Әлеумет

Толыққанды тоғыз ай

Статистика

2010 жылдың   қаңтар- қыркүйегіне  Ақтөбе облысының

әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындылары

Облыстың дамуы қай деңгейде?

Мұны әртүрлі макроэкономикалық  көрсеткіштерді талдау арқылы түсіндіруге болады.

Статистика департаментінің мәліметтеріне сүйенсек,  біздің облысымыз   әлеуметтік және экономикалық даму көрсеткіштері бойынша үстіміздегі жылдың тоғыз айында еліміздің алдыңғы қатарлы өңірлерінің қатарына еніп отыр.

Ақтөбе облысы құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша республикада бірінші орында, негізгі капиталға инвестициялар салу бойынша алтыншы орында, тұрғын үйді іске қосу және өнеркәсіп өнімін өндіру бойынша жетінші орында тұр.

Халықтың тұрмыс деңгейінің оң серпіні сақталуда.

Облыс тұрғындарының нақты қаржылық табыстары, жалақысы, бөлшек сауда айналымының көлемдері өсті. Рас, құнсыздық өсімінің баяу қарқындары  сақталуда.

Өнеркәсіптегі өсімдер

Экономиканың басымды бағыттарының бірі — өнеркәсіп саласы.

Өнеркәсіп өнімі үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйегінде 653,1 млрд.теңгеге жетіп, 2009 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,3 пайызға өсті.

Кен өндіру өнеркәсібі тұрақты жұмыс жүргізуде, ондағы өнеркәсіп өндірісінің индексі 106,7 пайыз құрады.

¨      мұнай өндіру көлемі өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 2,1 пайызға өсіп,  5950,2  мың  тонна  құрады;

¨      мыс рудасы — 47,4 пайыз ( 2348,4  мың тонна);

¨      хром  рудасы — 13 пайыз ( 3766,4  мың тонна);

¨      хром  концентраттары — 2,6 пайыз ( 2487,4  мың тонна).

Өндірістің елеулі өсімі  өңдеу өнеркәсібінде  белгіленіп отыр — 46,1 пайыз.

Одан әрі жалғастырсақ, химия өнеркәсібінде (3,3 есе), тамақ өнімдерінде (1,6 есе), сусындар өндіруде (33,1 есе), машина жасауда (28,2 пайыз), металлургия өнеркәсібінде (11,8 пайыз) елеулі өсім белгіленіп отыр.

Ет, ұн, сүт, өсімдік майы өндірісі, феррохром, хром ангидридін, хром қышқылын, натрий бихроматын  және тағы басқа өнімдерді шығару өсті.

Дегенмен кокс пен өңделген мұнай өнімдерін, резина және пластмасса өнімдерін, дайын металл өнімдері мен жиһаз өндіру көлемдері 2009 жылдың тоғыз айы деңгейіне жете алмады.

Электрмен қамтамасыз ету, газ, бу және ауамен баптау саласында нақты көлем индексі 126,5 пайыз құрады.

Электр энергиясын  шығару  көлемі  23,7 пайызға, жылу энергиясын өндіру 6,9 пайызға өсті.

Мал басы көбейді

Ауыл  шаруашылығы  өнімінің жалпы көлемі шаруашылықтың барлық санаттарында 57,7 млрд.теңге құрады, бұл 2009 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарағанда 8 пайызға аз. Бұл, негізінен, өсімдік шаруашылығы өнімінің 22,5 пайызға төмендеуі есебінен және қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты болып отыр.

Мал шаруашылығында  өндіріс көлемі 4,4 пайызға өсті.

Барлық санаттардағы шаруашылықтарда негізгі өнім түрлерін өндіруді  төмендегі мәліметтер былайша сипаттап отыр:

¨        жалпы тірілей салмағы 69,1 мың тонна немесе өткен
жылдың   тиісті кезеңіне 104,6 пайыз құрайтын өткізілген мал мен құс;

¨        сүттің жалпы сауымы 260,1  мың  тонна  (102,2 пайыз);

¨        144,7 млн.  дана тауық жұмыртқасы алынды (130,7 пайыз).

2010 жылдың  1 қазанына  2009 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда шаруашылықтың барлық санаттарында  ірі мүйізді қара мал басы — 2,9 пайызға, қойлар — 4,2 пайызға, ешкі — 1,6, жылқы — 3,6 пайызға, шошқа — 4,7 пайызға, құс — 1,7 пайызға өсті.

Қанша инвестиция игерілді?

Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 2010 жылдың қаңтар —  қыркүйегінде  238 млрд.теңгені құрады немесе  108 пайыз болды, республика бойынша өңір үлесі 7,6 пайызды құрады.

Негізгі капиталға салынған инвестицияның басымды бөлігі өнеркәсіпте игеріліп отыр, бұл — жалпы инвестиция көлемінің  70 пайызы.

Үстіміздегі жылдың тоғыз айының қорытындылары бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция  көлемі  экономикалық қызметтің барлық түрлерінде белгіленіп отыр.

Ауыл шаруашылығында (2,5 есе), өңдеу өнеркәсібінде (1,6 есе), денсаулық сақтау саласында (1,8 есе), құрылыста (1,8 есе), ақпарат және байланыс саласында (1,6 есе), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында (1,9 есе)  едәуір өсім белгіленіп отыр.

Бюджеттік қаржылар есебінен 35,5 млрд.теңге игерілді, бұл 2009 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарағанда 5,2 пайызға аз. Сондай-ақ 20,3 млрд.теңге көлемінде шетел инвестициялары   игерілді немесе 2009 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарағанда 29,9 пайыз аз.

Инвестицияның басымды бөлігі болып табылатын, бұрынғысынша шаруашылық субъектілерінің жеке қаржылары, ондағы салынған инвестиция көлемі  19,8 пайызға өсті.

Тұрғын үй — 261,3 мың шаршы метр

Құрылыста жоғары қарқын сақталып отыр.

Құрылыс жұмыстарының (қызметінің ) көлемі 88,3 млрд. теңге құрады, бұл 2009 жылдың қаңтар-қыркүйегіне қарағанда 1,8 есе көп.

Жалпы көлемі 261,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, оның ішінде халық  қаражаттары есебінен тұрғызылғаны — 164,2 мың шаршы метр.  Іске қосылған тұрғын үйдің нақты көлем индексі өткен жылдың қаңтар-қыркүйегіне қарағанда 101,1 пайыз құрады.

Төрт амбулаторлы-емханалық мекеме, бір мектеп, бір мектепке  дейінгі мекеме іске қосылды.

Жүк және тасымал

Автомобиль көлігімен 26,5 млн.тонна жүк  және 114,8  мың жолаушылар тасымалданып, осыған сәйкес 120,1 пайыз және 2009 жылдың қаңтар-қыркүйегінің деңгейіне 102,8 пайыз құрады.

Сауда. Баға. Тариф

Бөлшек сауда айналымының көлемі 2010 жылдың  қаңтар-қыркүйегінде 128,6 млн.теңге  құрады, нақты көлем индексі 2009 жылдың тиісті айына қарағанда 115,9 пайыз болды..

Облыстың тұтынушылық нарығында 2010 жылдың қыркүйегінде 2009 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда  құнсыздық деңгейі 5 пайыз (республикалық көрсеткіш — 5,2 пайыз) құрады.

¨      азық –түлік тауарларына бағалар  4,9 пайыз өсті;

¨      азық-түлік емес тауарлар  3,3 пайыз қымбаттады;

¨      ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер өсімі 7 пайыз құрады.

Азық-түлік тауарларыны нарығында баға көкөністерге — 12,3 пайызға, май мен тоңмайға — 9,5 пайызға, ет және ет өнімдеріне — 7,3 пайызға, сүт өнімдеріне — 5,5 пайызға, кондитер өнімдеріне — 5,6 пайызға, қантқа — 7,2 пайызға, жемістерге — 3,7 пайызға, балық және теңіз өнімдеріне 3,5 пайызға өсті.

Ал баға нан және жарма өнімдеріне –1,2 пайызға, ұнға — 7,2 пайызға, жұмыртқаға — 16,2 пайызға, күрішке –13 пайызға төмендеді.

Облыста Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда жоғарғы сұрыпты ұн, күріш, қарақұмық, құмшекер, тұз бағасы біршама төмен.

2010 жылдың қыркүйегінде азық-түлік емес тауарлардың қымбаттауы, негізінен маусымдық киімнің  (3,2 пайыз), аяқ киімнің (3,6 пайыз) жаңарылуына, жуғыш заттарға  (3,6 пайыз), жеке гигиена тауарларына (2,8 пайыз), баспа өнімдеріне (6,8 пайыз), дәрі-дәрмектерге (7,3 пайыз), бензинге (4,5 пайыз), дизель отынына (8,1 пайыз) баға қымбаттауына байланысты.

Ал құрылыс материалдары 4,4 пайызға арзандады.

Құқылық қызметтерге баға деңгейі 9 пайызға, байланыс қызметіне — 3,4 пайызға, білімге — 5,6 пайызға, денсаулық сақтауға — 5,3 пайызға, мейрамханаларға — 7,6 пайызға, теміржол көлігіне 0,4 пайызға қымбаттады.

Тұрғын үйлер қызметтері 11,9 пайызға өсті, оның ішінде ыссы су — 20,4 пайыз, электр энергиясы — 10 пайыз, жылу энергиясы –20 пайыз.

Қаржылық табыс. Жалақы

Халықтың бір жан басына шаққандағы атаулы қаржылық табыстар 2010 жылдың тамызында 2009 жылдың тамызымен салыстырғанда 18,1 пайыз жоғары болып, 38890 теңге құрады, нақты қаржылық табыстар аталған кезеңде 10,8 пайыз өсті.

2010 жылдың  тамызында  қызметкерлерге есептелген  орташа  айлық атаулы жалақы 73320 теңге құраса, 2009 жылдың тамызына өсім 18,6 пайыз болды. Нақты жалақы индексі 111,2 пайыз құрады.

Жалдамалы қызметкерлер жалақысының өсуі 2010 жылдың тамызында 2009 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда  ақпарат және байланыс саласынан  басқа  экономикалық қызметтің барлық түрлерінде белгіленіп отыр.

Өткен жылмен салыстырғанда   төмендегі  қызмет түрлерінде  жалақы тез қарқынмен  өсуде: жылжымайтын мүлікпен операциялар (31,7 пайыз), денсаулық сақтау саласы (23,9 пайыз), білім (26 пайыз), мемлекеттік басқару (33,1 пайыз).

Өнеркәсіп  қызметкерлерінің жалақысы 17,8 пайыз, ауыл шаруашылығында —9,6 пайыз, құрылыста — 12,6 пайыз, саудада- 12,7 пайыз, көлік және қоймада –14,8 пайыз өсті.

Ең жоғарғы жалақы төмендегі қызмет түрлерінде белгіленіп отыр:

  • көлік және қойма — 109620 теңге;
  • кен өндіру өнеркәсібі — 107635 теңге;
  • кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет — 102015 теңге;
  • қаржылық және сақтандыру қызметі — 98263 теңге;
  • ақпарат және байланыс  — 88043 теңге;

Ең төменгі жалақы төмендегі қызмет түрлерінде белгіленіп отыр:

  • ауыл шаруашылығы — 30015 теңге;
  • білім беру —  51922 теңге;
  • денсаулық сақтау — 56644 теңге;

Сонымен, әртүрлі қызмет саласындағы жалақы деңгейлері арасындағы елеулі саралылық сақталып отыр. Ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің үлесінде — облыс бойынша көрсеткіштен 40 пайыздан жоғары.

2010 жылғы 2 тоқсанда  жұмыссыздар саны 21,9 мың адам құрады, жұмыссыздық деңгейі  2009 жылғы ІІ тоқсандағы 6,1 пайызға қарсы 5,5 пайыз құрап отыр.

Жұмыссыздар ретінде жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыздар саны 2010 жылдың қыркүйек айының аяғына 1,8 мың адам немесе экономикалық белсенді халық санының 0,4 пайызын құрады.

11,3 мың сәби қосылды

Демографиялық жағдайдың дамуында  ағымдағы жылы оң бетбұрыстар сақталуда. 2010 жылдың 1 қыркүйегіне халық саны алдын-ала есептер бойынша 724,1 мың адам құрады және жыл басынан 0,7 мың адамға өсті. Бұл дүниеге келгендер санының өсуіне және халық өлімінің төмендеуіне байланысты.

Қалалық  жерлерде 395,4 мың адам (жалпы санның 54,6 пайызы), ал ауылдық жерлерде 328,07 мың адам (45,4 пайыз) өмір сүруде.

2010 жылдың қаңтар-тамызында облыс территориясында 11,3 мың бала өмірге келді, 4,1 мың адам қайтыс болды, халықтың табиғи өсімі 7,2 мың адам құрады.

Халықтың жалпы туу коэффициенті 2010 жылдың қаңтар-тамызында халықтың 1000 адамына шаққанда облыс бойынша туғандарды есептегенде 23,41 құрады (өткен  жылдың сәйкес кезеңінде — 23,10).

Халықтың жалпы өлім коэффициенті 8,51-ге қарсы 8,48, табиғи өсім коэффициенті 14,90-ға қарсы 14,62 құрап отыр.

2010 жылдың қаңтар-тамызында облыс бойынша тіркелген жалпы некелер саны — 4474, ажырасулар — 1263.

Облыстық  статистика департаментінің мәліметтері бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button