің өкініші

Кешегі кеңестік дәуірде қазақтың көптеген жер-су, елді мекендерінің аттары өзгертіліп, ресейлік атаулармен ауыстырылды. Енді жер-су атаулары қайта жаңғыртуды қажет етеді. Бұл үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасағанымыз жөн.

Солақай саясаттың салқыны Хромтау ауданының Оңғар әкімшілігіне қарасты елді мекендерге де тиді. Қазақ ауылдары Сусановка, Тарновск, Бубернецкий, Буденный болып өзгертіліп, өз атауларын жоғалтты. Егемендік алып, ес жиған соң бұл өңірлер толықтай қазақша атауға көшті. Алайда елді мекендерге ат беріп, айдар таққан тұста кейбір шикіліктер де орын алды. Мәселен, бұрынғы Сусановка елді мекенінің аты кейін Оңғар атауымен ауыстырылды. Ал Оңғар кім? Тарих беттерін парақтағанда ұққанымыз, осы маңайда 1930 жылдары геологиялық экспедицияның құрамында Оңғар есімді геолог болған екен. Ал бұл факт ауыл атын бере салуға жеткілікті ме? Жоқ. Сондықтан Оңғар ауылының атын Сынасап ауылы деп өзгертсек лайықты болар еді.

Сынасап — екі рет Қыдыр көрген әулие адам. 1930 жылдары қазіргі Қарғалы ауданының Әлімбетов әкімшілігіне қарасты Қызылсай аумағында Сынасап атындағы ауыл болған. Алайда Сынасап дін жолындағы адам болғандықтан, ауыл атауы өзгертіліпті. Әулие ұрпағы қуғын-сүргін тұсында Хромтау ауданы маңын мекен еткен. Сынасаптың төрт ұрпағы Өтебас, Тоғанас, Тұғыр, Қаржауғаннан тараған Тәжібай, Нұрым, Жақсыбай, Жұматай, Есжан балалары Оңғар елді мекенінде қоныстанып, осы аймақтағы кеңшарларда өмір кешкен.

2008 жылы Үкіметтің қаулысымен елді мекендердің атын өзгерту мәселесі уақытша тоқтатылған еді. Келешекте ономастикалық комиссия көпшіліктің пікіріне жүгініп, Оңғар ауылының атын Сынасап ауылы деп өзгертсе деген ұсыныс білдіреміз. Жалпы, атауларды өзгерту қайтадан өкінішке соқтырмағаны мақұл ғой.

Қуаныш ӨМІРЗАҚҰЛЫ,

Хромтау қаласының құрметті азаматы.

Достық

Мейірімді Мелиса

АҚШ азаматшасы Мелиса Табик Хромтау ауданындағы №5 мектеп-гимназиясына қызметке «Бейбітшілік Корпусының» келісімімен келген болатын. Қазақ баласына ағылшын тілін үйретуді мақсат еткен Мелиса екі жыл ішінде елімізді жатсынбай, тез бауыр басып кетті.

Мелиса Табик АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы мұғалімдер колледжін тәмамдаған. Сол жақта өндірістік тәжірибеден өткен жас маман ең алғашқы еңбек жолын біздің мектептен бастапты.

Қазаққа тән бауырмашылдық қасиет Мелисаның бойында да бар. Ол қызметке келген сәттен бастап оқушылармен тез тіл табысып, әріптестері арасында құрметке ие болды. Тілімізді үйренді, салт-дәстүрімізді де жатсынбады. Үш ай тіл үйрену курсынан өткен Мелиса мектеп ішінде ұйымдастырылған шараларға қатысып, қазақ тілін меңгеріп алуға қатты ықыластанды. Қолы қалт еткенде қазақ халқының тарихын оқып, салт-дәстүрлері жайында мәліметтер жинады. Мектепте ұйымдастырылған Тіл айлығында сахналық көріністе Қазыбек биді сомдаса, Халықаралық әйелдер күні мерекесінде «Анашым» әнін айтып, «Қамажайды» билеп көрермендерді риза етті. Наурызда ұлттық киім киіп, көже пісіруді үйренді.

Мелиса оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де біліктілігінің артуына көп жәрдем етті. Оқытудың ақпараттық-коммуникациялық  технологиясын жетік меңгерген маман сабақ барысында мұғалімдердің де үйренуіне ықпал жасады. Корпус орталығынан тікелей әдістемелік кітаптар алдырып, кітапханаға ағылшын тілі кітапшаларын сыйға тарту етті. Оқушыларға Америка елінің салт-дәстүрлерін әңгімелеп, ұлттық ерекшеліктерін де көрсетті. Ағылшын тілі пәнінен «English club»  үйірмесін ашып, Америка халқының тарихы, атақты жазушылары, атаулы мерекелері  жайында мағлұматтар айтып, әртүрлі ойындар арқылы тілді еркін сөйлеуге үйретті. Ай сайын шет тілі пәнінен аудан мұғалімдері арасында түрлі тақырыптарда семинар, дөңгелек үстел, кештер ұйымдастырып өткізді. Мелисаның тіл үйрету нәтижесінде жоғарғы сынып оқушылары – АҚШ мектебінің оқушыларымен хат алысып, хабарласып тұруға мүмкіндік алды. Бүгінгі күні бірнеше оқушымыз мұхиттың ар жағындағы елден хат алып, тұрақты байланыс жасап тұрады. Мұның өзі оқушылардың шетел тіліне  танымдық-қызығушылық қабілетін арттырып отыр.

Мелиса ауданымызда екі жыл жұмыс жасау кезінде өзіне ерекше жағдайды немесе артық жеңілдікті сұраған емес. Мектеп-гимназияның 40 мұғалімінің бірі болып, кірігіп жұмыс жасап кетті. Ол өз ісіне тиянақты әрі жауапкершілікпен қарайды.

Оқушылардың шетел тілін меңгеруіне атсалысқан Мелиса енді өз елі АҚШ-қа оралмақшы. Мектебімізде ынтымақтастықпен жұмыс жасап, қазақ жерін жатсынбаған Мелисаға біз шексіз ризашылығымызды білдіре отырып, оған естелік ретінде домбыра мен қазақтың ұлттық киімін сыйға тарту еттік.

Г. БАЖАҚАНОВА,

№5 мектеп-гимназия директоры.

Хромтау қаласы.

  • Бәрекелді!

«Жигулидің» кілті

«Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты марафон-эстафетасы жастарымыздың болашағына жарқын жол ашты. Акция аясында жаз бойы жұмыс жасаған жастардың еңбегі елеусіз қалмады. Балам Елбасы қолынан автокөлік кілтін алғанда шексіз қуанышқа бөлендік.

Біз қалаға 2000 жылы Темір ауданы Сарыкөл ауылынан көшіп келдік. Отбасымыздың тірегі, бәріміз арқа сүйейтін қамқоршымыз,  жолдасым Өтеген  Құлтанов 2006 жылы аяқасты жоғары биіктіктен құлап, ІІ топтағы мүгедек атанды. Адам баласы маңдайға жазғанынан қашып құтыла алмайды ғой. Біздің отбасындағы ендігі сенеріміз — балаларымыз. Балаларым Темірбек пен Ақылбек — Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің студенттері.

Облыста өткен «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты марафон-эстафетасына менің балаларым да қатысты. Туған елдің гүлденуіне өз үлестерін қосқан жастардың еңбегі елімізде жоғары бағаланды. Жақында Елбасымыз Ақтөбеге арнайы іссапармен келгенде жастар еңбегін бағалап, біріне компьютер, біріне Елордаға тегін жолдама, енді біріне автокөлік кілтін табыс етті. Ал менің балам ел ағасының қолынан темір тұлпардың кілтін алды.

Біз, отбасымыз атынан, Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің ұжымына, ұстаздар қауымына баламның қоғамдық жұмыстағы белсенділігін, оқу үлгерімін, еңбегін бағалап, жағдайымызды ескеріп, сыйлыққа ұсынғандары үшін ата-аналық алғысымызды білдіреміз. Келешекте елімізде жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа баулитын осындай игі бастамалар жалғасын таба берсін демекпіз!

Өтеген ҚҰЛТАНОВ отбасы,

Ақтөбе қаласы.

  • Реніш

Нан қадірін біл, балам!

Дүние жүзі халықтары нанды қадірлейді, нан құдіретіне бас иеді. Біздің халқымызда да нанға қатысты қанатты сөздер, мақал-мәтелдер көп. Соның бірі — «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен». Бұл тұтас алтыннан тұратын таудың қасында отырып, бір үзім наның болмаса аштан өлесің деген сөз. Нанның киесі мен құдіретіне сенгендігіміз сондай, жазықсыз жалалы болған  жағдайда да «ас атасын» ұстап ант береміз.

Құрметті оқырман! Нанның ас атасы екендігін сіз де білесіз, мен де білемін. Біз емес, мектеп жасына келген бала да біледі. Біле тұра, нанды құрметтеуге келгенде немқұрайдылығымыз басым. Нанның аяқасты болып жатқанын көргенде төбе құйқаң шымырлайды, «Иә, Алла тағала, өзің кешір!» деп іштен күбірлейміз. Біз нанды, тағамды көп ысырап етеміз. Мысалы, бақилық болған адамның жаназасында әйелдер бір қапшық ұнды тұтас ашытады да, бауырсақ жасауға кіріседі. Бір қапшық  ұннан үш қапшық бауырсақ пісіріледі. Ертең де сол, арғы күні де сол. Бір қап ұн 50 килограмм десек, садақада  50 түйір бауырсақ желінеді, я желінбейді. Екі-үш күннен соң әлгі қатқан бауырсақтар жуындымен орға немесе күлге төгіліп жатады. Міне, ысырап қайда жатыр?!

Жаназа демекші, «Жарлы байға, бай Құдайға жетем» деген заманда өліктің дастарқаны тіпті ерсі болып кетті.  Жаназа той емес, сондықтан садақаға жайылар дастарқанның қарапайым болуы шарт еді. Бірақ қазір бәрі керісінше. Жаназаның қонақасы деп аталатын бірінші күні шай беріледі, дастарқанда қазы-қарта, апельсин мен мандарин, жүзім мен құрма толып тұрады. Осы салқын тамаққа тойып алғандар тартылған  бір табақ еттен ауыз тиеді де қояды. Тағы да жуынды, тағы да ысырап. Бүгінгілер осылай «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашадының» кебін киіп жүр.

Бір үзім нанның қадірін 90-нан асқан қарттар ғана біледі. Себебі олар өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы зұлматтардың, ашаршылықтың дәмін татты. Аштықтан әбден қалжырағанда адам есінен алжасып, өзінің баласына тап берген кездер болған. «Аштан өлуге келген бір байғұс ерттеулі аттың қанжығасындағы қайысты мүжіп жатыр екен», — дейді бір қария. Кейбіреулер тышқан аулап тірі қалғандарын осы күні де жасырмай айтады. Ал біздер мұндай қиындықты көргеніміз жоқ. Тарихтың тарғыл беттерін кітаптан оқып, бүкіл болмысымызбен түсініп, сол кезде өмір сүргендей әсер аламыз. Ал қазіргі жастар кітап та оқымайды, сондықтан оларға түсіндірудің өзі қиын. Жастарға нанның обал-сауабы мен киесін түсіндіріп, сол арқылы оларды имандылыққа баулу үшін парасатты ақыл-кеңес керек. Ал оны айтатын мына сіз бен біз. Бұл тұрғыда көпті көрген ақсақалдар жастарға ақыл-кеңесін беріп, үлгі-өнеге көрсетсе дейміз. «Қырық жыл байлық, қырық жыл жарлылық жоқ» дейді қазақ мақалы. Сондықтан  астамшылықтан аулақ болайық, ағайын.

Сағитжан АЙДАРАЛИН,

ардагер-ұстаз.

Есет ауылы,

Шалқар ауданы.

  • Шарапат

Қорқып барып, қуанып қайттым

Қазақ «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» дейді. Шынында да, адам дені сау кезінде күнделікті тіршіліктен басқа ешнәрсе ойламайды ғой.

Мен де осыдан екі жыл бұрын алаңсыз жүргенімде дәрігерге қаралуға мәжбүр болдым. Ақтөбедегі урологқа көрінгенімде, ол тексеруден өткізіп, «қуықта тас бар сияқты, дәрі жазып берейін, бірақ ота жасатпаса болмайды» деді. Дәрі сырқатты уақытша басқанымен, кейін тағы мазам кете бастады.

Сонымен, өткен жылдың желтоқсан айында облыстағы бас уролог – медицина ғылымдарының докторы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің урология және жедел нефрология кафдерасының меңгерушісі Олег Құрманғалиевқа бардым. Сөйтіп, облыстық аурухананың урология бөліміне түстім. Мұнда қуыққа ғана емес, бүйрекке де күрделі ота жасайды екен. Менің байқағаным, мұндағы дәрігерлер өз мамандықтарын жетік меңгерген және бөлімдегі техникалар мен аппараттар ғылымның соңғы жетістіктерінің жемісі сияқты. Күніне кемінде екі-үш адамға ота жасайды екен. Тіпті, қатты сырқаттанып келгенімен, дәрігерлердің емі арқасында пышаққа түспей-ақ, сауалып кеткендер де жеткілікті.

Ауруханаға түскеннен кейін тоғызыншы күн дегенде маған да ота жасады. Алдында Олег Маратұлы «сізге жеңіл ота жасаймыз» деген. Бірақ шаруа барысында оның реті келмейтіндігі байқалды. Тәжірибелі оташы алдымда тұрған соң, оған сенгендіктен күрделі отаға келісім бердім. Шамалы уақыттан кейін Олег ініміз қысқашпен көлемі ілгектей бір тасты алып шығып, көрсеткенде өзім де таң қалдым. Таспен бірге пайда болған без бар екен, оны да сылып тастады.

Ота жасаған Олег Маратұлына, емдеуші дәрігер Дина Шагуманқызына, басқа да қызмет көрсеткен қыздарыма мейлінше ризамын. Олар емімен ғана емес, сондай-ақ жылы сөздерімен де жанымызды жадыратты.

Көбжан ЖАЛДЫБАЕВ,

Алға қаласы.

  • Құрмет

Көше — көңіл ілтипаты

Қарапайым кәсібімен-ақ көптің ықыласына бөленген азаматтар Ырғыз топырағында аз болмаған. Тек Ырғыздың ғана емес, Ақтөбе өңіріндегі құрылыс саласының абыройын көтерген Бақберген Садықовтың есімі қандай құрметке де болса лайық. Құрылысшы мамандығы бойынша облысымызда республиканың Мемлекеттік сыйлығына ие болған бірегей жан – осы кісі.

Биік адамгершілігімен, өзіне жүктелген кәсібіне деген адалдығымен танымал болған Бақберген аға көзі тірі болғанда биыл 80 жастың сеңгіріне шығар еді. Осыдан он жыл бұрын өмірден өткен азамат есімін жерлестері әрдайым ілтипатпен еске алады.

Жақында Ырғыздағы Ұ.Құлымбетов атындағы көшемен қиылысатын, әлі атау алып үлгермеген жаңа көшеге Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бақберген Садықовтың есімі берілді. Тұлғаға көше беру рәсімінде ауыл тұрғындарының қатысуымен мерекелік жиын өтті. Жаңа көшенің басталар тұсына орнатылған көше атауы мен Бақберген Садықов суреті бейнеленген ескерткіш-тақтаның жамылғысы салтанатты жағдайда ашылды. Мерекелік жиында ауыл ақсақалдары, басшы мамандар Б.Садықовтың өмір жолына тоқталып, ел жадында жүрер естеліктер айтты. Жасөспірімдер арасында қазақша күрестен сайыс ұйымдастырылды. Бақберген ағаның баласы, Ырғыз өңіріне белгілі кәсіпкер Нақыпбай Садықовтың демеушілігімен өткен жас палуандар бәсекесінде жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.

Сол күні ел есінде жүрген тұлғаның рухына ас берілді. Журналист Рахымжан Өтемістің құрастыруымен жарық көрген Бақберген Садықов туралы «Құрыш білек жан» атты жинақ таныстырылды. Өңірге танымал өнегелі азамат Бақберген Садықовтың есімін еске алған жерлестері оған осылай лайықты құрмет көрсетті.

Марат МЫРЗАЛЫ.

Ырғыз ауданы.

  • Жастар

«Дипломмен ауылға» бізді табыстырды

Қопасор елді мекеніндегі Қызылту негізгі мектебінде қазіргі таңда 31 оқушы бар. Бала санының жыл санап азайып бара жатқандығы ауылдықтарды алаңдатып отыр. Бірақ келешектен үміт мол. Жас мамандарды ауылға жұмысқа тарту бағытында ұйымдастырылған «Дипломмен — ауылға» жобасы бойынша Қопасор елді мекеніне де жастар келуде. Жастар бар жерде ауыл болашағының берік болатыны сөзсіз.

Өткен оқу жылында аталмыш жоба аясында Қызылту негізгі мектебіне жұмысқа орналасқан жас ұстаздар — Асылбек Тілеужанов пен Гүлзира Утекулова. Екеуі де Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын 2009 жылы тәмамдаған. Гүлзира ағылшын тілі, ал Асылбек тарих пәнінің мұғалімдері.

— Гүлзира Шалқардағы №3, ал мен №1 орта мектептің түлегімін. Бір-бірімізді Шалқарда да, Ақтөбедегі бір институтта оқып жүріп те көрмеппіз. «Дипломмен — ауылға» жобасы аясында осы ауылға жұмысқа орналасуға келгенде таныстық. Таныстығымыздың арты үлкен махаббатқа ұласып, осы жылы жазда отбасын құрдық.  Алғашқы еңбек жолымызды ауылдан бастап жатқанымызға қуаныштымыз. Бұл мектепке біз секілді жастар биылғы оқу жылында да келді.  Ауылға қызметке келген жастарды қолдау үшін Үкіметтен берілетін бір жолғы  көтерме ақыны алдық. Қазір емін-еркін жұмысымызды жасап жатырмыз. Жас маман ретінде айтарымыз, ауыл балаларының қатысуымен түрлі мәдени шараларды жиі өткізу қажет. Мәселен, ауыл арасында спорттық шараларды көптеп өткізу қолға алынса, — дейді Асылбек.

Асылбек алдына зор мақсат қойған белсенді жігіт, мектептің қоғамдық жұмыстарына да ерекше атсалысады. Жұмыс істегеніне аз ғана уақыт болған ол Қызылту негізгі мектебінде бірқатар игі шаралардың бастамашысы болыпты. Шағын ауылдағы оқушылардың саналы түрде білімге деген қызығушылығын ояту үшін түрлі сайыстар өткізіп, өз атынан ауыспалы кубоктар ұйымдастырған. Мектепте өтетін «Жыл оқушысы» деген сайыстың өмірге келуіне де Асылбектің ықпалы зор.

Біз үлкен өмірге қадам басқан жас мамандарға тек қана сәттілік тілейміз.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

  • Кездесу

Екі курсанттың ұстазы

«Ерлік — елдің қасиеті, жүректілік — жігіттің қасиеті» ұстанымын ұран еткен алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Ізбасқан Таев бүгінде әріптестері арасында үлкен беделге ие.

Елді сүю — қасиетті сезім. Бұл сезім ер азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуімен өлшенеді. Жақында Ембі қаласы  №2 орта мектебінің 10-11 сынып оқушыларымен кездесуге келген әскери мамандар осындай ой-пікірлер айтты. Кездесуге келген Мұғалжар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы подполковник Б.Сабетов, келісім-шарт бойынша жинау және шақыру бөлімшесінің бастығы, прапорщик Д.Әлжанов және көмекші қызметкер А.Елеуқызы оқушыларға әскери жоғары оқу орындары туралы мәліметтер айта отырып, осы мамандықты  таңдауға ұсыныс білдірді. Олар мектептің ішкі өмірімен таныса келе, қос шәкірті әскери салада оқитын Ізбасқан Таевқа ризашылықтарын білдірді.

Ізбасқан ағайдың шәкірттері Еркебұлан Өксікбаев қазіргі Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусының курсанты болса, Әмір Азат Ақтау әскери теңіз институтының 1-курс студенті атанды. Мектебімізде қызмет ететін ұстаздың қос шәкірті келешекте әскери салада қызмет етіп,  ел мерейін асқақтатса, бұл біз үшін мақтаныш болмақ.

Г.БҮРКІТОВА,

Мұғалжар ауданы.

  • Мәселе

Салт-дәстүрің қандай, сериал?

Ұлттық телеарналардан кино көрген сайын өзімнің қазақ екенімді ұмытамын. Әсірелеп отырғаным жоқ, түрік пен шетелдің салт-дәстүрін насихаттайтын сансыз телесериалдардан шаршағандығымнан қолыма қалам алдым.

Көгілдір экраннан қазақ тілінде халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін көрсететін фильмдер күткенімізге жиырма жылға жуықтады. Қазақтың қазақтығын насихаттайтын кино әлі «дүниеге келген» жоқ. Керісінше, телеарнамыз күн санап түрік, кәріс,  т.б. шетел сериалдарымен толығып жатыр.

Батыстық үлгідегі киноларды көрген сайын, еліміздің қазақ тарихы желісімен кино түсіруге мүмкіндігі жоқ па, әлде кәсіби режиссерлер табылмай жүр ме деп қынжыламын.

Ал соңғы үлгіде түсірілген қазақ тіліндегі кинолардың саны болғанымен, сапасы қазақтығымызды дәлелдей алмай әлек. Оның үстіне, жаңа кинолар артта қалған ауылды, жүдеп-жадаған халықты көрсетуге құмар.

Кино — ел қазынасы, ұлттың келбеті. Сондықтан балаларымыз жасынан қазақ тілін, тарихын, дәстүрі мен мәдениетін ұғынсын десек, онда теледидардан берілетін кинолар санын реттеуіміз қажет. Ол үшін қандай әрекет жасауға болады? Бұл орайда көпшілік ортаға ой салғаны жөн. Меніңше, мысалы, қос ішекті домбыраның құдіретімен шертілетін күй қасиетін көрермен жүрегіне кино арқылы жеткізуге болады. Күйді домбырамен төгілтіп ойнап, оның мағынасын көрермендерге фильм арқылы жеткізсек тамаша емес пе? Әрі кино өз жұртының қымбат қазынасын көпшілікке жария ете алса, мәңгілік бола алады.

Құрметті оқырман, ұлт үшін жалған кеуде керіп, құр мақтанатын кез өтіп барады. Қазақ екенімізді, жер бетінде қазақтай дархан ел бар екендігін өзгеге өзіміз танытуымыз керек. Өнер адамдарына, оның ішінде режиссерлерге, көп болып қолдау танытпасақ ертең кеш болады, кеш!

Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

Оқырман хаттарын топтастырған: Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara07@maiI.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button