Әлеумет

Сауатты болу міндетің!

Қаржы

Ақпараттық білім беру орталықтары барлық қалаған адамға қаржы білімдерінің негіздерін үйретеді

Қазақстан Республикасы Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі (АӨҚО ҚРА) ҚР халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша 2007-2011 жылдарға арналған Бағдарламасы шеңберінде қаржы және қор нарығы негіздері жөніндегі мақалалар топтамасын жариялауды жалғастырады.

«…Мені өмір сүруге үйретпеңіз, маған материалдық жағынан көмектесіңіз!». Оскар сыйлығын иеленген әйгілі кеңестік фильмнің бір кейіпкер әйелі осылай дейтін. Бірақ уақыт оның ұранына біршама түзету енгізді. Қазір мыңдаған адам мамандарға «мені мұқтажсыз өмір сүруге үйретіңіз» деп айтуға дайын. Өзінің капиталын арттыруды армандайтын тұлға бастаушы инвесторға арналған кітаптар мен нұсқауларға жүгінуге де әзір.

Бай болуды қалайтындар үшін мынадай телефон байланысы бар: 8 800 080 01 77. Бұл телефон нөмірін АӨҚО ҚРА халықтың қаржы сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы ашып қойды. Бұл кез келген қазақстандық үшін тегін әрі қолжетімді жедел телефон желісі.

— Кітап пен кітапшалардың, телехабарлардың, газет мақалаларының өзіндік оң жақтары көп және ол қаржы сауаттылығын арттыруға байланысты жұмыстың ажырамас бөлігі. Бірақ адамға жиірек тікелей әңгімелесу немесе керісінше, жеке кеңес алу қажеттігі артып келеді, — дейді «АӨҚО» АҚ ақпараттық-білім беру жұмысы басқармасы бастығы Әсел Нұрғазина.  — Өйткені кітапқа не газетке қоя алмайтын қарапайым сауалдарға ол жауапты ауызба-ауыз естиді. Сондықтан, қоғамдық акциялар ұйымдастыру, БАҚ арқылы жұмыс жасаумен қатар, біз қазақстандықтармен жедел телефон желісі арқылы әңгіме жүргіземіз. Немесе АӨҚО-ның қазіргі күні бүкіл Қазақстан бойынша қызмет ететін ақпараттық-білім беру орталықтарына (АБО) шақырамыз.

Бүгінгі күні еліміздің барлық облыс орталықтарында және Алматы, Астана қалаларында АӨҚО-ның  18 ақпараттық-білім беру орталығы (АБО) біздің азаматтарымызбен жұмыс жасауда. Осында дүйсенбі-жұма аралығында тұрақты түрде тегін біліми кеңес берулер, семинарлар, түрлі акциялар жүргізіледі. Сондай-ақ осындай іс-шаралар білімді клиенттердің пайда болуына мүдделі біздің серіктестер мен қаржы нарығының қатысушыларымен бірлесе отырып ұйымдастырылады. Мәселен, «АӨҚО АБО-дағы ашық есік күндері» сияқты акцияны Алматының бірқатар қаржы және қоғамдық ұйымдары қолдады. Немесе «Республика» ЖЗҚ-мен бірлесе отырып Қазақстанның 17 қаласындағы ақпараттық-білім беру орталықтарында бір мезгілде өткен «Зейнетақы инвестициясы күні» акциясы осыған мысал бола алады. Акцияға 11 жинақтаушы зейнетақы қоры қатысып, акцияға келушілер зейнетақы жарнасы мен төлемі, жаңа жеке идентификациялық нөмір жүйесіне көшу, ЖЗҚ инвестициялық қызметіне қатысты сұрақтар бойынша мамандардан кеңес алды.

АӨҚО АБО қызметі 2007 жылдың желтоқсанында басталып, екі жарым жылдың ішінде өз аудиториясына қол жеткізді. Орталықтар «Қазпошта» АҚ-ның трансфер-агенттік секторлары (ТАС) негізінде қызмет етеді, ал олардың нақты мекен-жайы, байланысы, үйлестірушілердің фамилиясы мен жұмыс жасау уақыты жөнінде www.rfca.kz және www.fingramota.kz сайттарынан таба аласыз. Орталықтардағы дәріскерлер мен кеңес берушілер «АӨҚО Академиясы» АҚ-да дайындықтан өткен мамандар мен қаржы мекемелерінің қызметкерлері болып табылады. Кез келген қалаған адам осында өз сұрақтарымен келіп, қажетті кеңес алып, өз сауалдарына жауап таба алады.

АӨҚО АБО – кәсіби мамандарды толықтай дайындап шығаруға бағытталған оқыту мекемесі емес, алайда мұнда ең қарапайым қаржы операцияларын жүзеге асыру бойынша кез келген адамға қажетті бағыт беріледі.

Статистика көрсеткендей, АӨҚО АБО семинарлары мен жеке кеңес берулеріне 18 жастан бастап 60 жасқа дейінгі түрлі жас мөлшеріндегі тұлғалар келеді. Оның аудиториясы бірте-бірте кеңеюде: егер 2008 жылы лекция мен семинарларға 35 мың адам қатысқан болса, 2009 жылы АӨҚО АБО-ға келушілердің саны 176 мың адамды құрады.

АБО-да қарастырылатын тақырыптар, ең бастысы, мәліметті ұсыну нарыққа жаңадан келген тұлғаларға бейімделіп, бағытталған. Дәріс тыңдаушылар «Қор нарығы: негізгі түсініктер мен терминдер», «Акция мен облигациялар түсінігі және олардың түрлері», «Жарналық инвестицияның ерекшеліктері», «Инвестор құнды қағаздарды сатып алу кезінде не білгені жөн»,  «Банктер және банк депозиттері» тақырыптары бойынша ақпарат ала алады. Ал дайындығы жоғары тыңдаушылар үшін біршама күрделі келесі тақырыптар ұсынылады: «Құнды қағаздар интернет-трейдингі», «Акционерлік қоғам», «Биржа деген не?», «Қаржы нарығындағы тәуекелдер», «Туынды құнды қағаздардың негізгі түрлері және хеджинг жасау түсінігі», «Компанияларға неліктен сенуге болады: қор нарығындағы листинг рәсімі», «Компания және құнды қағаздар жөнінде ақпаратты қалай дұрыс оқу қажет».

Халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржы сауаттылығын арттыру бағдарламасы шеңберінде отбасы бюджетін қалай басқару қажет, қарызға өмір сүру деген не, қамсыз қарттыққа жету мүмкін бе, тұтынушыны қорғау қалай орындалады, инвестор болу деген не және өзіңіздің бірінші қаржыңызды қалай табуға болады, сондай-ақ, қаржы қызметтерін алу кезінде алаяқтықтың қалай алдын алуға болады деген секілді барлық заманда өзекті болып табылатын тақырыптарға арналып білім беруші лекциялар жүргізіледі.

Жалпы, физикалық тұлғаларға арналған білім беру бағдарламасына 20-дан аса тақырып енген. Білім беру семинарлары үш кезең бойынша өткізіледі. Ал үйде тақырыпты бекіту мақсатында таратылатын материалдар халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржы сауаттылығын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде тегін беріледі.

Жалпы алғанда, білім алу ешқашанда кеш емес, ал семинарлар, дәрістер мен кеңес берулерге кешігу мүмкін емес, өйткені АӨҚО АБО тыңдаушылар тобы үнемі жаңартылып отырады.

А.МЫРЗАҒАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button